Домбыра күні қандай мәдени іс-шаралар өтеді

4 шілде сағат 11:00-де Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Ұлттық домбыра күніне арналған онлайн форматта мерекелік концерт өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Концерт QAZAQSTAN телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Концертте Құрманғазы атындағы Қазақ академиялық халық аспаптар оркестрі, Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» этнофольклорлық оркестрі, Тәттімбет атындағы академиялық филармониясының халық аспаптарынан құралған жиынтық оркестр мен еліміздің дәстүрлі өнерпаздары сахнаға шығады.

Ұлттық домбыра күнінде республикамыздың 17 өңірінен келген Тәуелсіздік құрдастарынан құралған 30 домбырашы Тәуелсіздіктің мерейлі 30 жылдығына күйден шашу шашады.

Қала тұрғындары мен қонақтарына алғаш рет Домбыра күніне арнайы сыйлық ретінде ЕХРО орталығы алаңында күй мектептерінің көрнекті тұлғаларының күйлерін ұялы телефонмен QR-код арқылы жүктеп алып тыңдауға болатын ақпараттық стендтер орнатылады.

ЕХРО орталығы алаңында аспан астындағы сахнада Қазақстанның еңбек сіңірген артистері Секен Тұрысбеков, Айгүл Үлкенбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Батыржан Мықтыбаев, Нұркен Әшіров сынды дәулескер күйшілеріміз атақты күйші бабаларымыз Құрманғазы, Қазанғаптан бастап Қазақстан композиторларының күмбірлеген күйінен шашу шашып, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Рамазан Стамғазиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Сәуле Жанпейісова, Елмұра Жаңаберген, Ардақ Балажанова, Ерлан Рысқали сынды күміс көмей әншілеріміз әуелете ән шырқайды. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» атты ән мен күй төгілген концертімізде жас орындаушылар – халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары өнер көрсетеді. Сонымен қатар концерт аясында өңірлерден келген танымал домбыра шеберлеріне Мәдениет және спорт министрлігі атынан алғыс хат пен мерекелік кәдесый табыс етіледі.

Еске салсақ, бүгін қазақстанықтар Ұлттық домбыра күні атап өтуде. 2018 жылдан бері шілденің алғашқы жексенбісі қазақтың төл аспбының күні ретіне тойланып келеді.

Back to top button