Бәйгі берем жығылған палуанға да

Бәйгі берем жығылған палуанға да

Бәйгі берем жығылған палуанға да
ашық дереккөзі
Биылғы маусым айының соңғы үш күнінде Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, «Бесшоқы» спорт кешенінде қазақ күресінен 2006 -2007 жылы туған жасөспірімдер арасында қазақтың талантты ақыны Төлеген Айбергеновты еске алуға арналған ІІІ дәстүрлі республикалық турнир болып өтті. Турнир Мұнайлы ауданы  әкімдігінің бастамасымен, Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының және қазақ күресі федерациясының қолдауымен, «Байтақ мекенім» қоғамдық қорының демеушілігімен ұйымдастырылды. Турнирге Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстарынан  барлығы 150-ге жуық балуан қатысты. Шараның ашылу салтанатында ақынның өлеңдерінен үзінділер оқылып, өлеңдеріне жазылған әндер орындалды. Сонымен қатар, ашылу салтанаты басталғанда «Қазақстан барысы» республикалық додасына Маңғыстау облысынан қатысатын Жарылғапов Нұрдәулет пен  Таңатов Жасұланға ауыл ақсақалы  Лепес қажының ақ батасын алып, үлкен жарысқа палуандарды аттандыру рәсімі  жасалды. Турнир карантин талаптарына сәйкес жоғары деңгейде өтті. Жарыс нәтижесінде 40  жүлде, яғни 10 салмақ дәрежесі бойынша 40 медаль сарапқа салынды. Нәтижесінде, Маңғыстау облысы 25 жүлде, оның ішінде 5 алтын, 5 күміс, 15 қола медалды еншіледі. Шымкент қаласы 2 алтын, 1 күміс медалға ие болса, Ақтөбе облысы  1 алтын, 1 күміс, 2 қола медалді қанжығасына байлады. Сондай-ақ, Қызылорда, Жамбыл облыстары 1 алтын, 1 күміс, 1 қола медалға ие болса, Алматы қаласы 1 күміс, Нұр-Сұлтан қаласы 1 қола медалға қол жеткізді. ЖАРЫС ЖЕҢІМПАЗДАРЫ: Әділ Ерлан (38 кг,  Маңғыстау), Құрбанбаев Жалал (42 кг, Маңғыстау), Жақсыбай Әли (46 кг, Қызылорда), Бескемпір Жалғас (50 кг, Жамбыл), Құрманәлі Бектөре (55 кг, Шымкент), Мұңал Есен (60 кг, Маңғыстау), Садыков Бейбарыс (65 кг, Ақтөбе), Боранбай Нұрдәулет (70 кг, Маңғыстау), Сағынғалиев Жасұлан (75 кг, Маңғыстау), Шалғынбай Нұрасыл (+75 кг, Шымкент). Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне диплом, медальдармен қоса ақшалай сертификаттар табысталды, сонымен бірге жеңімпаздардың бәрі Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне кандидат спорттық разрядына ие болды. Осымен үшінші рет өткізіліп отырған ақиық ақын Төлеген Айбергеновты еске алуға арналған қазақ күресінен жасөспірімдер арасындағы республикалық турнирін өткізу идеясының авторы және негізгі ұйымдастырушысы − қазақ күресінен Мұнайлы ауданының аға жаттықтырушысы Қайрат Иманғазиев. Турнирдің бас төрешісі Халықаралық дәрежедегі төреші Берік Сыдықов. Төлеген Айбергеновты еске алуға арналған турнирді қолдап, демеушілік жасауға Алматы, Құлсары, Ақтау, Жаңаөзен қалаларынан және Қарақия, Мұнайлы, Бейнеу аудандарынан, жеке азаматтар, кәсіпкерлер мен қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысты. Олардың арасында «Байтақ мекенім» қоғамдық қорының төрағасы Сабит Тоқымбетов, қақылдастар алқасының төрағасы Сали Абдуллаев, Қазақстан Республикасы сот саласының ардагері, Ақын Төлеген Айбергенов шығармашылығы мен оған арналған шаралардың қолдаушысы, Алматы қаласынан арнайы келген белгілі заңгер Адайбек Беймбетов, Ардагер теміржолшы, Қазақстан Республикасының құрметті ардагері,  Журналистер одағының мүшесі, Мұнайлы ауданының құрметті азаматы Амандық Алдаберген бар. Ұлттық поэзиямызда үлкен орны бар қазақтың аса талантты ақыны Төлеген Айбергеновтің құрметіне арналған қазақ күресінің турнирі келер жылдарда да жалғасын таба бермек.    width=

ТӨЛЕГЕН АЙБЕРГЕНОВ

 

СӘЛЕМ САҒАН, ҚАЖЫМҰҚАН

  Заңғар таулар жотасын, Мен өзіңе ұқсатам. Танымайтын атасын Сәлем саған Күш-атам!   Келдік туған жеріңе, Қадіріңді ел білсін деп. Жатқан шығар сенің де Көкірегің дүрсілдеп.   Пернеге ән боп енбеген Шулағанда мынау бақ, Орыныңнан сом денең Түскен шығар бір аунап.   Күтіп талай батыр сын, Деп тұрғанда белдесем, Қалай сыйып жатырсың Мына қара жерге сен?!   Бар кезіңде түп-түгел, Шығыс пенен Батыс ең. Бүгін де бұл шайқастың Шаң суырған аты сен.   Сан жыл мынау қыр елін Жүрегіңде тербеп ең. Ақ екен ғой жүрегім Өлгеніңе сенбеген.  

АЙҚАС АЛАҢЫНДА

  Бүгін темір дөңінде Темір жілік палуандар. Қажымұқан елінде Қажымайтын арман бар.   Міне дария, міне қыр Балуан аты түр есте. Толы бүгін мына өмір, Тоқталмайтын күреске!   Үн келеді бір өктем, Асау әрбір жүректен. Ән еседі сусылдап Әбілсейіт-білектен.   Жоқ ерлерде кеміс те, Сарт та, сұрт кеп ұстасқан. Күңіренген жеңіске Қиқулайды құсты аспан.   Жандар да бар құлаған, Темір үзген тепкенде. Толы бүгін мына алаң, Мақтаныш пен «әттеңге». 1965 ж.