Емшара кабинетінде камера жоқ, вакцина алғаны жөнінде жалған паспортқа "тапсырыс" беретіндер бар

Емшара кабинетінде камера жоқ, вакцина алғаны жөнінде жалған паспортқа "тапсырыс" беретіндер бар

Емшара кабинетінде камера жоқ, вакцина алғаны жөнінде жалған паспортқа "тапсырыс" беретіндер бар
ашық дереккөзі
Денсаулық сақтау министрлігі вакцина алғаны жөнінде жалған паспорт жасатуға ұмтылатындардың бар екендігін жоққа шығармайды. «Кей адамдар вакциналау туралы электронды паспорт сатып алуға да өтініш білдірген. Жеке азаматтар да әлеуметтік желілерге және денсаулық сақтау министрлігіне жүгініп, вакциналау паспортын сату фактілері болғанын айтты. Біз өз тарапымыздан ақпараттық жүйе тұрғысынан деректердің дұрыстығына қараймыз. Қалай болғанда да медицина ұйымының қызметкерлері деректерді ақпараттық жүйеге енгізеді. Бұл – олардың жауапкершілігі. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар деңгейінде кім және қалай сатқанын анықтау бойынша жұмыс жүргізілуде. Әзірге бүкіл ел бойынша мәлімет жинақтаған жоқпыз», – деді ҚР ДСМ электрондық денсаулық сақтауды дамыту департаментінің директоры Бейбіт Есенбаев. Денсаулық сақтау министрлігі өкілінің айтуына қарағанда қандайда бір сыйақы ұсынып, вакцина алғаны жөнінде паспортқа қол жеткізгісі келетіндер бар. Жалған паспорт пен жасанды паспорттың айырмашылығын анықтау қиын. «Мұнда айырмашылығын табу  мүмкін емес. Өйткені, вакцинаны жасаған дәрігерге ақпараттық жүйе заңды түрде қолжетімді және осы деректерді енгізе алады. Бұл да – оның медициналық ұйымның қызметкері ретіндегі жауапкершілігі. Жалған деректерді енгізгені үшін де белгілі бір жауапкершілік қарастырылған», – деді маман. Департамент директоры жалған паспорттарға қатысты ақпараттық жүйеде деректерді кім, қашан жүргізгені тексеріліп жатқанын айтты. Қате ақпарат енгізу фактілері медицина ұйымдары мен денсаулық сақтау басқармасы деңгейінде де анықталуға тиіс. «Жергілікті жерлерде адамдарға вакцинаның шынымен салынып жатқанын тексеру керек. Қазір емшара кабинетіне камера орнату бойынша талаптар жоқ, бірақ біз бұл мәселені қарастырып жатырмыз», - деп жауап берді Б.Есенбаев.