Әскери журналистиканың майталманы

Әскери журналистиканың майталманы

Әскери журналистиканың майталманы
ашық дереккөзі
Еліміздің әскери саласындағы әр істің жөнін білер азаматтар жеткілікті. Бірі – темір мінезді командир, бірі – тәлімді тәлімгер, біреуі – қарымды қаламгер. Осылай сай саланы ағытып, жалғастыра беруге болар. Дегенмен де қалам мен қаруды қатар алып жүрген әскери тілшілер саусақпен санаулы. Оның ішінде әскермен қоғамды дәнекерлей білген тісқаққан мамандар тіпті жоқтың қасы. Осындай құқықтық тәртіп пен қоғаммен байланысты алтын көпірдей жалғастырып жүрген азаматтың бірі – полковник Қуаныш Әбілмәжінұлы Қожахметов сондай таңдаулы мамандардың қатарында. Атақты бабамыз Бұхар жырау:  «Тартпай тумас негізге»,– деп айтқандай, әр адамның тұлға болып қалыптасуы, туған өлке, қоршаған орта, отбасында алған тәлімге етене байланысты. Қару асынған қаламгердің тұрпатын тану үшін бүгінгі әңгімемізді  оның балалық шағы мен туған өлкесінен бастағанды жөн көрдік. Кейіпкеріміз 1962 жылы 10 сәуірде бұрынғы Көкшетау облысы Володар ауданы (СҚО Айыртау ауданы) Қызыл-Әскер, бүгінгі Құмтөккен ауылында  дүниеге келген. Осы ауылдан Ұлы Отан соғысына сексенге жуық жігіт аттанып, жартысынан көбі майданнан оралмаған.  Соғыстан қайтпаған боздақтардың құрметіне ауылдың аты Қызыл-Әскер деп өзгертілген екен.  Әкесі Әбілмәжін тыл ардагері, ауылдың мал дәрігерлігінде еңбегі сіңген азамат балаларында осы жолда тәрбиелеуді жөн көрген.  Ұлы Отан соғысынан кейін әскер қатарына шақырылып, сұрапыл соғыстан кейінгі КСРО шаруашылықтарын аяғынан тұрғызуға еңбек еткен.  Кейін елге оралған соң, отбасын құрып, колхоздың көркеюіне көп үлес қосады. Анасы Дариха Қаппасқызы – «Алтын алқа» иегері, ардақты ана.     Қуаныш Әбілмәжінұлы 9 балалы отбасында өскен. Үйіндегі үш ұлдың үлкені болған Қуаныш жастайынан кішілерге қамқор болып өседі. Бәлкім, адамға деген бауырмалдық сезімі осыдан болар. Мектепте 8-сыныпты аяқтасымен, кейіпкеріміз Солтүстік Қазақстан облысы, Покровка ауылында орын тепкен Лениндік ауыл шаруашылық техникумға түсіп, оны үздік көрсеткіштермен аяқтайды. Аталмыш оқу орнында көрнекті мемлекет қайраткері, Социалистік Еңбек Ері, ҚазКСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Бәйкен Әшімовтың оқығанын зор мақтанышпен айтады. 1981 жылы жас өренді Солтүстікте қабырғасы жаңа қаланған Целинный ауданына  жұмысқа жібереді. Екі ай еңбек етіп жүрген жерінен Отан алдындағы борышын өтеу үшін Кеңес әскерінің қатарына шақырылады. Отар қалашығындағы түрлі әскер мамандарын дайындайтын оқу дивизиясының танкілік полкында азаматтық борышын өтеу үшін жіберіледі. Оқу кезеңі аяқталып, әрі қарай Талдықорған облысының Панфилов елді мекеніндегі мотоатқыштар полкіне жол тартады. Сол жерде сауытты техникаға қатысты талай далалық жаттығуларды басынан өткізеді.  Тіпті, «Саксаул-82» құпия атпен белгіленген сауытты техника сынағына қатысқан. Алты айға созылған далалық оқу-жаттығу кезінде, Киев қаласы мен Қырғызстан, Түркменстан елдерінде қызмет атқарып үлгерген. Жаңартылған танкілерді сынау барысында үздік қырынан көзге түсіп, басшылық тарапынан аты-жөні жазылған алтын жалатылған сағат пен сол кездің өзінде қолға түспейтін «Москва-3М» электр ұстарасымен, сондай-ақ, қысқа мерзімді демалыспен марапатталған. Міне, қарапайымдылық пен еңбекқорлық қасиеті адамды алға тартатынының айқын белгісі. Күндер сырғып, жылдар жылжып қиындығымен қызығы қатар жүретін әскерлік өмір де аяқталды. 1983 жылы Отан алдындағы борышын абыроймен атқарған ол еліне оралады. Әскерден кейін, жұмыс табу оңай болды. Дені сау, тепсе темір үзетін жігітті кез келген мекеме жұмысқа қабылдайтын еді. Тіпті, өзі жұмысын бастаған Целинный ауданының да есігі ол үшін ашық еді. «Жақсы адамға бір кісілік орын бар» деген осы. Солай бола тұра, әскерде жүріп діттеген мақсаты, ойлаған арманы бар болатын. Бұл қанатты арманның атауы – жоғары білімді маман болу. Бәлкім, сондықтан болар болашағынан үміт күтер жас қолындағы құжаттарын жинап, Целиноград ауыл шаруашылық институтына  (С. Сейфуллин атындағы  аграрлық университет) оқуға тапсырады. Тегеуріні темір үзер талапты жас білімінің арқасында емтихандарды ойдағыдай тапсырып, аталмыш оқу орнының студенті атанады. Жалпы студент сөзінің өзі ізденімпаз, білім іздеген адамды меңзейтіні баршамызға аян. Қуаныш Әбілмәжінұлы алаулаған таңдарды, манаураған кештерді қарсы ала жүріп, білім жинайды. Сонымен не керек, оқуды  үздік дипломмен 1988 жылы бітіріп, туған ауданының «Карасевский», кейін Үкілі Ыбырай атындағы кеңшар болып ауыстырылған шаруашылыққа оралады. 1997 жылы еліміздің ауыл шаруашылықтар жеке меншіктің қолына өтіп, тарқатыла бастады. Заман басқа, заң басқа дегендей бұрынғы мамандардың қажеті кете бастады. Сондықтан сол жылы Ақмола қаласына көшіп кетеді. Араға бір жыл салып, жас маман ҚР ІІМ Ішкі әскердің 5570 әскери бөліміне қызметке орналасады. Міне, содан бері өмірі құқықтық тәртіп әскерімен етене байланысты. Әрине, бір дегеннен темірдей тәртіпті талап ететін әскери өмірдің талабына көндігу оңай емес. Сонда да, «Ақырын жүріп, анық бас» нақылын жанына серік еткен ол әскери қызметтің қыр-сырына бойлай бастайды. Әскери бөлімнің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімінің қатарында жүріп, өзін жаңа қырынан аша бастайды. Тәлімгер  - сөз мергені. Айтқан сөзің жауынгердің жүрегіне жетеді, не болмаса дара атылған оқтай алысқа кетеді. Сондықтан да сөзді дәл әрі дер кезінде айтқан жөн. Болмысынан зерек болған, өмірлік тәжірибесі бар офицер жеке құрамның жүрегіне жол таба біледі. Оның өзі – көп ізденістің нәтижесі. Әскери Жарғы талаптарын жаттап, оны сауатты түсіндіре білу әр сардардың қолынан келе бермейді. Сабырлылығы мен ішкі күштің арқасында әскери ұжымда және жауынгерлердің алдында үлкен беделге ие болады. «Бедел – сапасыз тауар, қымбат тұрады, тез бұзылады»,– деген екен әлемдік әдебиет классигі Оноре де Бальзак. Қаруластарының арасында беделді  болу бір бөлек те, оны сақтап әрі қарай дамыту тағы бір басқа. Әскери орта жалғандықты жақтырмайды. Жақсы сардар кәнігі хирург секілді. Өз білгенін дамыта беру керек. Полковник Қуаныш  Қожахметов сондай сардарлардың қатарынан. 1998 -2003 жылдар аралығында тәлімгерлік қызметін абыроймен атқарып, Бас қолбасшылыққа ауысады. «Әр адамның ішінде Жаратқан берген нәр болады. Оны біреулер талант дейді, бірі қасиет деп айтады», –деп М.Болк айтқандай, жазушылыққа деген икемі тайға таңба басқандай көрініп тұрды. – Бөлімде болып жатқан іс-шаралар жөнінде әскердің «Қалқан-Щит» атты газетіне заметкалар жіберіп тұратынмын. Бір күні газеттің бас редакторы полковник Виктор Фрайденберг телефон шалып, мені осы газетке тілші болуға шақырды. Оған себепші болған сол кезде газеттің қазақ бөлімін басқарған Сағидолла Көшімбаев ағамыз болды. Марқұм Сағидолла ағамыз өз ұлтының нағыз жанашыры болып, редакцияға қазақ тілді журналистерді тартып жүретін. Бас редакторымыз ең алдымен журналистика мамандығын алуым керек екенін алға тартты. Сөйтіп, «Сол кезде елордада жаңа ашылған              Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің сырттай бөліміне құжаттарымды тапсырдым. Екі жыл ішінде еліміздің қайраткер азаматы, белгілі этнограф, фольклорист ғалым,  жазушы-журналист Ақселеу Сейдімбек басқарған журналистика кафедрасының ұстаздары Гүлжауһар Болатова,  Сембай Қисымов, Амантай Шәріп, т.б. дәріс алып, журналист болып қалыптастым», – дейді  өткен жылдарға көз жүгірткен шәкіртіміз. Содан кейін 2003 жылы университетті «Журналистика» мамандығы бойынша үздік бітірген Қуаныш Әбілмәжінұлы бұрынғы ҚР Ішкі әскері, бүгінгі Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне ауысады. БАҚ –пен байланыс жөніндегі офицерден бастап, ақпараттық-баспа бөлімі «Қалқан» газеті редакциясы бастығының орынбасары лауазымына дейін көтеріледі. 2012 жылы Ресей Федерациясы Қорғаныс Министрлігі Әскери университетінің әскери журналистика факультетінде біліктігін жоғарылату курстарын өтіп, сол жылы ҚР Ұлттық ұланы баспасөз қызметінің бастығы болып тағайындалады. 2013-14 жылдары «Қалқан» газетінде кадр тапшылығы болған еді. Көнекөз тілшілер зейнетке шығып, кей жастар басқа ведомствоға ауысып кеткен еді. Осындай кемшін тұсты көрген басшылық газет редакциясын басқаруға полковник Қуаныш Қожахметовты тағайындайды. –2014 жылы, ол кезде тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар басқармасының бастығы полковник Мұхаметқали Сатовтың қолдауымен бас редактор лауазымына тағайындалдым. «Жалғыздын үні шықпас» деген сөз бар. Құқықтық тәртіп әскерінің газетін қайта өрлету қажет болатын. Сол жылдары және бүгінгі күнге дейін қолдау көрсетіп жүрген ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары болған генерал-майор Мұхаметқали Сатов (2020 жылы дүниеден озды), қазіргі тәлімгеріміз генерал-майор Әлібек Сералиев мырзаларға үлкен алғысымды білдіремін. Бүгінгі күні Олардың және қасымдағы қаруластарымның айқын қолдауының арқасында газет деңгейін қайта көтере білдік. Сондай-ақ, «Қалқан» газеті мен «Бүркіт» журналы басылымдары редакциясын басқарумен қатар әскердің қоғамдағы имиджін көтеру бойынша көп жұмыстар атқардық. Он жылдай әскердің ақпараттық-насихат тобының құрамында Қазақстанның түкпір-түпкірінде болып, бұрынғы Ішкі әскердің, бүгінгі Ұлттық ұланның қоғамдағы беделін көтеруге атсалыстық. Түрлі дөңгелек үстелдер, кездесулер, концерттік бағдамаларлар, бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттық жұмыстар жүргіздік, – дейді түлегіміз. Газет – қоғам айнасы. Әскери газет – қорғаныс айнасы. Ұлттық ұланның өркендеуін «Қалқан» газетінен көруге болады. Сонымен бірге, 2005 жылдан бастап «Бүркіт» журналы мен «Ішкі әскер жаршысы» шыға бастайды. Осының барлығында полковник Қуаныш Қожахметовтың ізі жатыр. Редакция газет және журналмен шектелмей әскер тарихына қатысты бірқатар туындыларды жарыққа шығара бастады. Соңғы жылдардың өзінде редакцияның шығармашылық тобы оннан аса, соның ішінде 1995 жылы тәжік-ауған шекарасында қаза болған Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерінің 17 жауынгерінің ерлігі туралы «Ерлікке тағзым», Ұлы Отан соғысы сұрапылына қатысқан аға буын ардагерлерді өнеге тұтуға арнап «Біз Жеңіс мұрагерлеріміз», Ішкі әскердің, бүгінгі Ұлттық ұланның қалыптасуы, дамуы жөнінде сыр шертетін «Құқық тәртібі әскерінің жылнамасы, адамдар, уақыт, оқиға», «Елбасы және Ұлттық ұлан» атты кітаптар жас ұрпақты елжандылыққа тәрбиеледі. Осындай үлкен көлемді шығармашылық еңбектің басы-қасында жүрген   полковник Қуаныш Қожахметов. Бүгінгі мақала кейіпкерінің тағы бір қыры – ұйымдастырушылық қабілеті. Ұлттық ұлан бригадалық басқару жүйесінен өңірлік қолбасшылық басқару жүйесіне ауысуына байланысты редакция штатынан тілшілік лауазымдар өңірлік қолбасшылыққа бөлініп, әр өңірлік қолбасшылықта және ҚР Ұлттық ұлан әскери институтында баспасөз хатшылары қызмет атқара бастады. Әр өңір өз деңгейінше Ұлттық ұлан имиджін жақсартуға үлес қосуда. Осындай игі істерді жүзеге асыру үшін кейіпкеріміз аянбады.  Сонымен қатар, Ұлттық ұлан денгейіндегі ірі шаралар БАҚ ақпараттық қолдауынсыз өтпеген. Бір қараған адамға бұл оңай шаруа болғанымен, білген адам үшін нар көтерер жүкпен тең. Әскердің өміріне қатысты оқиғаны қоғаммен үндестіре білу, бағыт сілтеу, жөн айту әскери баспа редакторының мол тәжірибесінен бастау алады. Осындай қажырлы еңбектің арқасында 2016  жылы  «Әскердегі құқық қорғау және заң қызметін үздік насихаттағаны үшін» әділет генерал-лейтенанты  Юрий Хитрин атындағы қоғамдық сыйлықтың жүлдегері атанады. Аталмыш сыйлық жыл сайын «Әскери заңгерлер альянсы» қоғамдық бірлестігі мен ҚР Бас әскери прокуратурасының ұйтқы болуымен тағайындалған болатын.  Бұл да болса, кейіпкеріміздің еңбегінің бағалануы. Сонымен қатар, журналистика саласындағы көп жылғы шығармашылық еңбегі үшін ҚР Журналистер Одағының мүшесі атанады. Қуаныш Әбілмәжінұлы 2017 жылы зейнеткерлікке шықса да әлі де Ұлттық ұланның «Қалқан» газеті мен «Бүркіт» ақпараттық-баспа бөлімінде тәлімгер тілші ретінде қызметін жалғастырып  келеді. Соңғы жылдарда әскер туралы деректі және көркемсуретті фильмдердің шығуына да  запастағы полковник Қуаныш Қожахметовтың тікелей қатысы бар. Оның бірі – «Алтыншы бекет» 2018 жылы жарыққа шықса, екіншісі – «Қазбат» атты фильм 2019 жылы түсірілді. Шынайы оқиға негізінде Ұлттық ұлан жауынгерлерінің ерлігі жайында түсірілген осы туындылардың басы-қасында да түлегіміздің жүргенін бірі білсе де бірі біле бермейді. Бүгінгі таңда Журналистика мамандығы бойынша өзі білім алып шыққан ұясы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультетімен де тығыз байланыста. Болашақ журналистермен кездесіп, тәжірибесімен бөлісуге ерекше ынталы. Соның жарқын бір дәлелі: биыл, яғни 2021 жылдың сәуір айының 15 жұлдызында  Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультетінде онлайн форматта осы жолдардың авторы (Журналистика және саясаттану факультеті деканының орынбасары Гүлжауһар Жамбылқызы Болатова) жетекшілік ететін «Көзқарас»  клубының ұйымдастыруымен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 25 жылдық мерейтойы аясында  «Әскери журналистика: кеше һәм бүгін» тақырыбында онлайн кездесу өткіздік. Журналистика және саясаттану факультеті деканының орынбасары Гүлжауһар Жамбылқызы кіріспе сөзінде университетіміздің айтулы түлегі Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, запастағы полковник, ҚР Ұлттық ұланы "Қалқан" газеті және "Бүркіт" журналының 2013-2017 бас редакторы, қазіргі кезде аға офицер-тілші, қызметкер,  Ю. Хитрин атындағы ақпарат саласындағы жүлденің иегері, ҚР әскери саладағы еңбегі  үшін он жеті медальмен марапатталған Қожахметов Қуаныш Әбілмәжінұлын қатысушыларға жақын таныстырып, қаламы қарымды білікті маманға шақыруды қабыл алғанына алғысын білдірді. Кездесу барысында студенттер әскери журналистиканың қыр-сырымен танысып,  осы саладағы басылымдар жайлы мол ақпарат алды. Әсіресе, «Отан сақшысы»,  «Сарбаз»,  «Бүркіт»,  «Қалқан»  басылымдарының шығу тарихы мен дамуы туралы Қ. Қожахметов баяндаған жан-жақты мәліметі факультет студенттері үшін өте қызықты ақпарат болды. Еліміздегі әскери басылымдардың жеткен жетістіктері мен бағындырған  асуларының біршама екендігіне білім алушылардың көзін  жеткізді. Тек басылымдар жайлы  ғана емес, ардагер журналистер туралы біраз сөз қозғалды. Өз ісінің білгірі, тәжірибелі журналист Қожахметов Қуаныш Әбілмәжінұлынан  студенттер өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды. Кеш соңында әскери журналистиканың майталманына жылы лебізімізді білдіріп, алдағы ісіне сәттілік тілеген едік. Шара әйгілі халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының: «Институт  - студенттерді тәрбиелеу аудиториясы, газет - халықты тәрбиелеу аудиториясы», – деген ұлағатты сөзімен қорытындыланды. Жалпы алғанда, полковник Қуаныш Қожахметовтің өмір жолы жастарға үлгі. Шығармашылық ұжымда сауатты редактор, әскерилер арасында беделді офицер, таныстарының арасында сенер дос, отбасында аяулы жар, өнегелі әке. Өмірлік жары Мағрипа Наурызбайқызы екеуі екі баланы тәрбиелеп, өсіріп отыр. Біз білген қару асынған қаламгер, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің мақтан тұтар түлегі Қуаныш Әбілмәжінұлы осындай, таныс жанға досындай!  

Гүлжауһар Жамбылқызы Болатова,

 Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

Журналистика және саясаттану факультеті

деканының орынбасары