Жаңалықтар

Мағауия Сарбасов қазақ диаспорасы және көші-қон саласын зерттейтін ғылыми институт ашуды ұсынды

ашық дереккөзі

Мағауия Сарбасов қазақ диаспорасы және көші-қон саласын зерттейтін ғылыми институт ашуды ұсынды

Бүгін Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Арғын Серғазыұлы, «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов және Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың бірінші проректоры Еркін Оңғарбаев үш жақты меморандумға қол қойылды. Меморандум мақсаты - шетелде Қазақстан білім көрмелерін ұйымдастырып, түрлі шараларды бірлесіп өткізу; шетелдегі ұлты қазақ білікті ғалымдар мен академиялық ғылым, ғылыми-зерттеу ұйымдарымен қарым-қатынас орнату және ғылыми байланыстарды нығайту; шетелдегі дарынды қазақ жастары арасында әр сала бойынша олимпиада, конкурстар ұйымдастыру; шетелдердегі қазақ диаспорасына қатысты жұмыстарды бірлесе атқару. «Қазіргі уақытта шетелде 6-7 миллион қандасымыз тұрып жатыр. Ел ішінде алыстағы бауырларымыз тұратын мемлекеттердегі саяси, экономикалық, мәдени және тағы басқа салалардағы ерекшеліктерді ғылыми тұрғыда қамтып, зерттеу жүргізетін орталық қажеттігі байқалады. Осы орайда, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың базасында «Қазақ диаспорасы, демография және көші-қон» саласын зерттейтін ғылыми институт ашуды ұсынамын», - дейді «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті Мағауия Қанапияұлы. Алдағы уақытта үш жақты келісім аясында жүйелі жұмыс жоспары құрылып, әр бағыт бойынша бірлескен жұмыс жүргізіледі. Жиын барысында айтылған ұсыныстар пысықталып, мәселені шешу жолдары қарастырылады. Әсіресе, қандас жастарға білім беру, ғылым саласындағы зерттеуші ғалымдар еңбегін насихаттау және жариялауға атсалысу, мәдени-гуманитарлық саладағы қызмет өнімділігін арттыруға бағытталады.