Жаңалықтар

Қате төленген әлеуметтік көмекті қайтармауға құқылысыз

Енді қазақстандықтар қате төленген әлеуметтік көмекті қайтармауға құқылы. Елімізде бүгіннне бастап Әкімшілік рәсімдік-процессуалды кодекс күшіне енді. Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлайды.

Әділет вице-министрі Наталья Панның сөзінше, жаңа кодекс азаматтарды билік органдарының заңсыз әрекеттерінен қорғайды. Мәселен, құқықтық шешімдердің күшін жоюдың ерекше тәртібі енгізіледі. Осылайша әрбір қазақстандық бір кездері қабылданған шешім заңды, дәйекті және оның күшін жоюға болмайтынына сенімді болуы керек. Тағы бір жаңа бастама  ол құқық басымдығы қағидатының енгізілуі. Енді заңнаманың күмәнді және түсініксіз тұстары, қайшылықтары қарапайым азаматтардың пайдасына шешілмек. Ал, Жоғарғы соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Қанат Мусин жаңа кодекстің нормалары қай уақытта қолданылатынын түсіндірді. Мысалы, әкімдік жер беруден бас тартып, азамат мұнымен келіспей, талап-арыз түсірсе, іс жаңа кодекспен қаралады.

Мәселен, бір азаматқа әлеуметтік көмек берілді делік. Алайда біраз уақыттан кейін тексеріс кезінде жәрдемақы артық төленіп қойғаны, мемлекеттік органның кінәсінен қате шешім қабылданғаны анықталды. Мұндай жағдайда өкілетті орган адал азаматтан жұмсалған ақшаны қайтаруды талап ете алмайды. Өйткені ол адамның еш кінәсі жоқ, – Әділет вице-министрі Наталья Пан.

Ал егер мемлекеттік органның өкілі қаралып жатқан сот отырысына бармай қойған жағдайда, жаза күшейтіледі. Енді, жаңа ереже бойынша мемлекеттік қызметкер сотқа келмесе немесе құжаттарды ұсынбаса фемида өкілдері 20 АЕК, яғни  58340 теңге көлемінде айыппұл салады. Ақша өндіріп алу соттың талабы орындалғанға дейін бірнеше рет қолданылуы мүмкін.

Back to top button