Жаңалықтар

Анасына ренжіген: Таразда 14 жастағы қыз дүкенге кетіп, қайта оралмаған

Таразда үйден кетіп қалған 14 жастағы жасөcпірім қыз табылды.

Тараз қаласы полиция басқармасының кезекші бөліміне облыс орталығының 34 жастағы жергілікті тұрғыны хабарласып, 14 жасар қызы хабар-ошарсыз кеткенін айтып жүгінген.

Әйелдің айтуынша, кәмелетке толмаған жасөспірім қыз дүкенге кетіп, қайта оралмаған.

Хабарламаны алған полицейлер толық құрамда көрсетілген мекенжайға жол тартты. Тәртіп сақшылары қыз бара алатын жақын маңдағы аумақтарды аралап, қажетті іздестіру іс-шараларын жүргізді. Жасөспірім қызды іздеуге еріктілер мен жанашыр тұрғындар қосылды.

Полиция қызметкерлері қабылдаған жедел іс-шаралар нәтижесінде жоғалған қыз Тараз қаласындағы көшелердің бірінен табылды. Белгілі болғандай, ол анасымен ұрысып, ренжіп үйінен кеткен.

Қыздың ата-анасы баласын аман-есен тауып берген полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді.

«Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2021 жылдың бес айында 82 жасөспірім үйінен кеткен, 10 дерек бойынша іздеу жұмысы жүргізілген. Олардың үйден кету себептері әртүрлі, оның ішінде ата-анасымен жанжалдасуына байланысты кетудің – 16 дерегі, ата-ананың бақылауынсыз қыдырудың – 16 дерегі және басқа себептермен байланысты – 50 дерек: адасып кету, ұзақ уақыт қыдыру немесе ата-анасына айтпай жақын туыстарына кетіп қалу. Барлық жасөспірім табылып, үйіне қайтарылды, оларды заңсыз ортаға тарту деректері анықталған жоқ», – деді ПД ЖПҚБ бастығы Рахымберді Әшкеев.

Back to top button