Túrkіstan – тәуелсіздіктің төл басылымы

Túrkіstan – тәуелсіздіктің төл басылымы

Túrkіstan – тәуелсіздіктің төл басылымы
ашық дереккөзі
Тúrkіstan халық­ара­лық апталығы елі­міз­де 2017 жылдан бері өт­кі­зіліп келе жатқан баспа, радио және ин­тернет-журналистика саласындағы ең беделді URKER-2021 ұлттық сыйлығының «Жылдың үздік газеті» аталымы бойынша жеңімпаз атан­ды. Бұл − 27 жылдан бері ақпарат саласында ұлттық мәселелерді кө­теріп, әрдайым мемлекеттік мүдде тұрғысынан үн қатып келе жатқан басылым үшін жоғары һәм лайық баға. Túrkistan газеті дегенде ең әуелі, қазақтың тұлғалы қаламгері, Қа­зақ­станның Халық жазушысы Қалтай Мұ­хамеджанов ойға оралатыны рас. Қала­ғаң шаңырағын көтерген басы­лым­да қазақ қаламгерлерінің айтулы буыны қыз­мет етті, бүгінгідей танымал, бай­сал­ды басылым болуына өлшеусіз үлес қос­ты. Өкінішке қарай, бүгінде сол алдыңғы тол­қын ағалардың қатары сиреді. Әуелі «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дей­тін қазақпыз ғой, басылымның негізін қа­лап, салмақты, салиқалы газет болып қа­­лыптасуына, елімізге ғана емес, халық­аралық ауқымда кеңінен танылуына өлшеусіз үлес қосқан марқұм Қалтай Мұ­хамеджанов, Әбілмәжін Жұмабаев, Нұр­қасым Қазыбеков, Әбірәш Жәмішев, Ди­дахмет Әшімханұлы секілді қалам­гер­лердің алдындағы қарыз бен парыздың сал­мағын саралай отырып, Túrkistan га­зе­ті ең беделді сыйлыққа ие болып жат­қан тұста аталған тұлғаларды еске алып, олардың рухына тағзым еткеніміз мақұл-ды. Қалағаңнан кейін Тúrkіstan газетінің бас редакторы болған Шәм­ши­дин Паттеев пен Жаңабек Шағатайдың да еңбегі өлшеусіз екенін айта кетуіміз керек. «Шеткі ауыл көшсе, ортаңғы ауыл шет болады» дейді қазақ. Бүгінде белгілі жур­налист Қуат Әуесбай басқаратын Túrkistan газетінде аға буынның ізін қуып, ісін жалғаған жаңа толқын жас­тар­дың шоғыры қалыптасты. Жалпы, қазір газетке, журналистикаға қойы­латын талап өзгергені рас. Ал дүние көз алдымызда ғарыштық жылдамдықпен жаңарып, өзгеріп отырған тұста қазіргі заманның талабын ескермей газет шы­ғару мүмкін емес. Осы орайда соңғы жыл­дарда интернет-журналистика да­мып, электронды басылымдар көбейген тұс­та дәстүрлі медиа да замана көшінен қал­май, уақыт ағымына ілесе әрекет ету жо­лында еңбектеніп жатқаны белгілі. Бұл жағынан алғанда Тúrkіstan газеті ұжымы бүгінгі аудитория сұра­ны­сын ескеріп, заманауи стильде жұмыс іс­теуге көшіп, газет тілшілері бұрынғыдай ма­териалды тек мәтін ретінде даярламай, көп­теген материалдың бейненұсқасын да қоса дайындап, сайтта жариялайды. Яғ­ни, редакция қызметкерлері өздері сце­нарий жазып, сол бойынша бейнесюжет жа­сап, телеарна журналисінің де міндетін ат­қара береді деуге болады. Бұдан бұрын әр апта сайын Túrkіstan газетіне елімізге бел­гілі азаматтар шолу жасап, олар газеттің YouTube-тегі арнасына жүктеліп, әлеу­мет­тік желілер арқылы таралып келсе, кейінгі кез­де «Шалқар» радиосынан апта сайын га­зет­ке шолу жасалып жүр. Бұл − кон­вер­гентті журналистиканың принциптеріне сай аудиториямыз үшін газетті тек оқып қана қоймай, оны естіп те, көріп те отыруға мүмкіндік жасау. 2020 жылдың басынан бастап Túrkіstan халықаралық газеті қан­дастарға арналған Atajurt жобасын бас­та­ған еді. «Nur Otan» партиясы, Дүниежүзі қа­зақтары қауымдастығы мен «Отандастар қоры» аталған жобаның маңыздылығын ес­керіп, қолдау білдіріп келеді. Жоба ая­сын­да газет тілшілері еліміздің түкпір-түк­пірін аралап, шетелден елге оралған қан­дастардың тыныс-тіршілігімен таны­сып, олар жайлы бейнесюжет дайындап, газетке мақала жазып, сайтта бейнежазбалар жа­рия­лап келеді. Осы жарияланған мате­риал­дар арқасында газетіміз қандастарға қатысты талай проблеманың оң шешілуіне ықпал етті. Газет осы еңбегі үшін «Отандас­тар қоры» мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Құрмет грамотасын да алғанын айта кету керек. Ал басылымның бас редакторы кәсіби мереке қарсаңында Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Дәурен Абаевтың қолынан еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары саласын дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін Мемлекет басшысының Алғысха­ты­мен марапатталды. Сондай-ақ газет әлемнің түрлі ал­пауыт компанияларында еңбек етіп, табысқа жетіп жүрген қазақ жас­тары­нан сұхбат алып, оларды елге кеңінен та­ныстырып отыр. Одан бөлек, шетелде Қа­зақстанға қатысты жылт еткен жақсы жаңа­лық болса, біздің басылым тілшіле­рі­нің назарынан тыс қалып жүрген жоқ. Мә­селен, Оңтүстік Кореядағы Хангук уни­верситетінің түлегі, кәріс қызының біз­дің газетке «Қазақ-кәріс сөздігін құрас­тыру­ға көмектесетін маман іздеймін» деген тақырыппен шыққан сұхбатынан кейін ел Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүс­тік Кореядағы еліміздің Төтенше және өкілетті елшісіне тапсырып, кәріс қызына арнайы хат жолдаған болатын. Онда Мем­лекет басшысы сөздік құрастыру үшін екі министрге тапсырма бергенін жазған. Осы­лайша, Túrkistan халықаралық газеті шет­елде қазақ тілінің мәртебесі асқақтай түсуі­не ықпал етті десек болады. Әрі тізе бер­сек, мұндай мысалдар жеткілікті. Биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай осы уақыт ішінде елі­міздің түрлі салаларында қол жеткен же­тістіктер мен кеткен олқылықтарды сара­лап, апта сайын екі бетіне сараптама, шолу материалдарын беріп отырған Тúrkіs­tan газеті бұл бағыт бойынша да өзі қатарлас басылымдар арасында алда ке­леді. 2019 жылдың қарашасында газет ре­дак­циясы Алматыдан Нұр-Сұлтанға қоныс аударды. Негізінен жас та жалынды жур­на­листерден құралған редакция ұжымы апта сайын газетке қызықты да салмақты ма­териалдар дайындаумен бірге газеттің turkystan.kz сайтына да маңызды ақпарат­тар жариялап, еліміздегі қазақтілді басы­лым сайттары арасында үздік үштікке енуі­не зор еңбек сіңірді. Қазір басылым сай­ты дербес ақпарат агенттігі есебінде күн­делікті 24 сағат үздіксіз ақпарат тара­тып, тәулігіне 20-30 мың адам оқитын ір­гелі ресурсқа айналды. Әлеуметтік же­лі­лерде де аудиториямен кері байланыс жүйелі жолға қойылып, басылымның рес­ми парақшаларының оқырмандары күн санап өсуде. Сонымен қатар биыл жыл басында Тúrkіstan газеті жинағы жарық көріп, оның тұсаукесері елордадағы зиялы қауым, БАҚ өкілдерінің қатысуымен Қа­зақ­стан Ұлттық академиялық кітап­ха­на­сында өтті. Ширек ғасырдан аса уақытта га­зетке шыққан ең үздік мақала-сұхбаттар топ­тастырылған кітап оқырмандардың қы­зығушылығын оятты. Бұл жинақ қазақ бас­пасөзін зерттеушілерге, студенттерге кө­мекші құрал болары сөзсіз. Аталған жи­нақтың электрон нұсқасы басылым сай­тына орналастырылып, ол жерден аз уа­қыт­тың ішінде 8 мыңға жуық адам жүктеп оқы­ған. Сонымен қатар жинақтың таныс­тыры­лымы рухани астанамыз Түркістан қаласында өтіп, онда кітаптың бірнеше да­на­сы Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің кітапханасына тап­сырылды. Міне, осындай талпыныстары арқасында Тúrkіstan халықаралық ап­талығы еліміздегі бірегей санаулы ұлт­тық басылымға айналып отыр. Газеттің бас редакторы Қуат Әуесбайдың айтуынша, Түркістан атауы түгел түркіге ардақты, та­нымал брендке айналған тұста Тúrkіstan га­зетіне деген сұраныс өспесе, еш кемімек емес. Жасыратыны жоқ, қазір көп басы­лым­ның таралымы азайып, «шықпа, жа­ным, шықпалап» отырған кезде Тúrkіstan газеті өз аудиториясын сақтап, үнемі оқыр­ман сұранысының үдесінен шығып келеді. Бүгінгідей керекті-керексіз мәлі­мет­тер­дің көптігі адамдарды рухани тұр­ғыда тұйық­қа тіреп жатқан ақпараттық техноло­гия дәуірінде Тúrkіstan секілді ұлт­тық басы­лымның ұлт мұраты, Отан мүд­десі жолында лайықты өреден көрінуі өте маңызды. Осы орайда URKER ұлттық сый­­лығын ұйым­дас­тырушы Ақпарат және қо­ғамдық даму ми­нистр­лігіне, Медиа да­мыту қорына, басы­лы­мымызды үздік деп танып, жүлдеге лайық көрген қазылар ал­қа­сына қалың оқырма­ны­мыздың аты­нан алғысымызды білдіреміз.  width= Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ, қоғам және мемлекет қайраткері, профессор: ЕЛЕНГЕН ЕҢБЕК ПЕН МАҢДАЙ ТЕРДІҢ ӨТЕУІ
– 1990 жылы Түркияға іс­сапармен бардым. Ел Прези­денті бастаған үлкен жиын болып, алты саланың министрі­мен жолығып, елден барған де­легацияны басқардым. Бірнеше облыстың басшылары шақырылды. Сол кезде алғаш рет Түркиядағы қазақ мәдениетінің күндерін өткіздік. Делегацияның ішінде Қалтай Мұхамеджанов ағамыз да болды. Түріктер бізді өте керемет қарсы алды. Барлық қаласын аралап, тарихи-мәдени жерлеріне табан тиді. Әуежайда «Бұл кездесуді көп аңсадық» деп сұхбат бердім. Осы сөзім газетке таралып кетіпті. Түрік баспасөзінің тыныс-тіршілігімен таныстық. Маған қатты әсер еткені «Заман» газеті болды. Халық сүйіп оқитын, таралымы жағынан көш бастап тұрған басылым екен. Газеттің позициясы мен мақалаларының өткірлігі, сыртқы кел­беті бәрі керемет үйлесім тауыпты. Түрік тілін білмесем де, бас редакторының өзі аударып, оқып берді. Сол жерде пікір айтып, елімізде филиалын ашуға ұсыныс білдірдім. Жарты беті қазақша, жарты беті түрікше етіп шығаруға бірауыздан келістік. Елге келіп, «Заман-Қазақстан» деген газетті жарқ еткіздік. Қалтай ағамды аттай қалап, бас редактор етіп тағайындадық. Кейін Қалағаң «Түркістан» газетін жарыққа шығарды. Содан бері көңілімнен де, көзімнен де таса болған жоқ. Ара-тұра өзім де мақала беріп тұрамын. Халықтың ықыласына бөленген, өте тың тақырыпты жазатын салмақты басылым. Тарихты да түгендеп, бүгінгі дәуірді де қамтып отыр. Кейбір басы­лымдар сияқты «ұрыншақ» емес. «Атына заты сай» бай­салды басылым деп айтуға болады. Түркістан қаласы қалай көркейіп жатса, газет те қанатын кең жайып, елдің іздеп оқитын баспасөзіне айналды. «Жылдың үздік газеті» аталымына әбден лайық. Бұл марапат еленген еңбек пен маңдай тердің өтеуі.
 width= Қайрат ИСАҒАЛИЕВ, Қазақстан дипломатиясының ардагері, «Құрмет» орденінің иегері: ИЕСІН ТАПҚАН МАРАПАТ
– Мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік қатысқан бұ­қаралық ақпарат құралдары бәйгесінде Túrkіstan газеті үздік шықты. Өзім естіп, қатты қуандым. Қазір халықаралық деңгейге шығып, қайта түлеп жатқан Түркістан қаласы болса, осы тарихи қаламен аттас болып, қазақ баспасөзінің беделін нығайтып жүрген – Túrkіstan газеті. Халықаралық деңгейде ауқымды мәселе көтеретін салиқалы басылым. Елбасы мен Мемлекет басшысының саясатын насихаттап, тың жаңа­лықтарды жариялап отырады. Шетелдегі қазақтардың тыныс-тіршілігін, әлем­дегі оқиғаларды қалт жібермей оқимын. Біз секілді шетелде қызмет еткен азаматтар ел жаңалықтарынан хабардар болып отыруы керек. Оған өзім дәлелмін. Қазір біздің салада жүрген жастар да елден хабар алып, ха­лықаралық басылымдарды оқиды. Газет ұжымына мың алғыс! Марапат кө­бейе берсін!
 width= Дәулеткерей КӘПҰЛЫ, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚЖО Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры: ҚАНДАСТАРДЫҢ ТАҒДЫРЫ – БАСЫЛЫМ НЫСАНАСЫ
– Urker-2021 ұлттық сыйлығын иеленген Túrkіstan газеті халықаралық апталығының ұжы­мын, қараорман оқырмандарын құттықтаймын! Қа­зақ­тың қабырғалы қаламгері Қалтай ағамыз ірге­сін қалап, ошағын маздатқан бұл апталық Тәуелсіздіктің 30 жылдық мұғ­дарында бүкіл қазақпен бірге жасасып келеді. Алматыда университет қа­бырғасында жүріп, жатақханаға жаздырып алып оқыған газетім үнемі жа­ныма жақын. Апталықтың 30 жылдық ғұмырында, әсіресе шекарадан тыс жатқан қандастар тағдырын назардан тыс қалдырмай, нысанаға алуы мені қуантады. Ұлттық мәселелерде, саяси шаруаларда да тек қазақтың ұпайын түгендейтін сүбелі де сүйекті мақалаларға орын берген басылым қа­зақ ұлтымен бірге жасай берсін. Шығармашылық ұжымға табыс тілеймін. Қа­ламдарыңыздан қасиет кетпесін, жанкешті журналистер!