Túrkіstan – тәуелсіздіктің төл басылымы
Túrkіstan – тәуелсіздіктің төл басылымы
Тúrkіstan халықаралық апталығы елімізде 2017 жылдан бері өткізіліп келе жатқан баспа, радио және интернет-журналистика саласындағы ең беделді URKER-2021 ұлттық сыйлығының «Жылдың үздік газеті» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Бұл − 27 жылдан бері ақпарат саласында ұлттық мәселелерді көтеріп, әрдайым мемлекеттік мүдде тұрғысынан үн қатып келе жатқан басылым үшін жоғары һәм лайық баға.
Túrkistan газеті дегенде ең әуелі, қазақтың тұлғалы қаламгері, Қазақстанның Халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов ойға оралатыны рас. Қалағаң шаңырағын көтерген басылымда қазақ қаламгерлерінің айтулы буыны қызмет етті, бүгінгідей танымал, байсалды басылым болуына өлшеусіз үлес қосты. Өкінішке қарай, бүгінде сол алдыңғы толқын ағалардың қатары сиреді. Әуелі «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейтін қазақпыз ғой, басылымның негізін қалап, салмақты, салиқалы газет болып қалыптасуына, елімізге ғана емес, халықаралық ауқымда кеңінен танылуына өлшеусіз үлес қосқан марқұм Қалтай Мұхамеджанов, Әбілмәжін Жұмабаев, Нұрқасым Қазыбеков, Әбірәш Жәмішев, Дидахмет Әшімханұлы секілді қаламгерлердің алдындағы қарыз бен парыздың салмағын саралай отырып, Túrkistan газеті ең беделді сыйлыққа ие болып жатқан тұста аталған тұлғаларды еске алып, олардың рухына тағзым еткеніміз мақұл-ды. Қалағаңнан кейін Тúrkіstan газетінің бас редакторы болған Шәмшидин Паттеев пен Жаңабек Шағатайдың да еңбегі өлшеусіз екенін айта кетуіміз керек.
«Шеткі ауыл көшсе, ортаңғы ауыл шет болады» дейді қазақ. Бүгінде белгілі журналист Қуат Әуесбай басқаратын Túrkistan газетінде аға буынның ізін қуып, ісін жалғаған жаңа толқын жастардың шоғыры қалыптасты. Жалпы, қазір газетке, журналистикаға қойылатын талап өзгергені рас. Ал дүние көз алдымызда ғарыштық жылдамдықпен жаңарып, өзгеріп отырған тұста қазіргі заманның талабын ескермей газет шығару мүмкін емес. Осы орайда соңғы жылдарда интернет-журналистика дамып, электронды басылымдар көбейген тұста дәстүрлі медиа да замана көшінен қалмай, уақыт ағымына ілесе әрекет ету жолында еңбектеніп жатқаны белгілі. Бұл жағынан алғанда Тúrkіstan газеті ұжымы бүгінгі аудитория сұранысын ескеріп, заманауи стильде жұмыс істеуге көшіп, газет тілшілері бұрынғыдай материалды тек мәтін ретінде даярламай, көптеген материалдың бейненұсқасын да қоса дайындап, сайтта жариялайды. Яғни, редакция қызметкерлері өздері сценарий жазып, сол бойынша бейнесюжет жасап, телеарна журналисінің де міндетін атқара береді деуге болады. Бұдан бұрын әр апта сайын Túrkіstan газетіне елімізге белгілі азаматтар шолу жасап, олар газеттің YouTube-тегі арнасына жүктеліп, әлеуметтік желілер арқылы таралып келсе, кейінгі кезде «Шалқар» радиосынан апта сайын газетке шолу жасалып жүр. Бұл − конвергентті журналистиканың принциптеріне сай аудиториямыз үшін газетті тек оқып қана қоймай, оны естіп те, көріп те отыруға мүмкіндік жасау.
2020 жылдың басынан бастап Túrkіstan халықаралық газеті қандастарға арналған Atajurt жобасын бастаған еді. «Nur Otan» партиясы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Отандастар қоры» аталған жобаның маңыздылығын ескеріп, қолдау білдіріп келеді. Жоба аясында газет тілшілері еліміздің түкпір-түкпірін аралап, шетелден елге оралған қандастардың тыныс-тіршілігімен танысып, олар жайлы бейнесюжет дайындап, газетке мақала жазып, сайтта бейнежазбалар жариялап келеді. Осы жарияланған материалдар арқасында газетіміз қандастарға қатысты талай проблеманың оң шешілуіне ықпал етті. Газет осы еңбегі үшін «Отандастар қоры» мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Құрмет грамотасын да алғанын айта кету керек. Ал басылымның бас редакторы кәсіби мереке қарсаңында Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Дәурен Абаевтың қолынан еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары саласын дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін Мемлекет басшысының Алғысхатымен марапатталды.
Сондай-ақ газет әлемнің түрлі алпауыт компанияларында еңбек етіп, табысқа жетіп жүрген қазақ жастарынан сұхбат алып, оларды елге кеңінен таныстырып отыр. Одан бөлек, шетелде Қазақстанға қатысты жылт еткен жақсы жаңалық болса, біздің басылым тілшілерінің назарынан тыс қалып жүрген жоқ. Мәселен, Оңтүстік Кореядағы Хангук университетінің түлегі, кәріс қызының біздің газетке «Қазақ-кәріс сөздігін құрастыруға көмектесетін маман іздеймін» деген тақырыппен шыққан сұхбатынан кейін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Кореядағы еліміздің Төтенше және өкілетті елшісіне тапсырып, кәріс қызына арнайы хат жолдаған болатын. Онда Мемлекет басшысы сөздік құрастыру үшін екі министрге тапсырма бергенін жазған. Осылайша, Túrkistan халықаралық газеті шетелде қазақ тілінің мәртебесі асқақтай түсуіне ықпал етті десек болады. Әрі тізе берсек, мұндай мысалдар жеткілікті.
Биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай осы уақыт ішінде еліміздің түрлі салаларында қол жеткен жетістіктер мен кеткен олқылықтарды саралап, апта сайын екі бетіне сараптама, шолу материалдарын беріп отырған Тúrkіstan газеті бұл бағыт бойынша да өзі қатарлас басылымдар арасында алда келеді.
2019 жылдың қарашасында газет редакциясы Алматыдан Нұр-Сұлтанға қоныс аударды. Негізінен жас та жалынды журналистерден құралған редакция ұжымы апта сайын газетке қызықты да салмақты материалдар дайындаумен бірге газеттің turkystan.kz сайтына да маңызды ақпараттар жариялап, еліміздегі қазақтілді басылым сайттары арасында үздік үштікке енуіне зор еңбек сіңірді. Қазір басылым сайты дербес ақпарат агенттігі есебінде күнделікті 24 сағат үздіксіз ақпарат таратып, тәулігіне 20-30 мың адам оқитын іргелі ресурсқа айналды. Әлеуметтік желілерде де аудиториямен кері байланыс жүйелі жолға қойылып, басылымның ресми парақшаларының оқырмандары күн санап өсуде.
Сонымен қатар биыл жыл басында Тúrkіstan газеті жинағы жарық көріп, оның тұсаукесері елордадағы зиялы қауым, БАҚ өкілдерінің қатысуымен Қазақстан Ұлттық академиялық кітапханасында өтті. Ширек ғасырдан аса уақытта газетке шыққан ең үздік мақала-сұхбаттар топтастырылған кітап оқырмандардың қызығушылығын оятты. Бұл жинақ қазақ баспасөзін зерттеушілерге, студенттерге көмекші құрал болары сөзсіз. Аталған жинақтың электрон нұсқасы басылым сайтына орналастырылып, ол жерден аз уақыттың ішінде 8 мыңға жуық адам жүктеп оқыған. Сонымен қатар жинақтың таныстырылымы рухани астанамыз Түркістан қаласында өтіп, онда кітаптың бірнеше данасы Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің кітапханасына тапсырылды.
Міне, осындай талпыныстары арқасында Тúrkіstan халықаралық апталығы еліміздегі бірегей санаулы ұлттық басылымға айналып отыр. Газеттің бас редакторы Қуат Әуесбайдың айтуынша, Түркістан атауы түгел түркіге ардақты, танымал брендке айналған тұста Тúrkіstan газетіне деген сұраныс өспесе, еш кемімек емес. Жасыратыны жоқ, қазір көп басылымның таралымы азайып, «шықпа, жаным, шықпалап» отырған кезде Тúrkіstan газеті өз аудиториясын сақтап, үнемі оқырман сұранысының үдесінен шығып келеді.
Бүгінгідей керекті-керексіз мәліметтердің көптігі адамдарды рухани тұрғыда тұйыққа тіреп жатқан ақпараттық технология дәуірінде Тúrkіstan секілді ұлттық басылымның ұлт мұраты, Отан мүддесі жолында лайықты өреден көрінуі өте маңызды. Осы орайда URKER ұлттық сыйлығын ұйымдастырушы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне, Медиа дамыту қорына, басылымымызды үздік деп танып, жүлдеге лайық көрген қазылар алқасына қалың оқырманымыздың атынан алғысымызды білдіреміз.
Қайрат ИСАҒАЛИЕВ,
Қазақстан дипломатиясының ардагері,
«Құрмет» орденінің иегері:
ИЕСІН ТАПҚАН МАРАПАТ
– Мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік қатысқан бұқаралық ақпарат құралдары бәйгесінде Túrkіstan газеті үздік шықты. Өзім естіп, қатты қуандым. Қазір халықаралық деңгейге шығып, қайта түлеп жатқан Түркістан қаласы болса, осы тарихи қаламен аттас болып, қазақ баспасөзінің беделін нығайтып жүрген – Túrkіstan газеті. Халықаралық деңгейде ауқымды мәселе көтеретін салиқалы басылым. Елбасы мен Мемлекет басшысының саясатын насихаттап, тың жаңалықтарды жариялап отырады. Шетелдегі қазақтардың тыныс-тіршілігін, әлемдегі оқиғаларды қалт жібермей оқимын. Біз секілді шетелде қызмет еткен азаматтар ел жаңалықтарынан хабардар болып отыруы керек. Оған өзім дәлелмін. Қазір біздің салада жүрген жастар да елден хабар алып, халықаралық басылымдарды оқиды. Газет ұжымына мың алғыс! Марапат көбейе берсін!