«Жастар тәжірибесі» – жастарға мол мүмкіндік

«Жастар тәжірибесі» – жастарға мол мүмкіндік

«Жастар тәжірибесі» – жастарға мол мүмкіндік
ашық дереккөзі
Белгілі бір мамандықты игеріп, диплом алған жастардың нарық за­манында жұмыс таппай қиналатыны рас. Алайда мемлекет тара­пынан жас өскіннің сағын сындырмайтын, бетін қайтармайтын «Жас­тар тәжірибесі» мемлекеттік бағдарламасы өз тиімділігін көрсетіп ке­леді. Осынау бағдарламаны, сонымен бірге «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының іске асырылуына жүйелі түрде жұмыс істеп отырған Шымкент қаласының әкімдігі Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Сұңғат Абдуллаевты әңгімеге тартқанбыз. – Сұңғат Нұржанұлы, алдымен ор­та­лықтың негізгі жұмыс бағыттарымен та­­­ныстырып кетсеңіз... – Халықты жұмыспен қамту орталығы аза­маттарды жұмыс іздеуші ретінде тіркейді жә­не жұмысынан айырылған жағдайда әлеу­меттік төлем тағайындау үшін қажетті құ­жат­тарды қабылдайды. Жұмыссыздарға уақытша ақы­лы жұмыс орындарын ұсынады. Еңбек на­ры­ғында сұранысқа ие мамандықтар бойын­ша қысқамерзімді кәсіптік оқытуды ұйым­дастырады. Сонымен қатар жұмыс беру­шілер азаматтардың бөлек санаттарын (же­тім балалар, мүгедектер, пробация қызметінің есе­бінде тұрған тұлғалар, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған тұлғалар) жұ­мыспен қамту үшін квотаны орындайды. Одан бөлек, атаулы әлеуметтік көмек көрсету мәселелері бойынша жұмыстар атқарады. Ор­талыққа 18 жастан бастап зейнетақы жа­сына дейінгі қаламыздың жұмыссыз аза­мат­тары келіп, көмек сұрауға құқылы. Орталық­тағы 199 қызметкер осынау жұмыстармен қо­са 2019 жылдан бастап аз қамтылған аза­­­мат­тарға жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік кө­мек беру бойынша қызмет көрсетіп келеді. Бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастырып, кә­сіптік бағдар беру жұмысын жүргізеді. – Жалпы, жыл басынан бері неше адам жұмыспен қамтылды? Миллионды қа­ламызда 14-29 жас аралығындағы 240 мыңға жуық жас бар екенін білеміз. Әрине, олардың біраз бөлігі жұмыс тап­пай шарқ ұрып жүреді. Осы ретте көм­ек­ке келетін «Жастар тәжірибесінің» тиім­ді­лігін де айтып өтсеңіз... – Жыл басынан бері жұмыссыз жүрген 9 мың­нан астам адам әлеуметтік шаралармен қам­тылды. 4 114 адам тұрақты жұмысқа ор­наласып, 1 000-ға жуық түлек жастар тә­жіри­бесімен жолданды. 205 жұмыссыз әлеуметтік жұм­ыс орындарына жіберілді. Ал 2 821 адам қо­ғамдық жұмыстарға жолдама алып, 7 аза­мат шағын несиеге қол жеткізді. 600 адам қай­тарымсыз мемлекеттік грантты иеленіп, 1 900 азамат «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқуға жолданды. Иә, жоғары оқу орнын тәмамдап, диплом ал­ған көптеген жас маман өз мамандығы бойынша біраз уақыт жұмыссыз жүреді. Ал мем­лекеттік бағдарламаның мақсаты – жұ­мыссыз жүрген азаматтардың мәселесін нә­тижелі шешу. Бұл бағдарлама арқылы жас ма­ман оқу орнын аяқтағаннан кейін өзінің ма­мандығы бойынша мекемеде жұмыс істей алады. Алты ай бойы тәжірибе жинаған ма­манға мемлекет тарапынан жалақы төленеді. (Биыл оның көлемі 72 мың теңге болып бекітілген). Одан кейін мекемеде өзін көрсете білген маман сол жерде тұрақты жұмыс істеп қалуына мүмкіндік мол. Жастар бірегей мүм­кін­дікті қалт жібермеуге тырысады. Бұған жас ма­мандар ғана емес, мемлекет те мүдделі. Шымкент қаласында жұмыспен қамту ор­талығы арқылы 1 000-ға жуық қатысушыға жолдама берілді. Олардың қатарында мед­би­ке, фельдшер, экономист, қаржыгер, бух­гал­тер, тіс дәрігері және кадастр, техник ма­ман­ды­ғын иеленген жас мамандар бар. Жыл соңы­на дейін 2 500 шымкенттік жасты жұ­мыс­пен қамтуды жоспарлап отырмыз. Осы­нау бағдарламаға қатысқысы келетін жас ма­ман enbek.kz порталына ЭЦҚ арқылы «жұ­мыссыз» мәртебесімен тіркеледі. Сонымен қа­тар тұрғылықты мекенжайында орналас­қан жұмыспен қамту орталығына бара алады. – Өзіңіз айтпақшы, электронды ең­бек биржасы, яғни enbek.kz порта­лы­ның тигізіп жатқан көмегі қандай? Тұр­ғындар мұны пайдалана ала ма? Со­ны­мен бірге келушілерге тұрақты жұмыс тауып бере алмаған жағдайда не істейсіз­дер? – Порталдың басты мақсаты – жұмыс беру­ші мен жұмыс іздеушіні байланыстыру. Он­да жұмыс берушілердің арнайы тізімі бо­лады. Олар осы порталға жұмыскерге зәру өз ва­канцияларын тіркейді. Сонымен қатар, электронды еңбек биржасы арқылы «Жұмыс іздеуші ретінде», бағдарлама аясында уақытша жұ­мысқа және тұрақты жұмыстарға орналасу және т.б. мемлекеттік қызмет көрсету ба­ғыт­тарымен қолдана алады. Ол дегеніміз, кез кел­ген жұмыс іздеуші адам порталға тіркеліп, өз мамандығы бойынша іздеу жүргізе алады. Иә, екіжақты келісім нәтижесінде тұрақты жұ­мыс тауып жатқандар да бар. Тұрғындар пор­талдың қызметіне жүгінуді үйреніп қал­ды. Ал енді келушілерді тұрақты жұмыспен қам­туға барынша жағдай жасаймыз. Алдымен біз оларды әртүрлі санатқа бөліп қарас­тыра­мыз. Кейбірінің мамандығы болмайды, біреу­лері­нің қолында диплом бар болғанымен, тә­жірибесі жоқ. Ондай азаматтарды уақытша жұ­мыспен қамтамасыз етуге тырысамыз. «Жас­тар тәжірибесі», «Қоғамдық жұмыс» және «Әлеуметтік жұмыс орындары» деген ба­ғыт­тар бойынша жұмыс істейміз. Сол секілді қысқамерзімді кәсіптік оқытуға жолдаймыз. «Қо­ғамдық жұмыстар» бойынша өтініш беру­шінің жұмыс тәжірибесіне, біліміне қатаң та­лап қойылмайды. Ал «Әлеуметтік жұ­мыс орындары» бойынша жұмыс берушілердің тара­пынан штаттан тыс, қосымша жұмыс орын­дары ашылуы керек. Мұнда жалақының 35 пайызын мемлекет төлейді. – «Қысқамерзімді кәсіптік оқыту» ту­ра­лы айтып қалдыңыз. Осыған кеңі­рек тоқталсаңыз... Жалпы, осы оқу кур­сын тәмамдағандардың қаншасы жұмыс тап­ты? – «Қысқамерзімді кәсіптік оқыту» бойын­ша азаматтарды оқытудың бірінші ағымын жуырда бастадық. Яғни, оған маусым айының соңына дейін 2 500 азамат жолданады. Биыл қысқамерзімді кәсіптік оқытуды ұйым­дастыру үшін 30-дан астам тиісті ма­ман­дықтар тізбесі бекітілді. Олар – дизайнер, кон­дитер, тігінші, автоэлектрик, тас қалаушы, кран машинисі, визажист, шаштараз шебері, аспаз және тағы басқа. Мұнда білім алатын­дарға ай сайын 17 мың теңге мөлшерінде сти­­­пен­дия төленеді. Бұл бағдарламаға қа­жет­ті кәсіптік біліктілігі болмағандар, лайықты жұ­мыс таба алмағандар, мамандық түрін өз­герткісі келетіндер қатыса алады. Үш ай бойы білімін шыңдағандарға арнайы сер­ти­фикат беріледі. Биыл 2 500-ден астам аза­мат­ты оқуға жолдауды жоспарлап отырмыз. Өт­кен жылы 1 196 адам техникалық және кәсіп­тік оқудан өтсе, қысқамерзімді кәсіптік оқытуға 2 000 адам жолданып, 1 990 азамат оқуын бітіріп, куәліктерін алды. Нәтижесінде, сертификатқа қол жеткізген 1 590 адам жұ­мыс­пен қамтылды. – Соңғы жылдары мемлекет тарапы­нан жұмыссыздарға қатысты көптеген жеңілдік, көмек болып жатыр. Жалпы, осынау бағдарламалардың қоғамға ти­гізіп жатқан пайдасы қандай? – Пайдасы көп. Қоғамдық жұмыстар бойын­ша мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұ­м­ыспен қамтып отырмыз. Олар қоғамдық бір­лестіктерге барып, белсенді жұмыс жүр­гізіп жатыр. Қиын жағдайға түскен азаматтар, сол сияқты жазасын өтеп келгендер де біздің көмегімізге жүгініп, өздерін қоғам мүшесі ретінде санауына толық жағдай жасалып жатыр. Сонымен қатар Instagram әлеуметтік желісіндегі zhumispen.kamtu және Facebook-те Шымкент Жұмыспен қамту орталығы ресми парақшаларымызда қала тұрғын­дары­на қажетті әрі пайдалы ақпараттарды тұрақ­ты жариялап тұрамыз. Қала тұрғындарының уақытын тиімді жұм­сауы үшін және оларға сапалы қызмет көр­сету мақсатында қаланың 4 ауданында да жұ­мыспен қамту орталығының бөлімшелері іске қосылған. Оған қоса, орталықтың жұмыс беру­шілерді қолдау және кәсіптік оқыту бөлім­дері де аудандарда ашылып, сапаны жо­ғарылату мақсатында жұмыс істеп жатыр. Со­нымен қатар айта кетейік, әр аудан бөлім­шелерінде «өзіне-өзі қызмет көрсету» ай­мақ­тары бар. Бұл орталыққа келушілерге ың­ғай­лы жағдайда мемлекеттік қызметтер мен қа­жетті анықтамаларды ХҚО (ЦОН) бөлім­шелеріне бармай-ақ, тұрғылықты мекенжайға жақын жұмыспен қамту орталығында-ақ қызмет ала алады. Қазір барлық мемлекеттік қызметтер «Электронды үкімет» порталы арқылы алынады. ЭЦҚ кілтіңіз болса болғаны. Карантин жағдайына байланысты атаулы әлеуметтік көмекке өтінімдер де «Электронды үкімет» порталы арқылы қабыл­данып жатыр. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы