«Жастар тәжірибесі» – жастарға мол мүмкіндік
«Жастар тәжірибесі» – жастарға мол мүмкіндік
Белгілі бір мамандықты игеріп, диплом алған жастардың нарық заманында жұмыс таппай қиналатыны рас. Алайда мемлекет тарапынан жас өскіннің сағын сындырмайтын, бетін қайтармайтын «Жастар тәжірибесі» мемлекеттік бағдарламасы өз тиімділігін көрсетіп келеді. Осынау бағдарламаны, сонымен бірге «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының іске асырылуына жүйелі түрде жұмыс істеп отырған Шымкент қаласының әкімдігі Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Сұңғат Абдуллаевты әңгімеге тартқанбыз.
– Сұңғат Нұржанұлы, алдымен орталықтың негізгі жұмыс бағыттарымен таныстырып кетсеңіз...
– Халықты жұмыспен қамту орталығы азаматтарды жұмыс іздеуші ретінде тіркейді және жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындау үшін қажетті құжаттарды қабылдайды. Жұмыссыздарға уақытша ақылы жұмыс орындарын ұсынады. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқамерзімді кәсіптік оқытуды ұйымдастырады. Сонымен қатар жұмыс берушілер азаматтардың бөлек санаттарын (жетім балалар, мүгедектер, пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғалар, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған тұлғалар) жұмыспен қамту үшін квотаны орындайды. Одан бөлек, атаулы әлеуметтік көмек көрсету мәселелері бойынша жұмыстар атқарады. Орталыққа 18 жастан бастап зейнетақы жасына дейінгі қаламыздың жұмыссыз азаматтары келіп, көмек сұрауға құқылы. Орталықтағы 199 қызметкер осынау жұмыстармен қоса 2019 жылдан бастап аз қамтылған азаматтарға жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек беру бойынша қызмет көрсетіп келеді. Бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастырып, кәсіптік бағдар беру жұмысын жүргізеді.
– Жалпы, жыл басынан бері неше адам жұмыспен қамтылды? Миллионды қаламызда 14-29 жас аралығындағы 240 мыңға жуық жас бар екенін білеміз. Әрине, олардың біраз бөлігі жұмыс таппай шарқ ұрып жүреді. Осы ретте көмекке келетін «Жастар тәжірибесінің» тиімділігін де айтып өтсеңіз...
– Жыл басынан бері жұмыссыз жүрген 9 мыңнан астам адам әлеуметтік шаралармен қамтылды. 4 114 адам тұрақты жұмысқа орналасып, 1 000-ға жуық түлек жастар тәжірибесімен жолданды. 205 жұмыссыз әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді. Ал 2 821 адам қоғамдық жұмыстарға жолдама алып, 7 азамат шағын несиеге қол жеткізді. 600 адам қайтарымсыз мемлекеттік грантты иеленіп, 1 900 азамат «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқуға жолданды. Иә, жоғары оқу орнын тәмамдап, диплом алған көптеген жас маман өз мамандығы бойынша біраз уақыт жұмыссыз жүреді. Ал мемлекеттік бағдарламаның мақсаты – жұмыссыз жүрген азаматтардың мәселесін нәтижелі шешу. Бұл бағдарлама арқылы жас маман оқу орнын аяқтағаннан кейін өзінің мамандығы бойынша мекемеде жұмыс істей алады. Алты ай бойы тәжірибе жинаған маманға мемлекет тарапынан жалақы төленеді. (Биыл оның көлемі 72 мың теңге болып бекітілген). Одан кейін мекемеде өзін көрсете білген маман сол жерде тұрақты жұмыс істеп қалуына мүмкіндік мол. Жастар бірегей мүмкіндікті қалт жібермеуге тырысады. Бұған жас мамандар ғана емес, мемлекет те мүдделі. Шымкент қаласында жұмыспен қамту орталығы арқылы 1 000-ға жуық қатысушыға жолдама берілді. Олардың қатарында медбике, фельдшер, экономист, қаржыгер, бухгалтер, тіс дәрігері және кадастр, техник мамандығын иеленген жас мамандар бар. Жыл соңына дейін 2 500 шымкенттік жасты жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз. Осынау бағдарламаға қатысқысы келетін жас маман enbek.kz порталына ЭЦҚ арқылы «жұмыссыз» мәртебесімен тіркеледі. Сонымен қатар тұрғылықты мекенжайында орналасқан жұмыспен қамту орталығына бара алады.
– Өзіңіз айтпақшы, электронды еңбек биржасы, яғни enbek.kz порталының тигізіп жатқан көмегі қандай? Тұрғындар мұны пайдалана ала ма? Сонымен бірге келушілерге тұрақты жұмыс тауып бере алмаған жағдайда не істейсіздер?
– Порталдың басты мақсаты – жұмыс беруші мен жұмыс іздеушіні байланыстыру. Онда жұмыс берушілердің арнайы тізімі болады. Олар осы порталға жұмыскерге зәру өз ваканцияларын тіркейді. Сонымен қатар, электронды еңбек биржасы арқылы «Жұмыс іздеуші ретінде», бағдарлама аясында уақытша жұмысқа және тұрақты жұмыстарға орналасу және т.б. мемлекеттік қызмет көрсету бағыттарымен қолдана алады. Ол дегеніміз, кез келген жұмыс іздеуші адам порталға тіркеліп, өз мамандығы бойынша іздеу жүргізе алады. Иә, екіжақты келісім нәтижесінде тұрақты жұмыс тауып жатқандар да бар. Тұрғындар порталдың қызметіне жүгінуді үйреніп қалды. Ал енді келушілерді тұрақты жұмыспен қамтуға барынша жағдай жасаймыз. Алдымен біз оларды әртүрлі санатқа бөліп қарастырамыз. Кейбірінің мамандығы болмайды, біреулерінің қолында диплом бар болғанымен, тәжірибесі жоқ. Ондай азаматтарды уақытша жұмыспен қамтамасыз етуге тырысамыз. «Жастар тәжірибесі», «Қоғамдық жұмыс» және «Әлеуметтік жұмыс орындары» деген бағыттар бойынша жұмыс істейміз. Сол секілді қысқамерзімді кәсіптік оқытуға жолдаймыз. «Қоғамдық жұмыстар» бойынша өтініш берушінің жұмыс тәжірибесіне, біліміне қатаң талап қойылмайды. Ал «Әлеуметтік жұмыс орындары» бойынша жұмыс берушілердің тарапынан штаттан тыс, қосымша жұмыс орындары ашылуы керек. Мұнда жалақының 35 пайызын мемлекет төлейді.
– «Қысқамерзімді кәсіптік оқыту» туралы айтып қалдыңыз. Осыған кеңірек тоқталсаңыз... Жалпы, осы оқу курсын тәмамдағандардың қаншасы жұмыс тапты?
– «Қысқамерзімді кәсіптік оқыту» бойынша азаматтарды оқытудың бірінші ағымын жуырда бастадық. Яғни, оған маусым айының соңына дейін 2 500 азамат жолданады. Биыл қысқамерзімді кәсіптік оқытуды ұйымдастыру үшін 30-дан астам тиісті мамандықтар тізбесі бекітілді. Олар – дизайнер, кондитер, тігінші, автоэлектрик, тас қалаушы, кран машинисі, визажист, шаштараз шебері, аспаз және тағы басқа. Мұнда білім алатындарға ай сайын 17 мың теңге мөлшерінде стипендия төленеді. Бұл бағдарламаға қажетті кәсіптік біліктілігі болмағандар, лайықты жұмыс таба алмағандар, мамандық түрін өзгерткісі келетіндер қатыса алады. Үш ай бойы білімін шыңдағандарға арнайы сертификат беріледі. Биыл 2 500-ден астам азаматты оқуға жолдауды жоспарлап отырмыз. Өткен жылы 1 196 адам техникалық және кәсіптік оқудан өтсе, қысқамерзімді кәсіптік оқытуға 2 000 адам жолданып, 1 990 азамат оқуын бітіріп, куәліктерін алды. Нәтижесінде, сертификатқа қол жеткізген 1 590 адам жұмыспен қамтылды.
– Соңғы жылдары мемлекет тарапынан жұмыссыздарға қатысты көптеген жеңілдік, көмек болып жатыр. Жалпы, осынау бағдарламалардың қоғамға тигізіп жатқан пайдасы қандай?
– Пайдасы көп. Қоғамдық жұмыстар бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтып отырмыз. Олар қоғамдық бірлестіктерге барып, белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Қиын жағдайға түскен азаматтар, сол сияқты жазасын өтеп келгендер де біздің көмегімізге жүгініп, өздерін қоғам мүшесі ретінде санауына толық жағдай жасалып жатыр. Сонымен қатар Instagram әлеуметтік желісіндегі zhumispen.kamtu және Facebook-те Шымкент Жұмыспен қамту орталығы ресми парақшаларымызда қала тұрғындарына қажетті әрі пайдалы ақпараттарды тұрақты жариялап тұрамыз. Қала тұрғындарының уақытын тиімді жұмсауы үшін және оларға сапалы қызмет көрсету мақсатында қаланың 4 ауданында да жұмыспен қамту орталығының бөлімшелері іске қосылған. Оған қоса, орталықтың жұмыс берушілерді қолдау және кәсіптік оқыту бөлімдері де аудандарда ашылып, сапаны жоғарылату мақсатында жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар айта кетейік, әр аудан бөлімшелерінде «өзіне-өзі қызмет көрсету» аймақтары бар. Бұл орталыққа келушілерге ыңғайлы жағдайда мемлекеттік қызметтер мен қажетті анықтамаларды ХҚО (ЦОН) бөлімшелеріне бармай-ақ, тұрғылықты мекенжайға жақын жұмыспен қамту орталығында-ақ қызмет ала алады. Қазір барлық мемлекеттік қызметтер «Электронды үкімет» порталы арқылы алынады. ЭЦҚ кілтіңіз болса болғаны. Карантин жағдайына байланысты атаулы әлеуметтік көмекке өтінімдер де «Электронды үкімет» порталы арқылы қабылданып жатыр.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы