Нағыз қазақ – домбыра

Домбыра мен қазақ егіз ұғым. Өйткені домбыра – қазақтың киелі музыкалық аспабы ғана емес, ұлттық имиджді қалыптастырушы құрал. Қазіргі тілмен айтқанда, ұлттық бренд. Оны брендке айналдырған халқымыздың музыкалық мол мұрасы мен әлемге әйгілі өнерпаздары. Құрманғазы, Тәттімбеттердің аңызға айналған тағдыры мен күй мұрасы, әлем мәдениетінің астанасы атанған Париж төрінде қазақтың қара домбырасымен әуелете ән шырқаған Әміре Қашаубаев, одан берідегі ел Тәуелсіздігінің 30 жылында әлем сахналарында домбырамен өнер көрсеткен өнерпаздарды айтуға болады. Сонымен қатар әйгілі әнші Димаш Құдайбер­геннің әлемнің көптеген сахна­сында дом­быраны кеңінен наси­хаттап жүргені де баршаға мәлім.

2018 жылғы 13 маусым күні Тұңғыш Пре­зидент Н.Назарбаевтың «Қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңі­ре­гінде одан әрі топтастыру мақсатында, шіл­денің алғашқы жексенбісі – Ұлттық домбыра күні болып ай­­­қындалсын. Қазақстан Үкіметі осы Жар­лықты іске асыру жөнінде шаралар қа­былдасын» деген Жарлығы шықты. Со­дан бері ұлттық мұраның мерейі ар­тып келеді.
Небір заманның алмағайып ке­зеңі­нен сүрінбей бізге жеткен киелі мұра тура­лы белгілі ғалым Ақселеу Сейдімбек, күй­ші Таласбек Әсемқұлов қатарлы өнер­тану­шылар кеңінен зерттеп жазды. Олар­дың айтуынша, домбыра аспабының та­рихы тым тереңде жатыр. Сонау сақ, ғұн дәуірінен бері қолданылып келе жатқан ас­пап екені айтылады. Оған куә – белгілі түр­колог ғалым Қаржаубай Сартқо­жа­ұлы­ның 2008 жылы Моңғолияның Алтай жо­тасының бір сілемі – Жарғалант-қайыр­­қан тауынан табылған көне дом­быра аспабын айтуға болады. Ғалым қа­зақ­тың қасиетті қара домбырасының түп атасы екенін дәлелдеп, ғылыми сараптама жа­сады.
Ал домбыраның өзі қазіргі бізге жет­кен сипатына дейін көптеген сатыдан өт­кені белгілі. «Біздіңше, Еуропаның му­зыкалық терминологиясы мен халықтың көне музыкалық терминологиясы қатар жүру керек. Себебі домбыра – көне аспап, әрі оның өзіне тән ерекшелігі, белгілі бір формасы бар. Оның дыбыстық қатары, де­тальдары қазақтың ұлттық сұлулық туралы түсінігімен белгілі бір талап-тал­ғамынан өрбіп шықты. Бұл жерде халық эстетикасын терең білудің және оны иге­рудің зор маңызы бар. Ең алдымен домбыраның түрлері мен оның деталь­дары (қосымша сипаттары) жайлы бір-екі ауыз сөз. Қазақта домбыраның ең кең тара­ған екі түрі бар. Олар – Батыс Қа­зақстан, Түрікменстан, Қарақалпақстан, Өзбекстан, Ауғанстан жеріне кең тараған қауақ домбыра мен Жиделібайсын, Же­тісу мен Сарыарқаға тараған қалақ дом­быра. Біздің ойымызша, «қауақ» сөзі «қа­бақ», яғни «асқабақ» деген сөзден шық­са керек. Себебі қауақ домбыраның ша­нағы көз тоқтата қараған адамға орта­сынан қақ бөлінген асқабаққа ұқсайды» деп жазады күйші Таласбек Әсемқұлов.
Қазақтың ұлттық аспабы – дом­бы­раны жасау ата-бабаларымыздан жал­ға­сып келе жатқан өнер. Алайда домбыра жасаудың технологиясы бір болғанымен, шеберлердің жасау тәсілі әртүрлі.
Ұлттық домбыра күніне орай, дом­быра жасаумен 20 жылға жуық ай­на­лысып келе жатқан белгілі шебер Нұржан Ділмановтан ұлттық аспаптың жасалу құпиясын сұрап көрген едік. Оның қолы­нан шыққан аспаптар қазір еліміздің белгілі күйшілері, әншілері, жыршы-термешілерінің қолында күмбірлеп жүр.
Нұржан Қыдырбайұлының айтуын­ша, жақсы домбыра жасалатын мате­риа­лына тікелей байланысты екен. Домбыра жа­сау үшін қарағай, шырша, қайың, то­раңғыт, емен, эбен, қызыл ағаш, тұт аға­шы пайдаланылады. Домбыра жасайтын ағаш міндетті түрде күнге қақталып кебуі керек.
«Ағаш толық кеппесе, жасалған соң, өзінің формасын жоғалтады. Үнінде фальш пайда болуы мүмкін. Жақсы дом­быраның материалы кем дегенде 4 жыл кебуі керек», – деді шебер.
Материал дайын болған соң ағаштар арнайы арамен кесіліп, жонылып дом­быра формасына келеді. Кесілген ағаш арнайы пеште ыстық температурамен иіледі. Домбыра екі түрлі әдіспен жаса­лады. Құрама домбыралардың шанағы жұқа тілшелерден құралып жасалса, бітеу домбыра тұтас ойылады.
Нұржан Ділмановтың айтуынша, қоңыр үнді домбыра ойылып жасалады.
«Көбінде дәулескер күйшілер ойылып жасалған домбыраға тапсырыс береді. Өйт­кені ата-бабамыздан қоңыр үн сон­дай домбырадан шығады. Қандай экс­пери­мент жасаса да, кәсіби домбыра­шы­лар ойылған домбыраға қайтып келе жа­тыр», – деді ол.
Сонымен қатар ойылып жасалған дом­быраны жасау тәсілі күрделі. Жұмыс про­цесінде сынып қалса да қайтадан бас­тауға тура келеді. Ал құрама домбыра жа­сау процесі одан оңай көрінеді.
Шебердің айтуынша, домбыра үнінің та­залығы қақпағының жабылуына бай­ланысты. Қақпақтың көлемі неғұрлым жұқа болса, ағаштың тербеліс қасиеті де соғұрлым жиілей түседі. Қақпақты құрас­тырған және күйге келтірген кезде, сон­­дай-ақ оның параметрлерін бел­гі­легенде осы жайларды ескерудің маңызы зор. Қақпақтан өзіміз қажет еткен үнді оны әзірлеудің бастапқы сатысында-ақ алу ке­рек. Қақпақтың үні жақсы болса ды­бысы жұмсақ, ал үні жоғары болса ды­бысы ащы болады.
«Дыбыстың тербелісі, үні, ұзақтығы қақ­паққа тікелей байланысты. Қақпақтар шыр­ша ағашынан жасалады. Себебі шыр­ша – ең акустикалық материал», – деді Нұр­жан Ділманов.
Домбыра әбден кепкен соң, әрлеу жұ­мысы басталады. Аспаптың сәнін келтіру үшін арнайы трафареттермен ою-өрнек салынады. Ондай технологиялардың бірін 1994 жылы Жолаушы Әбілғазыұлы өзі шығарған. Бұл технологияны шебер­лер қазір барынша қолданады. Мәселен, шебер малдың сүйегін ұнтақтап, оны желімге араластырып, ақ өрнек салады. Со­сын аспаптың беті лакталып, түрлі бояулармен қанықтырылады.
Нұржан Қыдырбайұлы жасаған ұлт­тық аспаптар Канада, Қытай, Моңғолия, ТМД елдеріне дейін жеткен екен.

Back to top button