Қаршығадай қазақ
Қаршығадай қазақ
Өткен ғасырдың 30-жылдары алдын ала ойластырылған түрлі ойран – ұлтымыздың қаймағын қалқып, жақсысын жапырып кетті. Оны ел болғалы бері әр қырынан айтып келеміз. Сол қарауылға алынған ұлт арыстарының арман-тілегі, бар аңсары «Ойланыңыздар: халық біз үшін емес, біз халық үшін туғанбыз, олай болса мойнымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр» (Ж.Аймауытов) деген қағидаға құрылған еді. Бұл бағыттан олар танбады, бастарын бәйгеге де, өлімге де тікті. Сол 30-жылдары өмірге келген ұрпақтың да өмір жолы оңай болмады, балалық бақытын бастан кешпеді. Бір қиындыққа бір қиындық ұштасып жатты. Сәл арқауы босай бергенде сұм соғыс өрттей лаулады. Соның шет-жағасын көрген, әңгімемізге арқау етіп алып отырған, отандық экономика ғылымының зерделі зерттеушісі, Қаныш Сәтбаев академиясының академигі, ғылым докторы, профессор, бүкіл еңбек жолын жоғары оқу орындарында өткізіп, ұстаздық қызметке арнаған, білімі ұшан-теңіз, білігі мықты ғұлама азамат Нұрғали Мамыров дер едік.
Жақсыға жақын жүрсең – үйренерің үлгі, еститінің – есті сөз. Нұрғали ағамен дидарласып, әңгіме-дүкен құрудың өзі бір ғанибет. Соғыс басталғанда үш-төрт жасқа бет алған қаршығадай өткір бала, әкесі Құлшыман мен кіші әкесі Нүсіп майданға аттанғанда, әкесін аға деп кеткен баланың құлағында қалған мына бір сөзді әркез еске түсіретін. «Босамаңдар, біз Отан қорғауға бара жатырмыз!» деп сап түзеп бара жатқан сәт – өмір бойы көз алдымнан кеткен емес. Майданға аттанған жауынгерлер бір белестен аса бергенде анасы Нұрила бір сұмдық зар төкті. Қаршығадай ұлы «Аға «Босамаңдар, – деді ғой, – неге жылайсыз?» деп артынан өзі де бозторғайдай шырылдайды.
Бала мен ана қысы-жазы бір-біріне сүйеніп, көктемде егін айдасты, күзде сол егінді орысты. Бір жылы өгіздің үстінде қалғып кетіп, тұлықтасқа арандап қала жаздағаны бар. Балғын балалық шақ сөйтіп өте берді. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деп екі әкесі де майданнан аман оралады.
Нұрғали Құлшыманұлының алға қойған бар мақсаты, арман-тілегі – тек білім алу. Алақандай ауылдағы 7 жылдық мектепті үздік бітіріп, көрші ауылдағы 10 жылдық мектепке ауысады. Өзге замандастарынан оның бір ерекшелігі – сол кезеңдегі далалық бригадада жаз бойы есепші болып жүретіні еді. Осыдан болар есеп-қисап оқуына түсуді ерте бастан көкейіне түйіп қояды.
Орта мектепті де үздік аяқтаған ол 1955 жылы өзі секілді құрбыларымен Алматыға аттанады. Ол кездің жүрдек көлігі полуторка болатын. Таңдауы – еліміздегі жалғыз университет – ҚазМУ-дің Экономика факультеті. Талабы мол, таланты жүрегін кернеген жас сынақтан қамшы салдырмай өте шығады. Тек бірінші жартыжылдықта орыс тілі аяғын тұсай бергені бар. Оны да іркілмей жеңіп шығады. 1-курсты үздік аяқтаған алғыр шәкірт С.Нейштадт, Т.Шәукенбаев, Ф.Жеребятьев, Д.Қабдиев секілді ұстаздардың назарына ілігеді. Сол оқу орнын өте жақсы аяқтаған азаматты оқытушы-профессорлар өздерінің қатарына қалдырады. Сөйтіп, өмір соқпағында шыңдалған шымыр ауыл баласы қала тұрғынына айналады. Топ жарып тұрған жігітті басшылық ол тұста екінің бірінің қолы жете бермейтін Г.Плеханов атындағы Мәскеу халық шаруашылығы институтының аспирантурасына жолдама береді. Ол жерде де зерек жас оқи жүріп, экономист-ғалымдармен қолданбалы ғылыми-зерттеулерге қатысады. Үш жылға жетпей кандидаттық диссертациясын қорғап, елге оралады. «Мәскеуде қал, барлық жағдай болады» деген жетекшілерінің сөзіне, өзінің елі мен жерінен артық жұмақ болмайтынын айтады.
«Ол кезең экономика ғылымы бойынша өте қолайлы уақыт еді. «Косыгиндік» экономикалық реформаның қалыптасуына орай, жаңа идеялар туындап, экономиканы жеңілдетудің әртүрлі нұсқалары зерттеліп, зерделене бастады. Нұрғали Мамыров өнеркәсіптік өндірісті ұйымдастыру проблемалары жөніндегі ірі мектептің іргетасын Қазақ елінде алғаш қалаушы болды», – дейді академик Жақия Әубәкіров. Оның бүкіл өмір жолы ҚазМУ-дің Экономика факультетінен бөлініп шыққан, Отанымыздағы алғашқы экономикалық жоғары оқу орны – Алматы халық шаруашылығы институтымен тікелей байланысты. Оқу орнының қалыптасуына да өзіндік үлесін қосқанын айта кетуге тиіспіз. Алғаш оқытушы, доцент, кейін кафедра меңгерушісі, ғылым жөніндегі проректор болды. Осы жерде алдыңғы толқынның өзара сыйластығы ойға орала береді. Айтулы экономистер, академиктер К.Сағадиев, К.Нәрібаев, Н.Мамыров – бірі ректор, екеуі проректор ретінде алтын ошақтың үш бұтындай қатар жүретін. Бір-бірімен сыйластығы да бөлек еді. Өмірден өткенше жұбын жазбай қатар жүретін алыптар бұл күнде сиреп қалған секілді. Алдыңғы екеуі өткен жылы, Нұраға биыл фәниден бақиға көп жұртты топырлатай кете барды.
«Нұрғали ағаны 1970 жылы көрдім. Орта бойлы, ойлы азаматтың кереқарыс маңдайы, от шашып тұратын қос жанары, аққұба дидары – адамға деген ізет, ілтипаты бөлек, самал желдей жаныңды жадырататын сырлы сөзімен де қаршығадай қазақ бірден баурап алды. Ешкімді жатырқамайды, бауырына тартады, ақыл-кеңесін айтады. Оқытушы болған күннен бастап педагогикалық материалдарды таңдап, талғап алуда үлгі болды көбімізге. Әсіресе, шешендік өнерді әдістемелігіне кіргізе жүріп, ұлт тіліне ерекше мән берді. Оның өзіне ғана тән принципі: бірде-бір адамды назардан тыс қалдырмау керек, себебі ол адам қоғамымыздың баға жетпес байлығы екенін білумен қатар, терең түсінді» деген саңлақ академик Кенжеғали Сағадиевтің замандасы туралы жүрекжарды сөзі еске түседі.
1982 жылы Нұрғали Құлшыманұлы Алматы халық шаруашылығы институтына ректор болып тағайындалды. Жетекші экономикалық жоғары оқу орнын бес жыл ішінде заман үрдісіне сай, ілгері жылжытуға күш-жігерін жұмсады. Материалдық-техникалық базасын жақсартуды бірінші кезекке шығарады. Талап пен талғамды қатар қойып, ұлт экономистерін сапалы дайындау жолында жүрген қаршығадай қазаққа 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі ауыр тиді. 12 факультет декандарының 11-ін өз қандастарымыздан қойып, қазақ жастарын оқуға тарту жөніндегі ұмтылысы өзіне қатер болып жабысты. Өзге ұлттың балаларына мүмкіндік туғызбадың деген асыра сілтеу сөздер жағасына жармасты. Ақыры ректорлықтан босатып тынды. Жоғарыдағы биліктің тапсырмасы бойынша Нұрғали Мамыровты партиядан шығару керек болды. Бірақ ұжым коммунистері бұған көнбеді. Есеп карточкасына жазылған сөгіспен тоқтады. Бұл кезде оған жақын жүрген адамдары темір тордың арғы жағына кеткен болатын. Соларға қысым жасау арқылы, оған да бір қара дақ жағу тиіс еді. Түрмедегі азаматтар басшысын сатпады. Кінәсіз екенін айтумен болды. Қудалауға шын бекінгендер ізін аңдып, қалайда кінәлі етуді ойластырды. Сол кездегі мықты делінетін «Известия» газетінде «Паутина» деген жалалы мақала жарыққа шықты. Оның басты кейіпкерлерінің бірі – Нұрағаң. Мәскеуде жел соқса, Алматыда дауыл тұратыны бұрыннан белгілі. Орыс газеттері көшіріп басып жатты. Қазақ газеттері «Шырмауық» деп аударып жариялады. Осы тұста айтулы азаматқа төрткіл дүниеге танымал кемеңгер экономист ғалым Л.Итин бастаған мәскеулік ұстаздары торға тоғытылмай кел деп кеңес берді. Мұндай тәсіл қазақ жерінде оқтын-оқтын қайталанып отырғаны тарихтан белгілі. Экономист ғалымның Мәскеуге сапарын ел азаматтары ұйымдастырып, үш әріпті шаң қаптырып кетті. Бірақ олар қудалауын жалғастырды. Жанашырлары ғалымды қазіргі Санкт-Петерборға жіберді. Ол жерде де тыныштық бермеген соң Тәжік Республикасына жылжытты. Бұл кезде желтоқсанның ызғары қайтып, жылымық басталған еді. 90-жылға қарай еліне оралып, әртүрлі білім беру мекемелерінде дәріс оқыды. Артынан Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтының директорлығына ауыстырылды. Оның тікелей кірісуімен филиалдан қазіргі Алматы технологиялық институты болып өз алдына шаңырақ көтерді. Нарық талабына қарай маман дайындауды ол осында бастап кеткен еді.
Көптің көкейінде жүретін түйткіл: желтоқсанда жабылған жаладан арылып, үстем күштің қысым жасап ректор қызметінен заңсыз алып тастағанын ақ екенін дәлелдеу еді. Ақыры, сотқа шағым берді. Ойдан шығарылған ойран-топырдың құрбанына айналғанын сот анықтап, анықтап ғана қоймай, ақтап, аталмыш институтқа ректор болу жөніндегі шешімді шығарды. Сөйтіп, жалған жалақорлардың жапқан жаласынан біржола құтылады. 1994 жылы ол Қазақ мемлекеттік басқару академиясына ректор қызметіне қайта кіріскен кезде нарыққа көшу басталып кеткен еді. Ескі сүрлеу жаңа заманға жол аша алмайтыны белгілі. Ендігі жерде әлемдік білім беру стандарттарын игеру, озық елдердің үлгісін енгізу оның басты міндетіне айналды. Академияны университетке айналдырып, оған Тұрар Рысқұловтың атын беруге ұйытқы болды. Жаңа әлеуметтік-экономикалық жағдайда менеджер болудың қажет екенін ескеріп, бұл салада да тың ізденістерге барды. Алдымен студенттер мен оқытушыларды баспанамен қамтамасыз етуді алға оздырды. Жаңа білім беру жолында стандартқа сай оқулық жазу ісінде қолға алып, «Менеджмент және нарық: қазақстандық модель», «Қазақстан өнеркәсібінің нарыққа бейімделуінің әлеуметтік-экономикалық проблемалары» секілді оқулықтарды әріптестерімен бірге жазып, студенттерге ұсынды. Мұндай дүниелерді басып шығару үшін «Экономика» баспасының жұмысын жандандырды. Өз отандастарымыздың кітаптарымен қатар, С.Фишер мен Р.Дорнбуштың «Макроэкономика» оқулығын қазақ тіліне аударып, талапкерлер қолына тигізді. Бұл әлемдік оқу үрдісін танып-білуге молынан септігін тигізгені анық.
Нұрғали Мамыров 40-қа таяу азаматтардың ғылымға келуіне мүмкіндік жасап, олардың диссертация қорғауына да ұйытқы болғаны белгілі. Ондай азаматтардың қатарында Д.Блиев, К.Шалғынбаев, К.Мәсімов, А.Құлыбаев, Е.Баймұратов, М.Элизарова, тағы басқалардың болғанын айта кетсек дейміз.
Айтулы ғалым – жоғары мектептің білікті ұйымдастырушысы, көрнекті қоғам қайраткері, Ұлттық Ғылым академиясының толық мүшесі, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, өнеркәсіп пен білім беру байланыстарын нығайтқаны үшін «SPI Алтын медалінің» иегері.
Нұрғали Құлшыманұлы ағамыздың өмірден озғанына 40 күн таяп қалыпты. Төрткүл дүниені бір тарының қауызына сыйғызған қасіретті індет қаншама азаматтарды ажал тырнағына іліп жатыр. Атақ-абыройы жетерлік небір жақсы мен жайсаңдарымыз біреуі естіп, біреуі естімей бақиға аттануда. Қабілет-қарымы мықты, кісілігі мен кішілігі тең түсетін, адамды алаламайтын, қоғамның алтын қазынасы деп білетін ардақты азамат өмірден өткенде өнер жұлдызы, ұлт мақтанышы Асанәлі Әшімов ағамыз: «Нұрғали жолдас болып, бірге жүрген, әңгімеміз жарасқан азамат еді. Жүрегі кең, өзі бір жайсаң жан болатын. Осындай адамдардың арамыздан кеткені өте өкінішті, әрине. Еліне адал қызмет еткен мұндай азаматтарды ел-жұрты ұмытпай, есте сақтап жүретіні анық. Олай болса, көрнекті ғалым, абзал жан Нұрғали есімі әрдайым жанымызда болады» деген екен. «Адамдық борышың, халқыңа қызмет қыл. Ақ жолдан айныма, ар сақта – соны біл» деп Шәкәрім ойшыл айтпақшы, ар жолынан таймаған ғалым туралы бұл тебіреніске не алып, не қосуға болады. Бірін-бірі бағалаған ұлт арыстарының өнегелі өмірі, айтқан сөздері кейінгіге сабақ болса екен дейміз.
Сүлеймен Мәмет