Қаршығадай қазақ

Қаршығадай қазақ

Қаршығадай қазақ
ашық дереккөзі
Өткен ғасырдың 30-жылдары алдын ала ойластырылған түрлі ойран – ұлтымыздың қаймағын қалқып, жақ­сысын жапырып кетті. Оны ел болғалы бері әр қырынан айтып келеміз. Сол қарауылға алынған ұлт арыстарының арман-тілегі, бар аңсары «Ойланыңыздар: халық біз үшін емес, біз халық үшін туғанбыз, олай болса мойнымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр» (Ж.Аймауытов) деген қағидаға құрылған еді. Бұл бағыттан олар танбады, бастарын бәйгеге де, өлімге де тікті. Сол 30-жылдары өмірге келген ұрпақтың да өмір жолы оңай болмады, балалық бақытын бастан кешпеді. Бір қиындыққа бір қиындық ұштасып жатты. Сәл арқауы босай бергенде сұм соғыс өрттей лаулады. Соның шет-жағасын көрген, әңгімемізге арқау етіп алып отырған, отандық экономика ғылымының зерделі зерт­теушісі, Қаныш Сәтбаев академиясының академигі, ғылым док­торы, профессор, бүкіл еңбек жолын жоғары оқу орындарында өткі­зіп, ұстаздық қызметке арнаған, білімі ұшан-теңіз, білігі мық­ты ғұлама азамат Нұрғали Мамыров дер едік. Жақ­сыға жақын жүрсең – үйре­не­рің үлгі, еститінің – есті сөз. Нұр­ғали ағамен дидарласып, әңгіме-дү­кен құрудың өзі бір ғанибет. Соғыс бас­талғанда үш-төрт жасқа бет алған қар­шығадай өткір бала, әкесі Құлшыман мен кіші әкесі Нүсіп майданға аттан­ған­да, әкесін аға деп кеткен баланың құ­ла­ғын­да қалған мына бір сөзді әркез еске тү­сіретін. «Босамаңдар, біз Отан қорғауға бара жатырмыз!» деп сап түзеп бара жат­қан сәт – өмір бойы көз алдымнан кет­кен емес. Майданға аттанған жауын­гер­лер бір белестен аса бергенде анасы Нұ­рила бір сұмдық зар төкті. Қаршығадай ұлы «Аға «Босамаңдар, – деді ғой, – неге жы­­лайсыз?» деп артынан өзі де бозтор­ғай­дай шырылдайды. Бала мен ана қысы-жазы бір-біріне сүйеніп, көктемде егін айдасты, күз­де сол егінді орысты. Бір жылы өгіздің үс­тінде қалғып кетіп, тұлықтасқа аран­дап қала жаздағаны бар. Балғын балалық шақ сөйтіп өте берді. «Қырық жыл қыр­ғын болса да, ажалды өледі» деп екі әкесі де майданнан аман оралады. Нұрғали Құлшыманұлының алға қой­ған бар мақсаты, арман-тілегі – тек білім алу. Алақандай ауылдағы 7 жыл­дық мектепті үздік бітіріп, көрші ауыл­дағы 10 жылдық мектепке ауысады. Өз­ге замандастарынан оның бір ерек­ше­лігі – сол кезеңдегі далалық бригадада жаз бойы есепші болып жүретіні еді. Осыдан бо­лар есеп-қисап оқуына түсуді ерте бас­тан көкейіне түйіп қояды. Орта мектепті де үздік аяқтаған ол 1955 жылы өзі секілді құрбы­лары­­мен Алматыға аттанады. Ол кездің жүр­дек көлігі полуторка болатын. Таң­дауы – еліміздегі жалғыз университет – ҚазМУ-дің Экономика факультеті. Та­ла­бы мол, таланты жүрегін кернеген жас сы­нақтан қамшы салдырмай өте шығады. Тек бірінші жартыжылдықта орыс тілі аяғын тұсай бергені бар. Оны да іркілмей жеңіп шығады. 1-курсты үздік аяқтаған алғыр шәкірт С.Нейштадт, Т.Шәукенбаев, Ф.Жеребятьев, Д.Қабдиев секілді ұстаз­дардың назарына ілігеді. Сол оқу орнын өте жақсы аяқтаған азаматты оқытушы-профессорлар өздерінің қатарына қал­дыра­ды. Сөйтіп, өмір соқпағында шың­далған шымыр ауыл баласы қала тұр­ғы­нына айналады. Топ жарып тұрған жігіт­ті басшылық ол тұста екінің бірінің қо­лы жете бермейтін Г.Плеханов атын­дағы Мәскеу халық шаруашылығы инс­титутының аспирантурасына жолдама береді. Ол жерде де зерек жас оқи жүріп, экономист-ғалымдармен қолданбалы ғы­лыми-зерттеулерге қатысады. Үш жыл­ға жетпей кандидаттық диссертациясын қор­ғап, елге оралады. «Мәскеуде қал, бар­лық жағдай болады» деген жетек­ші­лерінің сөзіне, өзінің елі мен жерінен ар­тық жұмақ болмайтынын айтады. «Ол кезең экономика ғылымы бойын­ша өте қолайлы уақыт еді. «Ко­сы­гиндік» экономикалық реформаның қа­лыптасуына орай, жаңа идеялар туын­дап, экономиканы жеңілдетудің әртүрлі нұсқалары зерттеліп, зерделене бастады. Нұрғали Мамыров өнеркәсіптік өндірісті ұйымдастыру проблемалары жөніндегі ірі мектептің іргетасын Қазақ елінде ал­ғаш қалаушы болды», – дейді академик Жақия Әубәкіров. Оның бүкіл өмір жолы ҚазМУ-дің Экономика факультетінен бөлініп шыққан, Отанымыздағы алғаш­қы экономикалық жоғары оқу орны – Алматы халық шаруашылығы институ­ты­мен тікелей байланысты. Оқу орны­ның қалыптасуына да өзіндік үлесін қос­қанын айта кетуге тиіспіз. Алғаш оқы­тушы, доцент, кейін кафедра мең­геру­шісі, ғылым жөніндегі проректор бол­ды. Осы жерде алдыңғы толқынның өзара сыйластығы ойға орала береді. Айтулы экономистер, академиктер К.Сағадиев, К.Нәрібаев, Н.Мамыров – бірі ректор, екеуі проректор ретінде алтын ошақ­тың үш бұтындай қатар жүретін. Бір-бірімен сыйластығы да бөлек еді. Өмірден өткенше жұбын жазбай қатар жүрет­ін алыптар бұл күнде сиреп қалған секіл­ді. Алдыңғы екеуі өткен жылы, Нұра­ға биыл фәниден бақиға көп жұрт­ты топырлатай кете барды. «Нұрғали ағаны 1970 жылы көрдім. Орта бойлы, ойлы азаматтың кереқарыс маң­дайы, от шашып тұратын қос жа­нары, аққұба дидары – адамға деген ізет, ілтипаты бөлек, самал желдей жаныңды жа­дырататын сырлы сөзімен де қар­шы­ғадай қазақ бірден баурап алды. Ешкімді жа­тырқамайды, бауырына тартады, ақыл-кеңесін айтады. Оқытушы болған күннен бастап педагогикалық мате­риал­дарды таңдап, талғап алуда үлгі болды көбімізге. Әсіресе, шешендік өнерді әдіс­темелігіне кіргізе жүріп, ұлт тіліне ерек­ше мән берді. Оның өзіне ғана тән прин­ци­пі: бірде-бір адамды назардан тыс қал­дырмау керек, себебі ол адам қоға­мымыздың баға жетпес байлығы екенін білумен қатар, терең түсінді» деген саң­лақ академик Кенжеғали Сағадиевтің за­мандасы туралы жүрекжарды сөзі еске түседі. 1982 жылы Нұрғали Құлшыманұлы Алматы халық шаруашылығы инсти­ту­тына ректор болып тағайындалды. Жетекші экономикалық жоғары оқу орнын бес жыл ішінде заман үрдісіне сай, ілгері жылжытуға күш-жігерін жұмсады. Материалдық-техникалық базасын жақсартуды бірінші кезекке шығарады. Талап пен талғамды қатар қойып, ұлт экономистерін сапалы дайындау жо­лында жүрген қаршығадай қазаққа 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі ауыр тиді. 12 факультет декандарының 11-ін өз қан­дастарымыздан қойып, қазақ жас­тарын оқуға тарту жөніндегі ұмтылысы өзіне қатер болып жабысты. Өзге ұлттың балаларына мүмкіндік туғызбадың деген асыра сілтеу сөздер жағасына жармасты. Ақыры ректорлықтан босатып тынды. Жо­ғарыдағы биліктің тапсырмасы бойын­ша Нұрғали Мамыровты партия­дан шығару керек болды. Бірақ ұжым ком­мунистері бұған көнбеді. Есеп кар­точкасына жазылған сөгіспен тоқтады. Бұл кезде оған жақын жүрген адамдары те­мір тордың арғы жағына кеткен бо­ла­тын. Соларға қысым жасау арқылы, оған да бір қара дақ жағу тиіс еді. Түрмедегі азаматтар басшысын сатпады. Кінәсіз екенін айтумен болды. Қудалауға шын бекінгендер ізін аңдып, қалайда кінәлі етуді ойластырды. Сол кездегі мықты делінетін «Известия» газетінде «Паутина» деген жалалы мақала жарыққа шықты. Оның басты кейіпкерлерінің бірі – Нұра­ғаң. Мәскеуде жел соқса, Алматыда дауыл тұратыны бұрыннан белгілі. Орыс газет­тері көшіріп басып жатты. Қазақ газет­тері «Шырмауық» деп аударып жарияла­ды. Осы тұста айтулы азаматқа төрткіл дүниеге танымал кемеңгер экономист ғалым Л.Итин бастаған мәскеулік ұстаз­дары торға тоғытылмай кел деп кеңес берді. Мұндай тәсіл қазақ жерінде оқ­тын-оқтын қайталанып отырғаны тарихтан белгілі. Экономист ғалымның Мәскеуге сапарын ел азаматтары ұйым­дастырып, үш әріпті шаң қаптырып кет­ті. Бірақ олар қудалауын жалғас­тыр­ды. Жанашырлары ғалымды қазіргі Санкт-Петерборға жіберді. Ол жерде де тыныштық бермеген соң Тәжік Рес­публикасына жылжытты. Бұл кезде желтоқсанның ызғары қайтып, жылы­мық басталған еді. 90-жылға қарай еліне оралып, әртүрлі білім беру мекемелерінде дәріс оқыды. Артынан Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтының директорлығына ауыс­тырылды. Оның тікелей кірісуімен филиалдан қазіргі Алматы техноло­гия­лық институты болып өз алдына шаңы­рақ көтерді. Нарық талабына қарай ма­ман дайындауды ол осында бастап кет­кен еді. Көптің көкейінде жүретін түйткіл: желтоқсанда жабылған жаладан арылып, үстем күштің қысым жасап ректор қызметінен заңсыз алып таста­ғанын ақ екенін дәлелдеу еді. Ақыры, сотқа шағым берді. Ойдан шығарылған ойран-топырдың құрбанына айналға­нын сот анықтап, анықтап ғана қоймай, ақтап, аталмыш институтқа ректор болу жөніндегі шешімді шығарды. Сөйтіп, жал­ған жалақорлардың жапқан жала­сынан біржола құтылады. 1994 жылы ол Қазақ мемлекеттік басқару академиясына ректор қызметіне қайта кіріскен кезде нарыққа көшу басталып кеткен еді. Ескі сүрлеу жаңа заманға жол аша алмайтыны белгілі. Ендігі жерде әлемдік білім беру стандарттарын игеру, озық елдердің үлгісін енгізу оның басты міндетіне ай­налды. Академияны университетке ай­налдырып, оған Тұрар Рысқұловтың атын беруге ұйытқы болды. Жаңа әлеуметтік-экономикалық жағдайда менеджер болудың қажет екенін ескеріп, бұл салада да тың ізденістерге барды. Алдымен студенттер мен оқытушыларды баспанамен қамтамасыз етуді алға оз­дырды. Жаңа білім беру жолында стан­дартқа сай оқулық жазу ісінде қолға алып, «Менеджмент және нарық: қазақ­стандық модель», «Қазақстан өнеркә­сі­бінің нарыққа бейімделуінің әлеуметтік-экономикалық проблемалары» секілді оқулықтарды әріптестерімен бірге жа­зып, студенттерге ұсынды. Мұндай дү­ниелерді басып шығару үшін «Эконо­мика» баспасының жұмысын жандан­дыр­ды. Өз отандастарымыздың кітап­тары­­мен қатар, С.Фишер мен Р.Дорн­буш­тың «Макроэкономика» оқулығын қазақ тіліне аударып, талапкерлер қолына ти­гізді. Бұл әлемдік оқу үрдісін танып-білуге молынан септігін тигізгені анық. Нұрғали Мамыров 40-қа таяу аза­маттардың ғылымға келуіне мүм­кіндік жасап, олардың диссертация қор­ғауына да ұйытқы болғаны белгілі. Ондай азаматтардың қатарында Д.Блиев, К.Шал­ғынбаев, К.Мәсімов, А.Құлыбаев, Е.Бай­мұратов, М.Элизарова, тағы басқа­лар­дың болғанын айта кетсек дейміз. Айтулы ғалым – жоғары мектептің бі­лікті ұйымдастырушысы, көр­некті қоғам қайраткері, Ұлттық Ғылым академиясының толық мүшесі, эко­но­мика ғылымдарының докторы, про­фес­сор, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лау­реаты, өнеркәсіп пен білім беру бай­ланыстарын нығайтқаны үшін «SPI Алтын медалінің» иегері. Нұрғали Құлшыманұлы ағамыз­дың өмірден озғанына 40 күн таяп қалыпты. Төрткүл дүниені бір тары­ның қауызына сыйғызған қасіретті індет қаншама азаматтарды ажал тырнағына іліп жатыр. Атақ-абыройы жетерлік не­бір жақсы мен жайсаңдарымыз біреуі ес­тіп, біреуі естімей бақиға аттануда. Қа­­білет-қарымы мықты, кісілігі мен кі­шілігі тең түсетін, адамды алаламайтын, қоғамның алтын қазынасы деп білетін ардақты азамат өмірден өткенде өнер жұлдызы, ұлт мақтанышы Асанәлі Әшімов ағамыз: «Нұрғали жолдас болып, бірге жүрген, әңгімеміз жарасқан азамат еді. Жүрегі кең, өзі бір жайсаң жан бо­латын. Осындай адамдардың арамыздан кеткені өте өкінішті, әрине. Еліне адал қыз­мет еткен мұндай азаматтарды ел-жұр­ты ұмытпай, есте сақтап жүретіні анық. Олай болса, көрнекті ғалым, абзал жан Нұрғали есімі әрдайым жанымызда болады» деген екен. «Адамдық борышың, халқыңа қызмет қыл. Ақ жолдан айныма, ар сақта – соны біл» деп Шәкәрім ойшыл айт­пақшы, ар жолынан таймаған ғалым туралы бұл тебіреніске не алып, не қосуға болады. Бірін-бірі бағалаған ұлт арыс­тарының өнегелі өмірі, айтқан сөз­дері кейінгіге сабақ болса екен дейміз.

Сүлеймен Мәмет