Қазақ радиосының энциклопедиясы керек

Қазақ радиосының энциклопедиясы керек

Қазақ радиосының энциклопедиясы керек
ашық дереккөзі
Редакциядан: Биыл Қазақ радиосының құрылғанына 100 жыл толып отыр. Сонымен қатар 28 маусым – Бұқаралық ақ­парат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында Мем­лекет басшысы Қ.Тоқаев 1 қазанды Радио қызметкерлері күні деп жариялауды тапсырған болатын. Біз осы орайда болашақ жур­налистерді даярлау жолында еңбек етіп жүрген әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ оқытушысы, «Қазақ радиосының үздігі» төс­бел­гісінің иегері Жидегүл Әбдіжәділқызының Қазақ радиосы жайлы ма­қаласын жариялап отырмыз. Бұдан бір ғасыр бұрын іргетасы қа­ланып, уақыт аясынан тарихи тұ­ғырын иеленген Қазақ радиосы – қазақ хал­қының ұлылығын үн құдіретімен ұлық­таған ұлттың шынайы шежіресі. Қазақ ра­диосы – әуе толқыны мен көгілдір экранның қаһарманына айналған телерадиосөз­гер­лерді баулып, шыңдап, шебер маман етіп шы­ғарған кәсіби шеберлік мектебі. Қазақ радиосы – қазақ музыка өнері­нің мұрағаты. Халқымыздың сан алуан жанрдағы музыкалық шығармалары – «Алтын қорда» сақтаулы. Бұл ретте Му­зы­ка­лық хабарлар бас редакциясын 20 жыл бас­қарған Ілия Жақановтың арнайы экспе­ди­ция ұйымдастырып, жинақтаған жаз­ба­лары сол асыл қазынаның бір бөлшегі еке­­­нін атап айтқан абзал. Қазақ радиосы – ұлттық тұлғатану тарихының үншежіресі. Ұлт тұл­ға­лары туралы қағаз жүзіндегі деректер – бір төбе, ал сол тұлғаның өз аузынан айтқан ақиқаты – өз алдына бір төбе. Бауыржан Мо­мышұлының үнін естігенде біздің ұлтқа тән найзағай намыстың ұшқынын, қайсар рухтың екпінін сезініп, ерекше бір күй кешіп, қанаттанып қалатынымыз рас. 100 мың­нан астам жазбаны көздің қарашығын­дай сақтап, қорды заманауи үздік дүние­лер­дің электронды жазбаларымен толықтырып келе жатқан Қазақ радиосына тыңдарман­дар атынан – тағзым! Негізінен, бұрын тікелей эфирде сту­дияны ашып, жаңалықтарды оқып, концерттерді жүргізетін дикторлар бола­тын. «Әлемге аты әйгілі Юрий Левитаннан кейін 1945 жылы Жеңіс бұйрығын эфирге қа­зақ тілінде тұңғыш рет мен оқыдым, – де­ді Әнағаң асқақ үнмен тіл қатып». Бұл – Әнуарбек Байжанбаев туралы жазылған Сүлеймен Ақтаевтың «Дауылпаз дауыс» ат­ты естелік кітабынан келтірілген үзінді. 1944-1945 жылдары Қазақ радиосында дик­торлық қызмет атқарған Қазақ КСР-нің Халық әртісі Ермек Серкебаев сол жылдар­дағы тікелей эфирді былайша еске алады: «Таңғы сағат 06.00-де «Тыңдаңыздар! Алма­ты­дан сөйлеп тұрмыз!» деп сөйлейтінім есім­де. Уақытты айтып, жаңалықтар оқи­тын­быз. Соның ішінде, ең алдымен соғыс­тың хабарын айтамыз. Содан соң музыка береміз. Антон Максимович Москаленко басқаратын өзіміздің «Хор» және симфо­ния­лық оркестр бар еді. Радиодағылар ме­нің музыканы бітіргенімді білген соң, мик­рофон алдында ән айтқызып көрді. Сөйтіп, ән­ші ретінде қалыптасуым республикалық эфирден қазақ композиторларының шы­ғармаларын орындаудан басталды» («Әуе толқынында Қазақ радиосы» жинағынан). Сондай-ақ алаңдарда өтетін мерекелік шерулерден тікелей трансляциялар бері­летін. Бұл тікелей эфир болғанымен, трансляциялық жолмен берілгендіктен, шы­ғармашылық емес, техникалық сипат алды. Тікелей эфирдің функциясы толық мәнге ие болған жоқ. Ал цензура жойылып, журналистердің сөз бостандығын иеленуі, шын мәнінде жүзеге асқан кездегі тікелей эфир радиожурналистикадағы жаңаша әдістің кең қанат жаюына жол ашты. Қазақ радиосының Ақпарат бас редакциясы 1989 жылғы 1 қаңтардан бастап «Тәулік тынысы» – «Панорама дня» ақпаратты-сазды бағдар­ла­масын тікелей эфирге шығарды. Бұл айрық­ша құбылыс БАҚ жүйесіндегі үлкен бет­бұрыс болды. Қазақ радиосының баста­мас­ы күллі Қазақстан журналистерін таң­ғал­дырды десе де болғандай еді. Тікелей эфирде журналистердің жетекші рөлі арта түсті. Диктордың мәнерлеп оқитын мәтінін ра­диожурналистің шынайы өз сөзімен айтатын ақпараты, тікелей эфирде жүр­гізе­тін сұхбаты, меншікті тілшілермен ра­диоүн­десулері алмастырды. Сол кездері «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болған Шерхан Мұр­таза Ақпарат бас редакциясының шап­шаң жұмысы туралы былай деген еді: «Біз болған оқиғаны газет бетіне басып шығарғанша, Қазақ радиосының Ақпарат бас редакциясы ізін суытпастан жалпақ жұртқа жариялап үл­герді». Шынында, ақпараттың ең жеде­ғабыл, ең маңыздысын Қазақ радиосының Ақпарат бас редакциясы эфирге бірінші болып беретін. Нәтижесінде, 1990 жылғы 5 мамырда Қазақ радиосы Ақпарат бас редак­ция­сының ұжымы Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды. Бұрын тек жекелеген журналистер жүргізген хабарлары үшін әрқайсысы өз алдына лауреат атанатын. Бұл жолы Қазақстандағы журналистика әлеміндегі жаңаша тәсілді жүзеге асырған ұжымды барлық БАҚ өкілдері қызу қолдады. Осылайша, қазақ радиожурналистикасындағы тікелей эфир­дің іргетасын қалап, үздік үлгісін танытқан «Тәулік тынысы» – «Панорама дня» бағдар­ламасын әуе толқыны арқылы әйгілі еткен Қазақ радиосының Ақпарат бас редакция­сының ұжымы болатын. Содан кейін тікелей эфирде жұмыс істейтін радиоар­на­лар біртіндеп ашыла бастады. Қазақ радиосы – ұлттық радио­жур­на­листика ғылымының зертханасы. Бүгінге дейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика фа­культеті жанынан ашылған диссер­тация­лық кеңесте профессор Намазалы Омашев­тың жетекшілігімен Қазақ радиосын нысан етіп алған төрт кандидаттық диссертация қорғалған екен. Бұл диссертациялардың Қазақ ра­дио­сының тарихы мен жұмыс тә­сілін, кәсіби деңгейі мен аудиториясын ғылыми айналымға енгізген зерттеу еңбектер екені даусыз. Дегенмен Қазақ радиосына қатысты жетістіктердің артында сол іске күш-қай­ратын, ақыл-парасатын, жүрегі мен тілегін қосқан жандардың тұрғанын ескерсек, со­ның бәрін саусақпен санарлық диссер­тация­лардың аясына сыйғызу әсте, мүмкін емес. «Әуе толқынында Қазақ радиосы», «Ұлттың үнжариясы», «Қазақ радиосы – 90 жыл» атты мерейтойға арналған жинақтар шықты, биыл тағы да бір жинақ жарық көрмек. Тек Қазақ радиосының тарихын бұл жинақтардың ауқымымен қамту мүмкін емес. Дәл осы тұста үш ұсыныс-тілек бар: Бірінші, Ұлттық радиотұлғаларды алфавит бойынша тізбектеп, Қазақ радиосының энциклопедиясын шығару керек. Екінші, «Қазақ радиосы» атты деректі-көркем фильмдер топтамасын түсіру қажет. Үшінші, «Радиоестелік» атты электронды радиохрестоматия жасап, «Алтын қор» мұрағатына қосу керек.

Жидегүл Әбдіжәділқызы, филология ғылымдарының кандидаты, «Қазақ радиосының үздігі» төсбелгісінің иегері