Түркі бірлігінің қазіргі деңгейге жетуіне қазақ елінің қосқан үлесі зор
Түркі бірлігінің қазіргі деңгейге жетуіне қазақ елінің қосқан үлесі зор
Түбі бір түркі әлемін жақындастыра түсу үшін түрлі іс-шара атқарып келеді. Әсіресе, Елбасының түркі халықтарының бірлігін нығайтып, қатынасын жаңғыртып, рөлін айшықтау жолында атқарған қызметі зор. Бұл сөзді Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті жанынан құрылған Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры Бүлент Байрам да растайды. Түркі дүниесін зерттеп, тың деректерді халық назарына ұсынып жүрген түркологтің айтары аз емес.
Сіз Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дың Түркология ғылыми-зерттеу институтының директорысыз. Өзіңіз басшылық ететін ғылыми-зерттеу орталығының бағыт-бағдарын айтып берсеңіз. Болашақтағы жоба-жоспары қандай? Сосын тағы бір сұрақ, дербес мемлекет ретінде мойындалмаса да, туысқан түркі халықтары көп. Сіздер осы туысқан халықтардың әдеби мұрасын зерттеуді назарға алдыңыздар ма? Ол қалай жүзеге асып жатыр?
– Алдымен, түркология ұғымына тоқталайық. Қазақ тілінде түркітану ғылымы деп аталатынын жақсы білесіздер. Түркология – түркі халықтарының тілі мен әдебиетін, тарихы мен антропологиясын зерттейтін ғылым саласы. Мәдени және рухани құндылықтарды жинақтап, басын біріктіреді. Сондықтан институттың негізгі бағыт-бағдары – «Рухани жаңғыру» аясындағы түркі мәдениетіне негізделген, түркология ғылымына тән тілдік, тарихи, археологиялық ескерткіштерге байланысты теориялық-әдіснамалық зерттеу жүргізу. Осы бағыт арқылы ғылым мен білімнің дамуын және өндірістің өркендеуін нығайта аламыз. Түркі жұртшылығының білім ошағы саналатын ХҚТУ-дың зияткерлік және инновациялық әлеуетін көтереміз. 2002 жылдан бері институт жанынан бір жылда төрт рет «Түркология» журналы жарық көреді. Бұл журналда дүниежүзіндегі түрколог ғалымдардың түрлі тақырыптағы ғылыми-зерттеу мақалалары жарияланады.
Дұрыс айтасыз, дербес мемлекет ретінде мойындалмаса да, туысқан түркі халықтары көп. Бүгінде 30-дан аса түркі жұрты тіркелген. Олардың өзіне тән әдебиеті мен мәдениеті қалыптасқан. Бірақ руханиятының түп-тамыры түркі әлеміне ортақ. Сондықтан түркі халықтарының рухани құндылықтарын ортақ мұра санап, қадірлейміз. Одан кейін институтта қолжазба қоры бар. Мыңнан аса қолжазба сақталған қордағы материалдарды жинап, түгендеу – университет құрылғалы жүзеге асырылып келе жатқан шаруа. Қолжазбаларды ғылым әлеміне ұсыну, жарыққа шығарып, таныстыру – институттың негізгі мақсатының бірі. Өткен жылы қолжазба қорындағы сирек кездесетін еңбектердің сипаттамасы жасалды. Ендігі кезек – тарихи деректерді бір-бірден немесе жинақ түрінде жариялап отыру. 2020-2021 оқу жылында онлайн-конференция, дөңгелек үстел секілді 50-ге жуық ғылыми іс-шара өткіздік. Түркі әлеміне аты әйгілі 50-ден аса ғалыммен кездесу ұйымдастырылды. Бұл іс-шараларға түркология ғылымының айналасында жүрген әлемнің түкпір-түкпірінен ғылыми-зерттеушілер де шақырылды. Түркі дүниесінің рухани астанасына айналған Түркістан қаласының көркеюіне де үлес қосқымыз келеді. Ол үшін институтты түркі әлемінің өзекті мәселесін шеше алатын ірі зерттеу орталығына айналдыруды көздеп отырмыз. Айталық, Түркістанның жүздеген, тіпті мыңдаған жылдық тарихынан бөлек, қазақ, өзбек, татар, түрік, башқұрт, әзербайжан, украин, орыс, грек, неміс секілді түрлі ұлттар мен ұлыстардың мекеніне айналды. Бірақ әлі күнге дейін зерттеу нысанына айналмаған мәдени құндылықтарын заманауи әдістер арқылы зерттеуді қолға алдық. Бұл игі іс-шараны тек Түркістан немесе Қазақстанда ғана жүзеге асырып қоймай, түркі дүниесін құлағдар еткіміз келеді.
– Түркі әлемінің төрі – Түркістан қаласы. Ол түркітілдес елдер арасында елеулі маңызға ие. Бауырлас елдің ынтымағын нығайтуға бағытталған қандай іс-шара өткізу жоспарда бар?
– Түркі әлемінің рухани ұстазы Қожа Ахмет Ясауидің рухы жай тапқан, Қазақ хандығының астанасы болған Түркістан қаласы – тамырлас жұрттың рухани ынтымақтастығының темірқазығы. Бұл қала бізге мыңжылдық өркениеттен екі ұлы мұраны жеткізді. Біріншісі – Қожа Ахмет Ясауидан қалған құнды мұралар. Атап айтсақ, еңбектері мен сопылық ілімі, өнегеге толы өмір жолынан бастап, басына тұрғызылған кесенесі мәдени мұраның қатарын көбейтті. Екіншісі – «Ұлы Түркістан» деген атауды сақтап қалуымен құнды, өзгеден биік. Тарихи деректерде «түркілердің мекені» деген атау қазіргі таңда киелі, құтты мекенге айналды. Кіші Түркістанда жасалатын мәдени іс-шаралар Ұлы Түркістанмен қатар, күллі түркі жұртшылығын қамтитын деңгейде атап өтілуі керек. Осы тұста тағы да біздің институтымызға жауапкершілік артылады. Түркі әлемінің рухани астанасы деп жарияланған Түркістанның жаңа статусына жарасатындай орталық болуы үшін қолдан келгенді жасап жатырмыз. Әсіресе, тіл, әдебиет, фольклор, тарих салалары бойынша ғылыми жұмыстар жазылып, түркология ғылымындағы кем-кетіктің орны толып жатыр.
– Түркі әлемінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың орны айрықша екені даусыз. Сонау 1993 жылы ТҮРКСОЙ-ды құруы мен Нахчыван келісімі түркі әлемінің тарихындағы ірі оқиға болады. «Түркі кеңесінің Құрметті төрағасы» мәртебесін алуы да еленген еңбектің жемісі. Түркі жұртының бірлігін нығайтушы тұлғалар жайлы және Н. Назарбаевтың рөлі жайлы ой қозғасаңыз...
– Түркі дүниесі бірлігінің дәл қазіргі деңгейге жету жолында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үлесі зор. Назарбаев – түркі дүниесінің ақсақалы ретінде мәдениет пен саясат тұрғысынан, түркі халықтарының арасындағы көптеген мәселені шешу үшін аянбай тер төккен тұлға. Бүгінде Түрік кеңесі секілді халықаралық ұйымдарда түркі халықтарының байланысы мен ынтымақтастығын талқылай алатын деңгейге жету жолында Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегін атап өтуге болады. «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» секілді үндеулері тек қана Қазақстанда емес, Түркияда да ұранға айналды. Өзінің де Түркі кеңесінде айтып өткеніндей: «Түркі тілінде сөйлейтін халықтар» емес, «Түрік мемлекеттері» деп айтуды ұсынуы тарихи үндеу десек қателеспейміз. Түркі халықтарының байланысын нығайту жолында осы бірауыз сөз өте маңызды. Міне, Елбасы сөзінің нәтижесін көріп отырмыз.
– Сіз ғылыми-зерттеу институтының директоры болғандықтан, жас зерттеушілермен де жұмыс істейтініңіз белгілі. Түркі халықтары жастарының басын біріктіріп, олардың байланысын бекемдеу үшін осы уақытқа лайық қандай бастамалар көтеріп, жобалар ұсынуға болады деп ойлайсыз?
– Әрине, түркология саласындағы кез келген жұмыс түркі әлеміне әсер етеді. Мысалы, қоғамда түркологияның кейбір мәселелеріне байланысты түрлі пікірді естідік. Сол кезде көкейде «ұлттық түркологияны қалыптастыра аламыз ба, алмаймыз ба?» деген сұрақтың болғаны жасырын емес. Бұл бізді қатты толғандырды. Қазір түркі халықтары арасындағы мәдени, тарихи, әдеби саладағы тартыстар мен дау-дамайлар біздің бірігуімізге кедергі болып отыр. Ортақ мәдени мұраларымызды бөліп-жармай, тұтас қарасақ, көп нәрсеге қол жеткізер едік. Ол үшін түркі әлемін жақындастыратындай жаңашыл көзқарасты қалыптастыруға күш салуымыз керек. Осы мақсатта институтымыз түркі әлеміндегі жас түрколог мамандардың жиі бас қосуына мұрындық болып келеді. Сонымен бірге семинар, білім алу бағдарламалары негізінде, яғни ғылыми шеңбер аясында түркі халықтарының өзекті мәселелері қозғалып, олармен жас түрколог мамандардың айналысуына жағдай жасалған.
– Түркі халықтарының тарихи тамыры, рухани-мәдени өмірі бір-бірімен етене байланысып жатыр. Сіздің ойыңызша, бауырлас елдерді тағы да қандай фактор біріктіріп тұр?
– Жалпы, бұл мәселелерге қатысты жоғарыда қысқаша болса да тоқталдық. Түркі халықтарының рухани-мәдени мұрасы шын мәнінде ортақ деуге болады. Себебі біз алмағайып заманда саяси себептермен ғана бір-бірімізден қол үзіп қалдық. Бірақ тамырымыз ажырамады. Сонау Көктүрік жазбаларынан бастап, орта дәуірдегі, одан соңғы кезеңдердегі мәдени мұраларымызда ұқсастық қана емес, сабақтастық та бар. Ахмет Ясауи, Жүсіп Баласағұн, Юнус Эмре, Абай мұралары тек қазақ пен Анадолы түріктеріне тиесілі тұлғалар емес. Әлішер Науаи – өзбек, Мақтұмқұлы – түрікмен, тағы кім бар, тізе берсең көп. Осылай бөлінсек, түркі әлемі жақындаспайды. Шын мәнінде, бұл тұлғалар – бүкіл түркі әлемінің жарық жұлдыздары. Орта Азия, Сібір, Анадолы – ортақ Отанымыз. Оған ешкім дауласа алмайды. Мәдени мұраларға қатысты идеологияны жетілдіруіміз керек. Одан кейін бізді жақындастыратын ортақ әрі маңызды дүние – әліпби. Дүниежүзіндегі түркі әлемін бір арнаға тоғыстыратын ортақ әліпбиді қалыптастырсақ, әлдеқайда ынтымағымыздың берік болатынына шүбәм жоқ. Біз тек мәдени құндылықтар, ортақ мирастарды сөз еттік. Расында, саяси және экономикалық байланыстар да түбі бір түркі дүниесінің ынтымағына ықпал ете алады. Оны дәл қазір ХХІ ғасырда сезініп отырмыз. Түркі елдері әрдайым экономикалық және саяси жақтан бір-біріне қолдау көрсетіп, күш біріктіріп отырса, арадағы көптеген түйткіл шешіліп, туысқандық пен жақындықтың жібі үзілмес еді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА