Советқали Қартбаев: Қазақ дипломатиясы әлемде ел беделінің биіктеуіне зор әсер етті

Советқали Қартбаев: Қазақ дипломатиясы әлемде ел беделінің биіктеуіне зор әсер етті

Советқали Қартбаев: Қазақ дипломатиясы әлемде ел беделінің биіктеуіне зор әсер етті
ашық дереккөзі
Қазақстан өз тәуелсіздігін ал­ған­нан бері оның іргесінің бе­куі­не, жас мемлекеттің әлемде оң имид­­жі қалыптасып, халықаралық саясатта салмағының артуына елі­міз­дің дип­ло­маттары үлкен еңбек сіңірді. Құрылғанына көп уақыт өтпесе де қа­зақ дипломатиясы – мемлекеттік басқару ісі­нің аса маңызды құрамдас бөлігіне ай­налған сала. 1992 жылғы 2 шілдеде Қа­зақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «ҚР Сыртқы істер министрлігі туралы», «Қазақстан Республикасының ел­шілігі туралы» және «ҚР Төтенше және өкілетті елшісінің негізгі міндеттері мен құ­қықтары туралы» ережелерді бекіту жө­ніндегі Жарлыққа қол қойды. Сөйтіп, Қа­зақстанның сыртқы саясатының алғашқы тұжырымдамасы қабылданды. Ал Қазақ­стан Республикасы Президентінің 2009 жыл­ғы 1 шілдедегі №837 Жарлығымен 2 шілде Дипломатиялық қызмет күні деп белгіленді. Атаулы күнге орай Қазақстан Респуб­ли­касы дипломатиялық қызметінің еңбек сіңір­ген қызметкері Советқали Қартбаевпен қазақ дипломатиясының қалыптасу, даму кезеңдері жайында әң­гімелескен едік.

− Советқали Қамаубайұлы, жұрттың бәріне болмаса да біразына мемлекет мүд­десін қорғайтындардың алғы ше­бінде салқын ақыл мен сергек ойдың адам­дары саналатын дипломаттардың жүре­тіні белгілі. Сондықтан әңгімені бү­гін­де орныққан, толысып жетілген қа­зақ дипломатиясының тарихынан бас­тасақ. − Тәуелсіздіктен бұрынғы кезең туралы айт­сақ, ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін Бірік­кен Ұлттар Ұйымы құрылғанда КСРО-ның сол кездегі басшысы И.Сталин 15 одақтас рес­публиканың бәрін БҰҰ-ға мүше қылғысы кел­ді. Соған дайындалып, Қазақстан Сыртқы іс­тер министрлігінің штаты да, тұрған жері − бәрі кеңейтілген болатын. Одан бұрын, 1944 жылғы ақпанда «Кеңестік респуб­ли­ка­лар­ға сыртқы қатынастар саласында өкі­лет­тілік ұсыну туралы және осыған байланысты Сыртқы істер халық комиссариатын жалпы­кеңес­тіктен кеңестік-республикалық Халық ко­миссариатына қайта құру туралы» КСРО заңы қабылданғаннан кейін одақтас рес­пуб­ликаларда Сыртқы істер министрі лауазымы пай­да болған-ды. Заң бойынша сол тұста бар­лық одақтас республикалардың шетел­дер­мен тікелей қарым-қатынас жасауға құ­қы­ғы болса да, барлық негізгі сыртқы саяси функ­цияларды КСРО Сыртқы істер министр­лігі атқарды. Осылайша, 1944-1974 жылдарда рес­публикамыздағы Сыртқы істер министрі­нің міндетін Қазақ КСР Министрлер кеңесі төра­ғасының орынбасарлары қоса атқарды. Ал­ғашқы министр (ол кезде бұл лауазым Қа­зақ КСР Сыртқы істер халық комиссары деп аталатын) болып Төлеген Тәжібаев та­ғайын­далды. Бірақ АҚШ пен Батыс елдері қар­сы болғаны себепті КСРО-ның ұсынысы өт­пей, соғыс кезінде зардап шеккен Ресей Фе­дерациясы мен Украина, Беларусь ғана БҰҰ-ға мүше болып, өзге республикаларға он­дай құқық берілмей қалды. Дегенмен елі­мізде бұл ведомство сақталып, 1944-1991 жыл­дар аралығында Төлеген Тәжібаев (үш рет), Қайырғали Байғалиев, Асқар Закарин, Өтешқали Атамбаев, Әди Шәріпов, Балжан Бөл­тірікова, Мәлік Фазылов, Мүсілім Базар­баев, Михаил Есенәлиев, Ақмарал Арыс­тан­бекова секілді белгілі тұлғалар Қазақ КСР Сыртқы істер министрі лауазымын атқарды. Бұ­лардың арасында төрт адам (А.Закарин, Ө.Атамбаев, Ә.Шәріпов, Б.Бөлтірікова) Сырт­қы істер министрі қызметін Қазақ КСР Ми­нистр­лер кеңесі төрағасының орынбасары лауа­зымымен қоса алып жүрді. − Өзіңіз дипломатия саласына кеңес­тік дәуірде келген екенсіз... − 1958 жылы Балқаш қаласында орта мек­­тепті бітірген соң, білім қуып Алматыға кел­дім. Өзі ауыр жұмыстың қиындығын көр­ген соң, мені де қиналмасын деп ойлаған шы­ғар, анам мұғалім болғанымды қа­­лайтын. Ал мен Шет тілдер институтына бар­ғым келеді. Дегенмен анамның қалауын жа­сап, ҚазПИ-дің физика-математика фа­куль­тетіне құжатымды тапсырғаныммен, бір емтиханнан сүрініп, оқуға түсе алмадым. Келесі жылы жүрек қалауым болған Алматы пе­дагогикалық Шет тілдер институтының не­міс тілі факультетіне ешбір кедергісіз, бар­лық сыннан жеңіл өтіп, студент қатарына қо­­сылдым. 1964 жылы институтты бітірген соң мені сонда оқытушылыққа қалдырды. 1966 жылы өміріме үлкен бетбұрыс әкел­ген бір оқиға болды: сол кезде ГДР Орталық пар­тия комитетінің Герхард Науман деген жауап­ты қызметкерінің бірі Қазақстанға Жастар ұйымы жұмысымен танысуға келген-ді. Институтта сабақ беріп тұрған жерімнен рек­тор шақыртып алып, тездетіп Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінің бірінші хат­шы­сы Өзбекәлі Жәнібековке баруым керегін айт­ты. Сөйтіп, Өзбекәлі ағамыздың қалауы­мен бір апта бойы Науманның қасында ау­дар­машы болдым. Қызметім ол кісіге ұнаса ке­рек, жоғары жаққа мен туралы жағымды пі­кір айтыпты. Содан 1967 жылы ҚазКСР Сыртқы істер министрлігіне қызметке өттім. Ол кезде министріміз осындай жоғары дәре­же­ге өз білім-білігімен жеткен Балжан Бөл­тірі­кова еді. Байсалды, салмақты кісі. Кез кел­ген мәселені шешуде батыл, өткір шешім қабылдайтын. Ол тұста Сыртқы істер министрлігі қазір­гі­дей аса айбарлы мекеме емес, 10-12 адам жұ­мыс істейтін шағын құрам. Көбіне кон­сул­дық, протоколдық жұмыстар жүргізеді, сол сияқ­ты сырттан келген түрлі делегацияны қа­был­дап, шығарып салу қызметін атқарады. Ал­ғашқы жұмысым консулдық-құқықтық сұрақ­тар бөлімінде басталды. Өз міндетімді уа­қытында ойдағыдай орындап жүрдім. Жо­ғарыда айтқандай, бастығымыз – Балжан Бөл­тірікова. ҚазКСР Министрлер кеңесі төра­ға­сының орынбасары ретінде Қазақстанның бүкіл әлеуметтік, білім, мәдениет, ғылым, спорт, идеология саласына басшылық жа­сай­тын ол кісі бір күні мені өзіне көмекші етіп ал­ғысы келетінін айтты. Басында ол ұсы­ныс­ты қобалжумен қабылдасам да, Балжан Бөл­тірікқызы өзі қолдаған соң жұмысты игеріп кет­тім. Сөйтіп, бұл қызметті 1973 жылға дейін атқардым. Одан соң білім саласына ке­тіп, 1992 жылға дейін сонда жұмыс істедім. − Тәуелсіз Қазақстанның Сыртқы іс­тер министрлігі құрылған кезде соның не­гізін қалағандардың қатарында бол­дыңыз. Жаңа қазақ дипломатиялық құ­ры­лымы қалай пайда болды? − 1991 жылы КСРО тарап, еліміз тәуел­сіз­дік­ке қол жеткізді. Жер қойнауы қазынаға то­лы болғанымен, әлемге танымал емес жас мем­лекеттің халықаралық беделін көтеріп, эко­номикалық жағынан дамуы үшін өзге ел­дермен алыс-беріске негізделген келіс­сөз­дер жасау қажеттігі туды. Міне, осы кезде ел­дің сыртқы саясатын Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстан­ған саясатына сай жүргізу үшін сауатты да күшті ведомство құру күн тәртібінде тұр­ды. Өйткені жас мемлекеттің аяғынан тік тұ­рып, дүниежүзіндегі дамушы, дамыған мем­лекеттерімен тең дәрежеде тұрып сөй­лесуі үшін сыртқы саясаттың мықты болуы қажет екені белгілі. Бірақ бұл оңай жұмыс емес-ті. Жаңадан құрылғалы жатқан Сыртқы іс­тер министрлігі бұған дейінгі ведомстводан 20 есе үлкен болатын. Бұрын бұл ведомство­ның штаттық құрамы 15 адам болса, енді сол кездегі жоба бойынша Сыртқы істер ми­нистр­л­ігінің орталық аппаратында 300-ден аса, шетелдегі өкілдіктер мен елшіліктерде 400-ден аса маман, кадрлар жұмыс істеуі тиіс еді. Ал ол кезде Сыртқы істер министрлігі қ­ұ­рыл­ған бойда жоғары дәрежеде жұмыс істеп кете беретін мамандар тапшы болатын. Бірақ бұл дипломатия саласында қазақтар жоқ дегенді білдірмейді, кеңестік кезде олар бол­ды және әрқайсысы әр жақта жүрді. Сыртқы саясатты жүзеге асыратын басты тұлға дипломаттар болғандықтан, кәсіби қа­зақ дипломатиясын жасақтау да ең маңыз­ды жұмыс. Сондықтан Сыртқы істер ми­нистр­лігіне халықаралық қатынастар ма­ман­дарын тауып, елшілерге іріктеу жүргізу қажет еді. Оның үстіне сол тұста елімізде дипломат ма­мандар дайындайтын оқу орны жоқ бо­ла­тын. Міне, осылардың бәрін қысқа уақыт ішін­де шешу керек. Сол кезде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының өзі бұл мәселені ті­келей қадағалап, әлемнің түрлі елдерінде дип­ломатиялық қызметте жүрген қазақ аза­маттарын тәуелсіз Отанымызға қызмет етуге ша­қырды. Ол нәтижелі іс болды. Сол ша­­қыру­мен келгендер арасында дипломатия сала­сын­да ысылған, мол тәжірибеге ие 12 маман қа­зақ болды. Еліміздің Сыртқы істер ми­нистр­­лігінің негізін қалаған бұл тұлғалардың бәрінің де тәуелсіз қазақ дипломатиясы та­ри­хында лайықты орындары бар. Азат Қазақстанның тұңғыш Сыртқы іс­тер министрі болып Төлеутай Сү­­­лейменов тағайындалды. Ол 1977-1980 жыл­дары КСРО Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясының тың­дау­шысы, одан соң КСРО Орта Шығыс елдері бө­лі­мінің бірінші хатшысы, 1981-1985 жыл­дары Ауғанстандағы КСРО Бас өкілдігінің Ма­зари-Шариф қаласындағы консулы, 1985-1988 жылдары КСРО Сыртқы істер ми­нистр­лігінің Орта Шығыс елдері бөлімінің кеңес­шісі, 1988-1991 жылдары Ирандағы КСРО ел­ші­лігінің кеңесшісі қызметін атқарған еді. Осы­лайша, кеңестік дипломатияның сы­ны­нан өткен Төлеутай Ысқақұлы аз уақыттың ішінде өз маңына дипломат мамандарды шо­ғырландырып, жас тәуелсіз мемлекетті шет­елдерге таныстырып, келелі келіссөз жүр­гізуде өте үлкен жұмыс атқарды. 1994 жылы Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі болса, кейін Венгрия, Бельгия, Польша мемлекеттерінде елшілік қызметте болды. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер ми­нистрінің бірінші орынбасары болып та­ғайындалған Сәлім Құр­ман­ғожин Алматы педагогикалық Шет тілдер инс­титутынан соң, КСРО Сыртқы істер ми­нистрлігінің Жоғары дипломатия мектебін бітіріп, ҚазКСР Сыртқы істер министрлігінде екін­ші, бірінші хатшы, соңынан 1963-1967 жылдары Біріккен Араб Республикасындағы КСРО елшілігінің 3-хатшысы, 1967-1973 жыл­дары КСРО Сыртқы істер министрлігінде жауап­ты қызметкер, 1973-1978 жылдары КСРО-ның Стамбұл қаласындағы консулы, 1978-1984 жылдары КСРО Сыртқы істер ми­нистрлігі Бас хатшылығының кеңесшісі, 1984-1989 жылдары Эфиопиядағы КСРО елшілігінің кеңесшісі, 1989-1992 жылдарда КСРО Сыртқы істер министрлігі елшіліктер­мен жұмыс ісінің сарапшысы болған. Тәуелсіз Қазақстанның Сыртқы істер министрінің бірін­ші орынбасары лауазымынан соң елі­міз­дің Венгриядағы елшісі болды. КСРО Сыртқы істер министрлігі Мәскеу мем­лекеттік халықаралық қатынастар инс­ти­тутын бітірген соң 1975 жылы КСРО Сыртқы істер министрлігіне жұмысқа кірісіп, Син­гапур Республикасындағы кеңестік ел­шілікте жұмыс істеген, 1984-1985 жылдары КСРО Сыртқы істер министрлігінде қызметте бол­ған, 1991 жылға кейін Пекиндегі кеңестік ел­шілікте екінші хатшы, бірінші хатшы және кеңесші лауазымдарын атқарған Қасым-Жомарт Тоқаев тұңғыш Қазақстан Рес­публикасы Сыртқы істер министрінің орын­басары болып тағайындалды. 1993 жы­лы Сыртқы істер министрінің бірінші орын­басары және 1994 жылы Қазақстанның Сыртқы істер министрі болып тағайындалды. Сыртқы істер министрі лауазымында 10 жыл ең­бек еткен (1994-1999, 2002-2007) Қасым-Жомарт Кемелұлы әлемде ядролық қаруды тарат­пау ісіне белсене қатысып, үлкен еңбек сіңір­ді. Қазақстанның ядролық қарудан өз еркі­мен бас тартуы ‒ халықаралық саясатта Қа­зақстанның атын шығарған аса маңызды дип­ломатиялық жетістік еді. Қазақстанның екінші Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық саясатта да аса ірі дипломатиялық қызмет атқарған ірі тұлға. Оның посткеңестік елдер арасында алғаш рет 2011 жылғы 12 наурыз бен 2013 жылғы 16 қа­зан аралығында БҰҰ бас хатшысының орын­басары және БҰҰ бас хатшысының Қару­сыздану жөніндегі конференциядағы же­ке өкілі рангіндегі БҰҰ Женевадағы бөлім­ше­сінің бас директоры қызметін атқаруы ‒ қа­зақ халқы үшін үлкен жетістік. Түрлі ел­дер­дің жоғары дәрежелі атақтарының иесі Қасым-Жомарт Кемелұлы халықаралық қа­тынастар мәселелері бойынша көптеген ма­қаланың және 9 кітаптың авторы. Бұдан басқа Қазақстан Сыртқы істер ми­нистрлігі құрылуында зор еңбегі бар Меңжан Ғиззатов, Ибрагим Аманғалиев, Болат Нұр­ға­лиев, Қайрат Исағалиев, Қайыр Омаров, Нұр­лан Дәненов секілді дипломаттардың атын құрметпен атай кеткен дұрыс. − Тәуелсіз Қазақстанның шетел­дер­дегі алғашқы елшіліктері қалай ашылды жә­не алғашқы елшілеріміз кімдер бол­ды? − 1992 жылғы 2 шілдеде Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «ҚР Сыртқы істер министрлігі туралы», «Қа­зақ­стан Республикасының елшілігі туралы» жә­не «ҚР Төтенше және өкілетті елшісінің не­гізгі міндеттері мен құқықтары туралы» ере­желерді бекіту жөніндегі Жарлыққа қол қой­ған соң, Елбасының осы Жарлықтарын бас­шылыққа ала отырып, шетелдерде Қазақ­станның елшіліктері мен өкілеттіктерін құру ісі басталды. Шынын айту керек, шетелдердегі елшіліктерді ашу көптеген қиындықтарды жеңуі керек еді. Тіпті, ол кезде Қазақстанмен қа­рым-қатынас жасағысы келетін кез келген ел­де елшілік ашуға мүмкіндік жоқ еді. Өйт­кені бұрын Қазақстанның өзінің дербес ел­шіліктері болмаған соң алғашқы кезекте елшілікке керекті ғимарат, ел­шілік қызметкерлері тұратын үй, олардың ба­лаларын балабақша мен мектепке ор­на­ластыру, отбасына жағдай жасау, елшілік қыз­меткерлеріне арналған автокөліктердің болуы секілді мәселелер бар. Ол кезде мұның бә­рін шешу өте қиын болды. Дипломатиялық дәре­жең АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Ресей, Қы­тай секілді әлемнің алпауыт елдерімен бір­дей болуы үшін жаңағы мәселелердің бә­рін шешу керек, ал оның бәрі қаражатқа ті­ре­летін. Енді ғана тәуелсіздігін алып жатқан Қа­зақстанда қаржы тапшылығы болды. Со­лай болса да тәуелсіздіктің алғашқы екі жы­лында шетелдерде Қазақстанның 17 елшілігі ашылды. Елшілікті құр ашып қоя алмайсың, оның ат­қаратын миссиясы үлкен. Онда саясаттан бас­тап сан-салалы айналысу қажет бола­тын­дық­тан, бұған сай білікті маман кадрлар ке­рек. Сол үшін шетелдерге елші болып бара­тын адамдардың білім-білігі мен шаруашы­лық, экономикалық жұмыстардағы тәжіри­бе­сі терең сараптаудан өтіп, елімізде басшы қыз­меттерде болған тұлғалар мен зиялы қауым өкілдері іріктелді. Ал алғашқы елшілерге келетін болсақ, Түр­кияға сол кезде Мәскеудегі КСРО Ми­нистр­лер кеңесіндегі Қазақстанның тұрақты өкілі болып тұрған Қанат Саудабаев, Ресей Фе­дерациясына Шымкент облыстық со­ве­тінің төрағасы Виктор Темірбаев, Германия Фе­­дерациясына Талдықорған облыстық со­ветінің төрағасы Сағымбек Тұрсынов, Фран­ция­ға Экономика министрі Тілеухан Қаб­драх­­­манов, Бельгияға Қазақстан Респуб­ли­касы Сауда-өнеркәсіптік Палатасы прези­диу­мының төрағасы (кейіннен НАТО жанындағы Қа­зақстан Республикасы өкілдігінің бас­шы­сы) Әуесхан Қырбасов, АҚШ-қа КСРО-ның Канададағы елшілігінің экономика жөніндегі кеңесшісі Әлім Жанбуршин, Италияға ақын, қо­ғам қайраткері Олжас Сүлейменов, Қыр­ғыз­станға ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Ша­ханов, Өзбекстанға Сыртқы істер ми­нистрі­нің орынбасары болған Сайлау Батыр­шаұлы, Қытайға шығыстанушы ғалым Мұрат Әуезов, Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйы­мын­дағы өкілдігінің басшылығына ҚазКСР-де соңғы Сыртқы істер министрі қызметін атқарған Ақмарал Арыстанбекова тағайын­далды. Екінші лекте Ұлыбритания корольдігіне қо­ғам қайраткері, әкімшілік қызметте мол тә­жірибесі бар Нұртай Әбіқаев, Үндістанға Мұхамет­жан Исаев, Венгрияға Сәлім Құр­манғо­жин, Пәкістанға Қазақстан Жоғарғы Со­тының Төрағасы Тамас Айтмұхамедов, Әзербайжанға Ибрагим Аманғалиев елші бо­лып тағайындалды. Міне, бұлар тәуелсіз елі­міздің дипломатиясының алғашқы қар­лы­ғаштары еді. Мұның бәрі еліміздің сол кез­дегі сыртқы саясатының қалыптасуы мен да­муының алғашқы кезеңіне сәйкес келген жә­не өзін-өзі ақтаған тағайындау болды. Ел дип­ломатиясын қалыптастыруда Елбасының таңдауы түскен бұл азаматтардың бәрінің де мем­лекет тарихында орны бар деп білемін. − Тәуелсіздік дәуірінде де дип­ло­ма­тия­лық қызметте болғаныңызды біле­міз, қандай қызметтер атқардыңыз? − 1992 жылы аудандық оқу бөлімінің мең­герушісі болып жүрген жерімде Алма­тыдан Сыртқы істер министрлігінен қоңырау соғып, «Кадр бөліміненбіз. Министрлікке ма­ман кадрларды іріктеу жұмыстары жүріп жа­тыр, келіп конкурсқа қатыссаңыз болады» деп хабарласты. Жаңадан құрылып жатқан Қа­зақстан Сыртқы істер министрлігі бұрын­ғы кадрларды іздестіріп жатқан болса керек, құжаттарымды тапсырып, еш кедергісіз қызметке қабылдандым. Министрліктегі алғашқы қызметім консулдық басқарманың Азия елдері бойынша бөлім меңгерушілігі бол­ды. 1993 жылы Үндістанға консул етіп та­­­ғайындалдым. Сол қызметте жүргенімде Қазақстанның Сыртқы істер министрі болып та­ғайындалған Қасым-Жомарт Тоқаев мені елге шақырып алып, Сыртқы істер министр­лігі­нің Кадр жөніндегі басқармасының бас­тығы етіп тағайындады. 1997 жылы Прага қа­ласында ашылған Қазақстан өкілдігінің бас­шысы болып тағайындалып, бұл қызметті 2002 жылға дейін атқардым. Сол жылы бас­шы­лық мені Моңғолияға Сенімді өкіл етіп жі­бе­ріп, бұл қызметті 2007 жылға дейін ат­қар­дым. − Қазіргі қазақ дипломатиясы тура­лы не дер едіңіз? − Қазіргі қазақ дипломатиясы кемеліне келген дипломатия деп сеніммен айта ала­мын. Осыдан 29 жыл бұрын еліміздің әлемнің 17 елінде ғана елшілігі мен консулдығы бол­са, қазір олардың саны 70-тен асады. Бүгінде Қазақстан өз тәуелсіздігін мойындаған 170-тен аса елдермен жан-жақты белсенді қарым-қатынас орнатқан. Мұның бәрі жас мемлекет үшін үлкен жетістік. Бүгінгі Қазақстанның Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев дипло­ма­тия саласының үлкен тұлғалы өкілі, әлемге танымал беделді саясаткерінің бірі. Сондық­тан біздің еліміздің сыртқы саясатта әлемнің барлық елмен терезесі тең. Елімізде дипло­матия жүйесі қалыптасқан, дипломаттарды дайындайтын арнаулы оқу орындары бар. Сөзімді қорыта келе айтарым, қазақ дипло­матиясы әлемде еліміздің беделін биіктетуге зор еңбек сіңірді және ол тәуелсіз еліміздің дү­ниежүзінде қуатты елдердің қатарына қо­сылуына үлкен ықпал етті. − Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Ахмет ӨМІРЗАҚ