Жаңа астана − азаттық символы

Жаңа астана − азаттық символы

Жаңа астана − азаттық символы
ашық дереккөзі
ХХ ғасырдың соңы қазақ халқы үшін саяси үлкен бетбұрыс кезеңі болды. Бір жарым ғасырдай уақыттан соң тәуелсіздігіне қайта қол жеткізіп, азат мемлекет құрған елдің ойы ауқымды, мұраты биік, арманы асқақ еді. Сол ұмтылыс елдің жаңа Конституциясын қабылдатып, тұңғыш Прези­ден­тін сайлады, Әнұранын жаңаша шырқап, Елтаңбасын мөріне орнатып, көк Туын тиісті орындарда жел­біретті, өз армиясын құрғызып, қазақ тіліне Мемлекеттік тіл мәртебесін бергізді. Шекарасын шегендеп, жаңа астанасының қазығын қақты. Тәуелсіз елге ұстын болар осынау істерді тізбелеп отырып біз соның ең соңғысына міндетті емес бір нәрсені кіргіздік. Ол − елдің жаңа астанасы туралы сөз. Алдыңғылардың бәрі то­­лық­қанды тәуелсіз мемлекеттің атрибуттары, сондықтан оның жасалуын күллі әлем заңды нәрсе санап, қалыпты құбылыс ретінде қабылдайды. Ал елдің бас қаласын жаңарту не ертеңін ойлаған елдің ісі, не асқан-тасқан мемлекеттік жұ­мысы. Біз үшін − болашақ стратегиясы болды. Анау «азат елдердің мызғымас одағы» дәуірінде жер шарының алтыдан бір бөлігін алып жатқан Кеңес Одағының саяси картасына зер сала қараған адам үлкен мемлекетке жараспайтын бір белгіні байқар еді. Ол − сол кезде елдің орталық қаласының қапелімде көзге шалынбайтын батыс жақ шетте орналасуы. Ал Қазақ елі тәуелсіз мемлекетке айналған шақта біздің де картамызда соған ұқсас белгі болды, сол тұс­тағы астанамыз − Алматы қаласы Қазақстанның етегінде тұр­ды. Географиялық жақтан алғанда елдің оңтүстіктегі ше­кара­сында. Әрине, Алматы ел астанасы мәртебесін иеленген 69 жылдай уақытта әдемі мегаполиске айналды. Алатаудың баурайында орналасқан бұл қаланың көркіне сұқтанбайтындар аз еді. Қазақстан үлкен республикаға айналғанда оның ғылыми-мәдени, саяси-экономикалық орталығы болып ұлтымыздың жан-жақты дамуына зор әсер етті. Бірақ заман өзгеріп, ел тағдырын өз қолымызға алғанда Алматының саяси тұрғыда ел орталығы ретінде маңызы әлсіреп бара жатқаны байқалды. Оны өзгеден бұрын түсініп, ұлан-ғайыр кең даласы бар мемлекетті бір шетте тұрып басқарудың тиімсіздігін ұғып, Қазақстанның бас қаласы елдің төрінде тұруы керек деп батыл шешім қабылдаған Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еді. Ол кезде ел астанасын өзгерту деген еш­кімнің ойына кіріп-шыға бермейтін идея-тұғын. Себебі біріншіден, Алматы күллі қазақтың жүрегіне Қазақ елінің ас­танасы ретінде әбден орныққан-ды, екін­шіден, тәуелсіздігіне енді қолы жетіп, эко­номикалық тұрғыдан әлі еңсесін кө­тере қоймаған елдің ел орталығын басқа жер­ге көшіруі дегенді түсіну қиын еді. Рас, ол кезде саяси-экономикалық тұрғыдан да, мәдени-рухани жақтан шешілуі тиіс проблемалар шаш етектен болатын. Бірақ соның бәрінен елдің тұтастығы мен дамуы қым­бат еді. Жаңа астана салу арқылы со­ның бәрін шешіп, елдің өркендеуіне жол ашамын деген Елбасының ойына сол кезде сене қойғандар аз болғанымен, Мемлекет басшысының жеке басын құрметтейтіндер оның соңына еріп, Арқа төсіндегі ақ шаң­қан қаланы дамытуға аттанды. Дегенмен бұған жұрттың көзін жеткізу Елбасына оңай болған жоқ. 1994 жылғы 6 шілде күнгі Нұрсұлтан Назарбаев сол кездегі Парламент − Қа­зақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі де­путаттары қарауына ел астанасын кө­шіру туралы мә­селені ұсынып, сөз сөйледі. Президент де­путаттар алдында сөйлеген сөзінде ел астанасының шекараға жақын болмай, мүмкін болғанынша елдің ор­та­лығында орналасуы тиіс екенін айтты. Сон­дай-ақ егемен елдің жаңа даму стра­тегиясына сәйкес Пар­ламентке, Сыртқы істер министрлігіне, Қор­ғаныс министр­лігіне, Ұлттық қауіпсіздік ко­митетіне, банктерге, тағы да басқа қа­жет­тіліктерге арнап ғимараттар салу қажеттігін, ал ондай мүмкіндіктің қазіргі бас қалада өте аздығын, астана болып тұрған Алматының елдің өзге қалаларымен салыстырғанда құрылыс жұмыстарының тым қымбатқа тү­се­тінін айтып, жаңа астананы құру қа­жет­­ті­лігін дәлелдеді. Сонымен бірге оң­түстік об­лыстарға қарағанда солтүстік об­лыстарда ха­лықтың тығыздығы төмен екені, сондық­тан халықтың көші-қонын елдің Арқа жа­ғына бағыттаудың тиімділігін айтты. Жиында түрлі пікірлер болды, бірақ пі­кірсайысқа қатысушылардың басым көп­­шілігі ел Президентін қолдап, парла­ментшілер ел астанасын қөшіру туралы Қаулыны бекітті. Сөйтіп, бұл жөнінде алғашқы заңды құжат пайда болды. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің Қаулысы Қазақстан Республикасының астанасын көшіру туралы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі қаулы етеді: 1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың мемлекет астанасын Ақмола қаласына көшіру туралы ұсынысы мақұлдансын. 2. Министрлер кабинеті үстіміздегі жылдың аяғына дейін астананы көшірудің техникалық-экономикалық негіздеуін және мерзімін әзірлесін. 3. Министрлер кабинеті Жоғарғы Кеңестің мемлекеттік құрылыс және аймақтық саясат жөніндегі комитеті Алматы қаласының әкімшілігімен бірлесе отырып үстіміздегі жылдың аяғына дейін Алматы қаласының айрықша мәртебесі туралы заң жобасын әзірлеп, енгізетін болсын. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Ә.Кекілбаев. Алматы. Парламент үйі, 1994 жылғы шіл­денің 6-сы. Міне, осы құжат негізінде ел астанасын Ар­қаға көшіріп, еліміздің саяси билігін жаңа орталыққа шоғырландыру басталды. Кейін бұл дата ел ордасы − бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласының туған күні ретінде ата­лып өтетін болды. Ал шілденің 6-сы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні еді. Осылайша, еліміздің сол тұстағы заң шығарушы органы ұсынысын қолдап, Мемлекет басшысы 54 жасқа толған күні оған туған күніне сый жасады, ал Прези­дент ел Парламентінен қолдау тапқан өз идея­сына бүкіл ел тұрғындарының көзін жеткізіп, жаңа астана ретінде қабылданған Ақмола қаласын ел ордасына айналдыру жолында істелетін істердің жоспарын жа­сап, тиісті тапсырма берді. Сөйтіп, арада бір жыл екі ай өткенде Қазақстан Пре­зи­дентінің Жарлығы шықты. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы Заң күші бар Қазақстан Республикасының астанасы туралы Қазақстан Республикасы Консти­туция­сының 2-бабы 3-тармағына, «Қа­зақ­стан Республикасының Президенті мен жергілікті әкімдерге уақытша қо­сым­ша өкілеттік беру туралы» 1993 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Респуб­ли­касы Заңының 1-бабына және «Қазақстан Республикасының астанасын көшіру туралы» 1994 жылғы 6 шілдедегі республи­ка Жоғарғы Кеңесінің Қаулысына сәйкес қаулы етемін: 1.Былай деп белгіленсін: Республиканың Парламентi мен Үкiметi Ақмола қаласына көшiрiлгенге дейiн Қазақстан Республикасының аста­насы Алматы қаласы болып табылады; Республиканың Президентi резиден­ция­сының тұратын жерi Ақмола және Алматы қалалары болып табылады. 2. Жоғары және мемлекеттiк орган­дар­ды Ақмола қаласында орналастыру жөнiндегi жұмысты ұйымдастыру үшiн Қазақстан Республикасының Мемлекет­тiк комиссиясы құрылсын, оған бұл мақсатта орталық және жергiлiктi ат­қарушы органдардың қызметiн үйлес­тiру құқығы берiлсiн. 3. Республика Үкiметi: Ақмола қаласын абаттандыру жө­нiндегi бюджеттен тыс қаражатты жинақтау мақсатында бюджеттен тыс «Жаңа астана» қорын тағайындасын. Ақмола қаласының құрылысы мен инфрақұрылымын дамытуға қатысушы инвесторларға салық, кеден және өзге де жеңiлдiктер беру жөнiндегi ұсыныстарды дайындап, республика Президентiнiң қарауына енгiзсiн; Осы Жарлықты жүзеге асыру жөнiнде өзге де қажеттi шараларды қолдансын. 4. Осы Жарлық жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi. Қазақстан Республикасының Прези­дентi Н.НАЗАРБАЕВ Алматы, 1995 жылғы қыркүйектің 15-і. Осылайша, ел астанасын Арқаға кө­шіру­дің барлық заңдық негізі жасалды. Сөй­тіп, 1996 жылғы 24 желтоқсанда ресми түр­де көшу басталды. Алғашқы көшті Көлік және коммуникациялар министрлігі бас­тады. Кейін де өзге ведомстволар реті­мен көше бастады. Енді Ақмола қаласын ресми түрде ел астанасы ретінде жариялау керек еді. Ол туралы 1997 жылғы 20 қазан­да Мемлекет басшысының Жарлығы шық­ты. «Қазақстан Республикасының аста­насы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 15 кыр­күйек­тегі заң күші бар Жарлығына, «Қазақстан Республикасының астанасын көшіру ту­ралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1994 жылғы 6 шілдедегі №106 Қау­лысына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН: 1. Ақмола қаласы 1997 жылғы 10 жел­тоқ­саннан бастап Қазақстан Респуб­ли­касының астанасы болып жариялансын. 2. Ақмола қаласының Қазақстан Рес­пуб­ликасының астанасы ретінде тұсауке­сері 1998 жылғы 10 маусымда өткізілсін. 3. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қа­зақстан Республикасы Президентінің Іс бас­қармасы, жоғары және орталық мем­ле­кеттік органдарды Ақмола қаласына кө­шіру жөніндегі мемлекеттік комиссия осы Жарлықтың орындалуын қамтамасыз ететін болсын. 4. Осы Жарлық жарияланған сәтінен бас­тап күшіне енеді. Қазақстан Республикасының Президентi Н.НАЗАРБАЕВ Алматы, 1997 жылғы 20 қазан. 1997 жылы қарашаның 8-і күні таңер­тең Алматыдағы Президент рези­ден­ция­сында Қазақстан Республикасының мем­лекеттік нышандары мен Президент бай­ра­ғын жаңа астанаға шығарып салу рәсімі өтті. Онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Пар­ламент депутаттары мен Үкімет мү­шелерінің, қоғам қайраткерлерінің және арнайы шақырылған қонақтар алдында сөз сөйлеп, Қазақстан Республикасы Ұлт­тық гвардия қолбасшысы Сәт Тоқпақбаевқа Қазақстан Республикасы рәміздерін жаңа астанаға жеткізуді тапсырды. Ел билігі мен мемлекет рәміздері жаңа ас­танаға аттанар алдында Қазақстан Пре­зи­денті Н.Назарбаев сөз сөйледі: − Жаңа астанамыздың еліміз бет алған соны стратегиялық жолымыздың іске асар ордасы боларына сенімім кәміл. Сонымен қатар жаңа астананың мемлекетіміздің нығаюына, еліміздің, жеріміздің гүлденіп, көр­кеюіне әрі біртұтастығына өмір бақи қызмет етеді деп сенемін. Мемлекетіміздің Туын тіккен қаланың халықтың береке-бірлігін бекемдеп, іргелі ұлт болып ұйым­дасуына да жәрдем етеріне сенемін. Со­нымен бірге оның халықтар арасындағы достықты шыңдап, ынтымақ пен татулық қаласына айналарына да, еліміздің бола­шаққа деген үміті мен сенімін сомдайтын қа­лаға айналарына да ешбір күмәнім жоқ, − деді Елбасы. Сөйтіп, елдің орталығы Алатау бау­райынан Арқаға көшіп, орнықты. Жаңа ас­танада қызу құрылыс жұмыстары жүріп, қа­зақтың сәнді сұлу қаласына көрік берер ғи­мараттар салу ісі қарқынды жүріп жат­ты. Оның тәуелсіз елдің әсем астанасына айналуын еліміз ғана емес, өзге елдер де қызыға бақылап отырды. Себебі жаңа ғасырдың алдында жаңа астана салу секілді үлкен тарихи істі бастау кез келген елдің қолынан келе бермейтін іс екені анық. Дегенмен Елбасы бастаған ел билігі тарихи маңызы бар игілікті іске жұртын сендіріп қана қоймай, ел азаматтарын түгел жұмылдырып, Қазақстанның даңқын көтеретін үлкен оқиғаға айналдырды. Әр нәрсенің аты соның болмысын танытады десек, еліміздің жаңа бас қаласының Ақмола атауы оған астаналық сипат бермейтіні түсінікті еді. Ол жағдай уақыт өткен сайын белгілі бола бастады. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның жаңа бас қаласының атын өзгертіп, оны Астана деп атау туралы ұсыныс жасады. Оны Ақмола қалалық мәслихатының барлық депутаты жақтап дауыс берді. Сөйтіп, бұл жайында Мемлекет басшысының арнайы Жарлығы шықты. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы Қазақстан Республикасының астанасы − Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы − Астана қаласы деп қайта атау туралы Жергілікті атқарушы және өкілетті органдардың өтініштерін, Ақмола қаласы жұртшылығының талап-тілектерін ескере отырып және Қазақстан Респуб­ликасы Үкіметінің жанындағы Мемлекет­тік ономастика комиссиясы шешімінің негізінде қаулы етемін: 1.Қазақстан Республикасының ас­танасы − Ақмола қаласы Қазақстан Рес­пуб­ликасының астанасы − Астана қаласы деп қайта аталсын. 2.Осы Жарлық жарияланған күнінен бастап күшіне енеді. Қазақстан Республикасының Президентi Н.НАЗАРБАЕВ Ақмола, 1998 жылғы мамырдың 6-сы. Міне, осылай Қазақстанның жаңа аста­насының заты да, аты да өзгеріп, ол аз уақыттың ішінде ерекше қарқынмен да­мып, тәуелсіз Қазақстанның брендіне ай­налды. Астана − барлық тілде бірдей ай­тылатын сөз болуымен қатар, мағынасы жө­нінен өз орнын тапқан атау болды. «Аста­на» бренді астында талай танымал жо­балар іске асты. Ел ордасы Астана шаһары Қазақстан Республикасының соң­ғы ширек ғасырындағы көптеген тарихи оқиғаларының куәсі болды. Бұл қалада әлем­дік дәрежедегі саяси жиындар, спорт­тық жарыстар, өнер фестивальдері өтті. Қала жаңа заманның талабына сай көркейіп, ерекше ғимараттарға толды, сон­дай-ақ халықтың өсу динамикасы жар­ты миллионға жетпейді деп болжам жа­сал­ғанымен, тұрғындар саны миллионнан асып, алып мегаполиске айналды. Бір кезде оның ел астанасына айналып, ерекше шаһар болатынына сенбегендер бүгінде сол қалаға қыдырып барып, серуендеуден жалықпайды. Саяси мәселелерге байланысты Қа­зақстанның жаңа астанасы да өзгеше түлеп, салмағын арттыра түсуде. Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылғы 19 наурызда ресми БАҚ арқылы арнайы мәлімдеме жасап, ел билігінен кететінін мәлімдеді. Сөйтіп, ел билігіне қазіргі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев келді. Ол тәуелсіз елдің Тұңғыш Президентінің құрметіне ел астанасының атын беру туралы Жарлық берді. Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласын Қазақстан Респуб­ликасының астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта атау туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 23 наурыздағы № 6 Жарлығы «Қазақстан Республикасының əәкім­шілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Респуб­ликасы Заңының 9-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН: 1. Қазақстан Республикасының аста­на­сы – Астана қаласы Қазақстан Респуб­ли­касының астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы деп аталсын. 2. Осы Жарлық алғашқы ресми жария­ла­н­ған күнінен бастап қолданысқа енгі­зі­леді. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.ТОҚАЕВ Астана, 2019 жылғы наурыздың 23-і. Міне, содан бері Қазақстан Респуб­ли­касының астанасы Нұр-Сұлтан деп аталып, мем­лекетіміздің бас қаласы ретінде әрі қарай дамып, өркендеп жатыр. Қала атауы Астана болып тұрған кезінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа осындай ел ордасын сал­ғанына ризалық білдіріп, таңданысын жа­сырмаған әлемнің талай саясаткерлері бол­ған еді. Тәуелсіздігіміздің символына ай­налған бас қаламыздың туған күні құт­ты болсын! Ол – еліміздің 30 жыл ішінде қол жеткен тамаша жетістіктерінің бірі. Нұр-Сұлтан − бүгінгі қазақ халқының эконо­микалық, рухани әлеуетін танытатын ғ­а­жайып шаһар.