Жаңа астана − азаттық символы
Жаңа астана − азаттық символы
ХХ ғасырдың соңы қазақ халқы үшін саяси үлкен бетбұрыс кезеңі болды. Бір жарым ғасырдай уақыттан соң тәуелсіздігіне қайта қол жеткізіп, азат мемлекет құрған елдің ойы ауқымды, мұраты биік, арманы асқақ еді. Сол ұмтылыс елдің жаңа Конституциясын қабылдатып, тұңғыш Президентін сайлады, Әнұранын жаңаша шырқап, Елтаңбасын мөріне орнатып, көк Туын тиісті орындарда желбіретті, өз армиясын құрғызып, қазақ тіліне Мемлекеттік тіл мәртебесін бергізді. Шекарасын шегендеп, жаңа астанасының қазығын қақты. Тәуелсіз елге ұстын болар осынау істерді тізбелеп отырып біз соның ең соңғысына міндетті емес бір нәрсені кіргіздік. Ол − елдің жаңа астанасы туралы сөз. Алдыңғылардың бәрі толыққанды тәуелсіз мемлекеттің атрибуттары, сондықтан оның жасалуын күллі әлем заңды нәрсе санап, қалыпты құбылыс ретінде қабылдайды. Ал елдің бас қаласын жаңарту не ертеңін ойлаған елдің ісі, не асқан-тасқан мемлекеттік жұмысы. Біз үшін − болашақ стратегиясы болды.
Анау «азат елдердің мызғымас одағы» дәуірінде жер шарының алтыдан бір бөлігін алып жатқан Кеңес Одағының саяси картасына зер сала қараған адам үлкен мемлекетке жараспайтын бір белгіні байқар еді. Ол − сол кезде елдің орталық қаласының қапелімде көзге шалынбайтын батыс жақ шетте орналасуы. Ал Қазақ елі тәуелсіз мемлекетке айналған шақта біздің де картамызда соған ұқсас белгі болды, сол тұстағы астанамыз − Алматы қаласы Қазақстанның етегінде тұрды. Географиялық жақтан алғанда елдің оңтүстіктегі шекарасында.
Әрине, Алматы ел астанасы мәртебесін иеленген 69 жылдай уақытта әдемі мегаполиске айналды. Алатаудың баурайында орналасқан бұл қаланың көркіне сұқтанбайтындар аз еді. Қазақстан үлкен республикаға айналғанда оның ғылыми-мәдени, саяси-экономикалық орталығы болып ұлтымыздың жан-жақты дамуына зор әсер етті. Бірақ заман өзгеріп, ел тағдырын өз қолымызға алғанда Алматының саяси тұрғыда ел орталығы ретінде маңызы әлсіреп бара жатқаны байқалды. Оны өзгеден бұрын түсініп, ұлан-ғайыр кең даласы бар мемлекетті бір шетте тұрып басқарудың тиімсіздігін ұғып, Қазақстанның бас қаласы елдің төрінде тұруы керек деп батыл шешім қабылдаған Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еді. Ол кезде ел астанасын өзгерту деген ешкімнің ойына кіріп-шыға бермейтін идея-тұғын. Себебі біріншіден, Алматы күллі қазақтың жүрегіне Қазақ елінің астанасы ретінде әбден орныққан-ды, екіншіден, тәуелсіздігіне енді қолы жетіп, экономикалық тұрғыдан әлі еңсесін көтере қоймаған елдің ел орталығын басқа жерге көшіруі дегенді түсіну қиын еді. Рас, ол кезде саяси-экономикалық тұрғыдан да, мәдени-рухани жақтан шешілуі тиіс проблемалар шаш етектен болатын. Бірақ соның бәрінен елдің тұтастығы мен дамуы қымбат еді. Жаңа астана салу арқылы соның бәрін шешіп, елдің өркендеуіне жол ашамын деген Елбасының ойына сол кезде сене қойғандар аз болғанымен, Мемлекет басшысының жеке басын құрметтейтіндер оның соңына еріп, Арқа төсіндегі ақ шаңқан қаланы дамытуға аттанды.
Дегенмен бұған жұрттың көзін жеткізу Елбасына оңай болған жоқ.
1994 жылғы 6 шілде күнгі Нұрсұлтан Назарбаев сол кездегі Парламент − Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі депутаттары қарауына ел астанасын көшіру туралы мәселені ұсынып, сөз сөйледі. Президент депутаттар алдында сөйлеген сөзінде ел астанасының шекараға жақын болмай, мүмкін болғанынша елдің орталығында орналасуы тиіс екенін айтты. Сондай-ақ егемен елдің жаңа даму стратегиясына сәйкес Парламентке, Сыртқы істер министрлігіне, Қорғаныс министрлігіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, банктерге, тағы да басқа қажеттіліктерге арнап ғимараттар салу қажеттігін, ал ондай мүмкіндіктің қазіргі бас қалада өте аздығын, астана болып тұрған Алматының елдің өзге қалаларымен салыстырғанда құрылыс жұмыстарының тым қымбатқа түсетінін айтып, жаңа астананы құру қажеттілігін дәлелдеді. Сонымен бірге оңтүстік облыстарға қарағанда солтүстік облыстарда халықтың тығыздығы төмен екені, сондықтан халықтың көші-қонын елдің Арқа жағына бағыттаудың тиімділігін айтты.
Жиында түрлі пікірлер болды, бірақ пікірсайысқа қатысушылардың басым көпшілігі ел Президентін қолдап, парламентшілер ел астанасын қөшіру туралы Қаулыны бекітті. Сөйтіп, бұл жөнінде алғашқы заңды құжат пайда болды.
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің Қаулысы
Қазақстан Республикасының астанасын көшіру туралы
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың мемлекет астанасын Ақмола қаласына көшіру туралы ұсынысы мақұлдансын.
2. Министрлер кабинеті үстіміздегі жылдың аяғына дейін астананы көшірудің техникалық-экономикалық негіздеуін және мерзімін әзірлесін.
3. Министрлер кабинеті Жоғарғы Кеңестің мемлекеттік құрылыс және аймақтық саясат жөніндегі комитеті Алматы қаласының әкімшілігімен бірлесе отырып үстіміздегі жылдың аяғына дейін Алматы қаласының айрықша мәртебесі туралы заң жобасын әзірлеп, енгізетін болсын.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Ә.Кекілбаев.
Алматы. Парламент үйі, 1994 жылғы шілденің 6-сы.
Міне, осы құжат негізінде ел астанасын Арқаға көшіріп, еліміздің саяси билігін жаңа орталыққа шоғырландыру басталды. Кейін бұл дата ел ордасы − бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласының туған күні ретінде аталып өтетін болды. Ал шілденің 6-сы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні еді. Осылайша, еліміздің сол тұстағы заң шығарушы органы ұсынысын қолдап, Мемлекет басшысы 54 жасқа толған күні оған туған күніне сый жасады, ал Президент ел Парламентінен қолдау тапқан өз идеясына бүкіл ел тұрғындарының көзін жеткізіп, жаңа астана ретінде қабылданған Ақмола қаласын ел ордасына айналдыру жолында істелетін істердің жоспарын жасап, тиісті тапсырма берді. Сөйтіп, арада бір жыл екі ай өткенде Қазақстан Президентінің Жарлығы шықты.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы
Заң күші бар
Қазақстан Республикасының астанасы туралы
Қазақстан Республикасы Конституциясының 2-бабы 3-тармағына, «Қазақстан Республикасының Президенті мен жергілікті әкімдерге уақытша қосымша өкілеттік беру туралы» 1993 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабына және «Қазақстан Республикасының астанасын көшіру туралы» 1994 жылғы 6 шілдедегі республика Жоғарғы Кеңесінің Қаулысына сәйкес қаулы етемін:
1.Былай деп белгіленсін:
Республиканың Парламентi мен Үкiметi Ақмола қаласына көшiрiлгенге дейiн Қазақстан Республикасының астанасы Алматы қаласы болып табылады;
Республиканың Президентi резиденциясының тұратын жерi Ақмола және Алматы қалалары болып табылады.
2. Жоғары және мемлекеттiк органдарды Ақмола қаласында орналастыру жөнiндегi жұмысты ұйымдастыру үшiн Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк комиссиясы құрылсын, оған бұл мақсатта орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың қызметiн үйлестiру құқығы берiлсiн.
3. Республика Үкiметi:
Ақмола қаласын абаттандыру жөнiндегi бюджеттен тыс қаражатты жинақтау мақсатында бюджеттен тыс «Жаңа астана» қорын тағайындасын.
Ақмола қаласының құрылысы мен инфрақұрылымын дамытуға қатысушы инвесторларға салық, кеден және өзге де жеңiлдiктер беру жөнiндегi ұсыныстарды дайындап, республика Президентiнiң қарауына енгiзсiн;
Осы Жарлықты жүзеге асыру жөнiнде өзге де қажеттi шараларды қолдансын.
4. Осы Жарлық жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Президентi Н.НАЗАРБАЕВ
Алматы, 1995 жылғы қыркүйектің 15-і.
Осылайша, ел астанасын Арқаға көшірудің барлық заңдық негізі жасалды. Сөйтіп, 1996 жылғы 24 желтоқсанда ресми түрде көшу басталды. Алғашқы көшті Көлік және коммуникациялар министрлігі бастады. Кейін де өзге ведомстволар ретімен көше бастады. Енді Ақмола қаласын ресми түрде ел астанасы ретінде жариялау керек еді. Ол туралы 1997 жылғы 20 қазанда Мемлекет басшысының Жарлығы шықты.
«Қазақстан Республикасының астанасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 15 кыркүйектегі заң күші бар Жарлығына, «Қазақстан Республикасының астанасын көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1994 жылғы 6 шілдедегі №106 Қаулысына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Ақмола қаласы 1997 жылғы 10 желтоқсаннан бастап Қазақстан Республикасының астанасы болып жариялансын.
2. Ақмола қаласының Қазақстан Республикасының астанасы ретінде тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өткізілсін.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы, жоғары және орталық мемлекеттік органдарды Ақмола қаласына көшіру жөніндегі мемлекеттік комиссия осы Жарлықтың орындалуын қамтамасыз ететін болсын.
4. Осы Жарлық жарияланған сәтінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының Президентi Н.НАЗАРБАЕВ
Алматы, 1997 жылғы 20 қазан.
1997 жылы қарашаның 8-і күні таңертең Алматыдағы Президент резиденциясында Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары мен Президент байрағын жаңа астанаға шығарып салу рәсімі өтті. Онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент депутаттары мен Үкімет мүшелерінің, қоғам қайраткерлерінің және арнайы шақырылған қонақтар алдында сөз сөйлеп, Қазақстан Республикасы Ұлттық гвардия қолбасшысы Сәт Тоқпақбаевқа Қазақстан Республикасы рәміздерін жаңа астанаға жеткізуді тапсырды.
Ел билігі мен мемлекет рәміздері жаңа астанаға аттанар алдында Қазақстан Президенті Н.Назарбаев сөз сөйледі:
− Жаңа астанамыздың еліміз бет алған соны стратегиялық жолымыздың іске асар ордасы боларына сенімім кәміл. Сонымен қатар жаңа астананың мемлекетіміздің нығаюына, еліміздің, жеріміздің гүлденіп, көркеюіне әрі біртұтастығына өмір бақи қызмет етеді деп сенемін. Мемлекетіміздің Туын тіккен қаланың халықтың береке-бірлігін бекемдеп, іргелі ұлт болып ұйымдасуына да жәрдем етеріне сенемін. Сонымен бірге оның халықтар арасындағы достықты шыңдап, ынтымақ пен татулық қаласына айналарына да, еліміздің болашаққа деген үміті мен сенімін сомдайтын қалаға айналарына да ешбір күмәнім жоқ, − деді Елбасы.
Сөйтіп, елдің орталығы Алатау баурайынан Арқаға көшіп, орнықты. Жаңа астанада қызу құрылыс жұмыстары жүріп, қазақтың сәнді сұлу қаласына көрік берер ғимараттар салу ісі қарқынды жүріп жатты. Оның тәуелсіз елдің әсем астанасына айналуын еліміз ғана емес, өзге елдер де қызыға бақылап отырды. Себебі жаңа ғасырдың алдында жаңа астана салу секілді үлкен тарихи істі бастау кез келген елдің қолынан келе бермейтін іс екені анық. Дегенмен Елбасы бастаған ел билігі тарихи маңызы бар игілікті іске жұртын сендіріп қана қоймай, ел азаматтарын түгел жұмылдырып, Қазақстанның даңқын көтеретін үлкен оқиғаға айналдырды.
Әр нәрсенің аты соның болмысын танытады десек, еліміздің жаңа бас қаласының Ақмола атауы оған астаналық сипат бермейтіні түсінікті еді. Ол жағдай уақыт өткен сайын белгілі бола бастады. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның жаңа бас қаласының атын өзгертіп, оны Астана деп атау туралы ұсыныс жасады. Оны Ақмола қалалық мәслихатының барлық депутаты жақтап дауыс берді. Сөйтіп, бұл жайында Мемлекет басшысының арнайы Жарлығы шықты.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы
Қазақстан Республикасының астанасы − Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы − Астана қаласы деп қайта атау туралы
Жергілікті атқарушы және өкілетті органдардың өтініштерін, Ақмола қаласы жұртшылығының талап-тілектерін ескере отырып және Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Мемлекеттік ономастика комиссиясы шешімінің негізінде қаулы етемін:
1.Қазақстан Республикасының астанасы − Ақмола қаласы Қазақстан Республикасының астанасы − Астана қаласы деп қайта аталсын.
2.Осы Жарлық жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының Президентi Н.НАЗАРБАЕВ
Ақмола, 1998 жылғы мамырдың 6-сы.
Міне, осылай Қазақстанның жаңа астанасының заты да, аты да өзгеріп, ол аз уақыттың ішінде ерекше қарқынмен дамып, тәуелсіз Қазақстанның брендіне айналды. Астана − барлық тілде бірдей айтылатын сөз болуымен қатар, мағынасы жөнінен өз орнын тапқан атау болды. «Астана» бренді астында талай танымал жобалар іске асты. Ел ордасы Астана шаһары Қазақстан Республикасының соңғы ширек ғасырындағы көптеген тарихи оқиғаларының куәсі болды. Бұл қалада әлемдік дәрежедегі саяси жиындар, спорттық жарыстар, өнер фестивальдері өтті. Қала жаңа заманның талабына сай көркейіп, ерекше ғимараттарға толды, сондай-ақ халықтың өсу динамикасы жарты миллионға жетпейді деп болжам жасалғанымен, тұрғындар саны миллионнан асып, алып мегаполиске айналды. Бір кезде оның ел астанасына айналып, ерекше шаһар болатынына сенбегендер бүгінде сол қалаға қыдырып барып, серуендеуден жалықпайды.
Саяси мәселелерге байланысты Қазақстанның жаңа астанасы да өзгеше түлеп, салмағын арттыра түсуде. Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылғы 19 наурызда ресми БАҚ арқылы арнайы мәлімдеме жасап, ел билігінен кететінін мәлімдеді. Сөйтіп, ел билігіне қазіргі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев келді. Ол тәуелсіз елдің Тұңғыш Президентінің құрметіне ел астанасының атын беру туралы Жарлық берді.
Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласын Қазақстан Республикасының астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта атау туралы
Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 23 наурыздағы № 6 Жарлығы
«Қазақстан Республикасының əәкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласы Қазақстан Республикасының астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы деп аталсын.
2. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.ТОҚАЕВ
Астана, 2019 жылғы наурыздың 23-і.
Міне, содан бері Қазақстан Республикасының астанасы Нұр-Сұлтан деп аталып, мемлекетіміздің бас қаласы ретінде әрі қарай дамып, өркендеп жатыр. Қала атауы Астана болып тұрған кезінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа осындай ел ордасын салғанына ризалық білдіріп, таңданысын жасырмаған әлемнің талай саясаткерлері болған еді. Тәуелсіздігіміздің символына айналған бас қаламыздың туған күні құтты болсын! Ол – еліміздің 30 жыл ішінде қол жеткен тамаша жетістіктерінің бірі. Нұр-Сұлтан − бүгінгі қазақ халқының экономикалық, рухани әлеуетін танытатын ғажайып шаһар.