Жаңалықтар

Бүгінде мемлекеттік сатып алу 100 пайыз электронды форматқа көшірілген

«Nur Otan» партиясы жанындағы Экономиканы дамыту және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында jтандық өнімнің үлесін ұлғайта отырып, мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру мәселесі талқыланды.

Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейілдің айтуынша, бүгінде мемлекеттік сатып алулардың 100 пайызы электронды форматқа көшірілген.

«Бұл тиісті салықтық жүктемесі бар, материалдық және еңбек ресурсы жеткілікті, беделі жоғары компаниялардың сатып алуға қатысуына жағдай жасады. Сонымен қатар, әлеуетті жеткізушілерді көлеңкеден шығуға ынталандырылып, сомасы 28 млрд теңгеден асатын салық ерікті түрде төленді», – деді Дәурен Кеңбейіл.

Ол сондай-ақ соңғы 5 жылда бір көзден мемлекеттік сатып алу үлесі 92%-дан 49%-ға дейін, 2 есеге дерлік қысқарғанын айтты.

Алайда, Кеңес төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамаловтың пікірінше, бұл фактілерді жетістік деп айту қиын.

«Қалай болғанда да мемлекеттік сатып алулардың 51 пайызы бір көзден алу тәсілімен жүргізіледі. Ал бұл – үлкен сома. 2,5 жыл ішінде камералық бақылау нәтижесінде 78 мың сатып алу бойынша заң бұзушылықтың жолы кесілді. Бұл дегеніңіз жалпы соммасы 2,4 трлн теңге болатын өте көп ақша. Мұның бәрі заңның нашарлығынан емес, оның жүйелі түрде бұзылатындығын білдіреді. Сатып алуға қатысушылардың жауапкершілігін күшейту қажет», – деді Аманжан Жамалов.

Кеңес мүшелері «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша Жол картасында көзделген сатып алудың бірыңғай терезесін енгізу мәселесін талқылады.

Жол картасы аясында биыл мемлекеттік органдар, мемкомпаниялар және жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан отандық өндірушілердің сомасы 21 млрд теңгені құрайтын өнімдерін кепілді сатып алуды қамтамасыз ету міндеті тұр.

Жиын барысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілі бұл көрсеткіш мерзімінен бұрын орындалғанын жеткізді. Себебі, бірінші жартыжылдықта тапсырыс берушілер мен жеткізушілер арасында 23,8 млрд теңгеге 25 ұзақ мерзімді шарт жасалған.

Отырыс қорытындысы бойынша Кеңес мүшелері Қаржы, Ұлттық экономика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне бірыңғай сатып алу терезесі жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі жұмысты жеделдетуді ұсынды.

Back to top button