Жаңалықтар

Қазақстан елшісі «QazVac» вакцинасын Моңғолияға таныстырды

ашық дереккөзі

Қазақстан елшісі «QazVac» вакцинасын Моңғолияға таныстырды

Қазақстанның Моңғолиядағы елшісі Жалғас Әділбаев «Моңғолия-Қазақстан парламентаралық достық тобының» Төрағасы – Моңғолия Парламенті (Ұлы Құрылтай) депутаты Бәделхан Хабдісләммен кездесті. Кездесуде Жалғас Әділбаев Қазақстанның Биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының мамандары жасаған «QazVac» коронавирусына қарсы отандық вакцина туралы мағлұмат беріп, Қазақстан тарапының осы бағыттағы ұсыныстарына тоқталып өтті. Бұған қоса, Ж.Әділбаев биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы тойланатанын, осы жылдар кезеңінде еліміздің қол жеткізген жетістіктеріне жеке тоқталды және қазіргі кезеңде елімізде демократиялық пен азаматтық қоғамды одан әрі жетілдіру бағытындағы саяси реформалар туралы айтты. Сондай-ақ. елші 2021 жылғы 9 маусымда Қазақстан Президенті қол қойған «Қазақстан Республикасының адам құқықтары саласындағы одан әрі шаралары туралы» Жарлықтың негізгі бағыттарымен таныстырып, COVID-19 пандемиясына қарамастан 2020 жылы Қазақстанда адам құқықтары мен оны қорғау мақсатында саяси реформалар іске асырылғанын, бейбіт жиналыстар туралы тұжырымдамалық жаңа заңның қабылданғаны туралы баяндады. Моңғолия Парламент депутаты Х.Бәделхан COVID-19 күрес аясында оған өңірлік деңгейде төтеп берудің, сондай-ақ олардың салдарын жоюда бірлесіп жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтті. Бұған қоса Х.Бәделхан Қазақстан Президентінің саяси бастамаларымен және елімізде жүргізіліп жатырған ішкі саяси реформалардың жүрісімен таныстырғаны үшін елшіге рақмет айтты. Өз кезегінде Х.Бәделхан Моңғолияда болып өткен басты саяси іс-шараларға тоқталып өтіп, Парламенттің маңызды жұмыстарына және өзі сайланған Баян-Өлгей аймағында тұратын қандастарының өзекті мәселелерін айттып, елшілік ұйымдастырып отырған арнайы рейстерге және қандастарға арналған бағдарламаларға алғысын білдірді. Кездесу соңында жоғарыда аталған ұйымдар шеңберінде өзара қолдау көрсету және ынтымақтастықты тереңдету, сондай-ақ бұдан әрі Қазақстан мен Моңғолия арасындағы парламентаралық өзара іс-қимылдың тетіктерін пысықтау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.