Жаңалықтар

Мемлекет басшысы Түрікменстан Президентімен телефон арқылы сөйлесті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен телефон арқылы сөйлесті, – деп хабарлады Ақорда.

Мемлекет басшылары достыққа, тату көршілікке және стратегиялық серіктестікке негізделген қазақ-түрікмен қатынастарының мызғымас сипатын нақтылап, екіжақты ықпалдастықтың ауқымды мәселелерін талқылады.

Гурбангулы Бердімұхамедов жан-жақты ынтымақтастыққа тың серпін беру мақсатымен Қасым-Жомарт Тоқаевты биыл Түрікменстанға ресми сапармен келуге шақырды. Аталған сапар аясында бірқатар маңызды келісімдерге қол қойылмақ.

Мемлекет басшысы шақыруды қабыл алды және биыл күзде Ашхабадта өтетін VI Каспий саммитіне қатысуға дайын екенін жеткізді.

Сонымен қатар тараптар өңірлік ықпалдастықты жандандыруға, Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты алдағы ұжымдық шаралар жайында пікір алмасты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кезекті консультативтік кездесуін Түрікменстанда өткізу жөніндегі Гурбангулы Бердімұхамедовтің ұсынысын қолдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Гурбангулы Бердімұхамедовті туған күнімен құттықтап, оның бауырлас Түрікменстанды өркендету жолындағы аса жауапты мемлекеттік қызметіне табыс тіледі.

Back to top button