Автотұрақ ақысын төлемегені үшін айыппұл салу заңсыз – заңгер

Автотұрақ ақысын төлемегені үшін айыппұл салу заңсыз – заңгер

Автотұрақ ақысын төлемегені үшін айыппұл салу заңсыз – заңгер
ашық дереккөзі
Алматының орталығында жұрт көлігін қоятын орын таппай қиналып кетті. Көше-көшелердің жиегі түгел ақылы болып кеткелі қашан. Тұрақ ақысын төлемесең, айыппұл салады тағы. Ал әділет министрлігі не дейді? Әділеттің орнына бұл министрлік бірде әлеуметтік желілерде хайп жасайтын, биліктің тірлігі мен қабылданған заңдардың дұрыс емес екенін жазғыш заңгерлерді жазалау керек дегенді жеткізген астарлап, деп жазады "Жас Алаш". Ал, шындығында, заңгерлер көбіне Қазақстандағы өмірдің нақты проблемаларын атап көрсетеді сол әлеуметтік желілерде. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын Жангелді Сүлейманов деген заңгер қала көшелерінде еш ережеге бағынбай, жүйткіп жүретін электросамокаттардың заңсыз екенін жазған еді. Осыған миы жету үшін ішкі істер министрлігіне екі жыл мен қалада самокатпен адам қағудың бірнеше қайғылы оқиғасының орын алуы қажет болды. Сол Сүлейманов енді басқа мәселені көтеріп отыр. Былай дейді заңгеріміз: "2015 жылы ақылы автотұрақтың ақысын төлемегені үшін деген жаңа айыппұл енгізілді. Бірақ бұл айыппұл құқық принципіне өрескел қайшы. Өйткені көлік жүргізушілері мен ақылы тұрақ ұйымдастыратын компаниялардың арасындағы қарым-қатынас азаматтық-құқықтық сипатта құрылады. Бұл кәдімгі келісімшарт, тұрақ компаниясы жүргізушіге тұрақ қызметін ұсынатын. Мұндай келісімшарт ҚР Азаматтық кодексінің 33-тарауымен реттеледі емес пе? "Ақылы қызмет көрсету" деген. Ендеше егер жүргізуші тұрақ ақысын төлемесе, онда тұрақ қызметін ұсынған компанияның көрсеткен қызмет ақысын өндіру мақсатында сотқа жүгінетін құқығы бар. 100 теңге үшін болса да. Заң бойынша тұрақ компаниялары тұрақ ақысын тек қана осындай жолмен өндіре алады. Бірақ біздің қазіргі Қазақстанымыз ерекше мемлекет. Онда заңды ешкім сыйламайды. Биліктегі баз біреулер ақылы автотұрақпен айналысатын компаниялардың қу тірлігіне көмектесу мақсатында келісімшарт талабы бұзылғаны үшін осындай ақылға қонбайтын заңсыз айыппұл ойлап тапты. Айтпақшы, айыппұл сомасы қарыз сомасынан жүздеген есеге асып түседі. Бұл қалай? Не деген сұмдық? Көлігі 10 минут тұрақта тұрғаны үшін 16 теңгені төлеуді ұмытып кеткен байғұс жүргізушіге 8751 теңге айыппұл салады бұл мемлекет! Бұл екі-үш есеге емес, 546 есеге көп қой! Турасын айтқанда, мемлекеттің жекеменшік тараптар арасындағы қарым-қатынасқа араласуына ешқандай заңдық негізі жоқ. Ендеше неге басқа да қаптаған қызметтердің ақысын төлеуден жалтару үшін айыппұл жоқ? Ондай қызметтердің жүздеген түрі жетіп-артылады. Мысалы, құрылыс қызметі, жарнамалық, консультациялық, заң қызметтерін ұсыну бар емес пе? Ондай келісімшарттардың барлығында төленбеген қарыздар тек қана азаматтық сот арқылы өндіріледі. Егер елімізде заң бәріне бірдей болсын десек, онда енді кез келген қызмет пен тауар ақысын төлеуден жалтарғандарға айыппұл салайық. Айтпақшы, айыппұл сомасы қарыз сомасынан 546 есеге көп болсын. Мысалы, біреу өзінің ісін жүргізген заңгердің қызметі үшін келіскен 100 мың теңгені төлемесе, оған 54 600 000 теңге айыппұл салсын. Ең сорақысы, мұны бәріміз түсініп отырмыз. Бірақ үндемейміз. Қорқамыз бірдеңе деуге. Сол себепті бұл елде біз ештеңені түзете алмаймыз", – дейді заңгер.