ДенсаулықЖаңалықтарЖаһан

Үндістанда жарқанаттардан қауіпті вирус анықталды

Коронавирустың тез қарқынмен таралып жатқан жаңа үнділік нұсқасынан бөлек, үнділік ғалымдардан тағы бір жағымсыз жаңалық келді.

Пунадағы Ұлттық вирусология институтының (NIV) жергілікті зерттеушілері алғаш рет өлімге әкелетін Nipah вирусын Махараштра штатында жарқанаттардың екі түрінен анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат The Industan Times -ке сілтеме жасап.

Қолда бар деректерге сай, Nipah вирусын тасымалдаушы жарқанаттар Махараштра штатының Махабалешвар үңгірінде табылған. Nipah вирусы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) – 10 негізгі патогенінің бірі. Алғаш рет өлімге әкелетін вирус Малайзияда 1998-1999 жылдары энцефалитке ұқсайтын аурудың өршуі кезінде шошқалар арасында анықталған. Вирустың өршуі Бангладеш, Малайзия, Үндістан және Сингапур елдерінде болған. АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының деректері бойынша, 1998-2018 жылдар аралығында осы вирусты жұқтырғандар арасында өлім-жітім деңгейі 40-тан 70 пайызға дейін жеткен. Қазіргі кезде Үндістан бұл вирустың төрт өршу оқиғасы болған. Бірінші оқиға 2001 жылы Батыс Бенгалиядағы Силигуриде тіркелген, екінші оқиға 2007 жылы Бенгалиядағы Надияда анықталған. Үшінші оқиға 2018 жылы Керала штатындағы Кожикодеде тіркелген, ол кезде инфекциядан 18 адам қайтыс болған. Nipah вирусының тағы бір толқыны 2019 жылы Кераледе болған. Қазіргі кезде бұл вирусқа қарсы дәрі де, вакцина да жоқ. Сол себепті ғалымдар алаңдаулы.

 

Back to top button