Nur Otan-да жас кәсіпкерлерді қолдаудың тиімді тұстары қаралды

Nur Otan-да жас кәсіпкерлерді қолдаудың тиімді тұстары қаралды

Nur Otan-да жас кәсіпкерлерді қолдаудың тиімді тұстары қаралды
ашық дереккөзі
«Nur Otan» партиясы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің мүшелері «Бастау бизнес» және «Жас кәсіпкер» бағдарламаларын іске асырудың проблемалық тұстарын қарады. Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Мәди Ахметовтің айтуынша, соңғы 4 жылда «Бастау бизнес» жобасы бойынша 150 мыңнан астам адам оқып шыққан, алайда оның 30%-тен астамы ғана жеке бизнесін ашқан.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бағдарламаның қаржылық жағын ғана емес, оны жүзеге асыру тетіктерін де қайта қарау керек. Жоба түлектерінің 10%-і ғана несие, 19%-і грант алды. 100 мыңнан астам адам мемлекеттік қолдаудан тыс қалды. Әсіресе, осы бағдарлама бойынша ауылда оқығандар үшін қаражат жеткіліксіз. Бағдарламаның қаржылық көлемін ғана емес, оны іске асыру тетіктерін де қайта қарау қажет деп санаймын», – деді Мәди Ахметов.
Бұл ретте Кеңес төрағасы, жастардың осындай бағдарламалардың бар екендігінен хабары аздығына назар аударды. Өз кезегінде, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов биыл 30 мыңға жуық жұмыссызды оқыту көзделгенін, оның ішінде 20 мыңы NEET санатындағы (оқымайтын, жұмыс істемейтін және біліктілігін арттырмайтын) жастар қатарынан екенін хабарлады.
«Үш жыл ішінде 300 мыңға жуық жас бизнес жүргізудің қыр-сырын меңгеруге тиіс еді. Бірақ іс жүзінде біз 2019 жылдан бастап «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша 60 мың адамның орнына 20 мың жас оқып, тек 6 мыңы ғана бизнес ашқанын көріп отырмыз. Бұл жерде бейінді ведомствоның назарын осы бағыттағы жұмысты жандандыру қажеттігіне аударғым келеді», – деді «Jas Otan» төрағасы Нұржан Жетпісбаев.
Сондай-ақ, отырыс барысында бірқатар бастама көтерілді. Соның ішінде 29 жасқа дейінгі жастар арасынан шыққан кәсіпкерлер қосымша салық жеңілдіктері мен мемлекеттік қолдау алуы үшін «жас кәсіпкер» ұғымын заңды түрде бекітуді ұсынды. Бұдан басқа, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне «Жас кәсіпкер» және «Бастау бизнес» жобалары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, сондай-ақ гранттық қаржыландыру мөлшерін қазіргі 500 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін ұлғайту туралы мәселені пысықтауды ұсынды.