«Олимп» букмекер кеңсесінің ісі бойынша сот үкімі шықты

«Олимп» букмекер кеңсесінің ісі бойынша сот үкімі шықты

«Олимп» букмекер кеңсесінің ісі бойынша сот үкімі шықты
ашық дереккөзі
Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында «Олимп» букмекер кеңсесінің қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істі қарау аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аталған істің фигуранттары (20-дан астам адам – 11 сотталушы мен іздеу жарияланған 9 адам) ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысқаны, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны, салық төлеуден жалтарғаны, қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастырғаны (ақшаны жылыстау) үшін сотқа ұсынылды. Сот анықтағандай, аталған тұлғалар, іздеуге жарияланғандарды (9 адам – ред.) қоса алғанда қылмыстық экономикалық қызмет саласындағы құқықбұзушылықтарды жасау мақсатында тұрақты ұйымдасқан топ құрып, оның қызметімен айналысқан. Топтың негізгі қылмыстық әрекеті: букмекерлік қызмет ретінде жалған жұмыс істеп, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру жолымен криминалдық табысты тұрақты алып тұру, бюджетке салық төлеуден жалтару, қылмыстық жолмен келген ақша мен өзге мүлікті заңдастыру болған. Іс фигуранттары қылмыстық топ құрамында болып, 2014 жылдың қаңтар айынан бері келесі әрекеттер жасаған: - компания серверлерінің орны ҚР сыртына ауыстырылған, «Олимп» БК сайтына электрондық казино интеграцияланған; - келіп түскен ақша қолма-қол ауыстырылған; - ақшаны шетелдік валютаға ауыстырып, курьерлер арқылы ҚР сыртына шығарып, заңдастырған. Сотталушылардың қылмыстық әрекеттері салдарынан мемлекетке 95 млрд теңгеден астам материалдық шығын келтірілді. «Сот отырысы кезінде сотталушылар өз кінәсін мойындамай, қылмыстық топтың болғанын білмейтіндерін айтты. Қорғау тарапы соттан айыпталушыларды ақтауды сұрады. Сот айыпталушылардың кінәсі іс материалдарымен, соның ішінде құпия жүргізілген тергеп-тексеру амалдарымен дәлелденді деген түйін жасады», - деп мәлім етті соттың баспасөз қызметінен. Прокурор айыптауды қолдап, барлық қатысушыларға бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны сұрады. Сот жазаны тағайындау кезінде жазаны жеңілдететін жағдайлардың барын және ауырлатанын жағдайлардың жоқтығын есепке ала отырып және әрқайсысының қылмыстық топқа қатысу дәрежесіне қарай 5 жылдан 8,5 жылға дейін қамауға алу үкімін шығарды. Олар жазаны қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді. Сотталушылардың қылмыстық жолмен тапқан мүлкі мемлекет пайдасына тәркіленді. Сондай-ақ мемлекет пайдасына келтірген материалдық шығын – 95 млрд теңге өндіріліп алынды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Еске сала кетсек, 2019 жылдың желтоқсан айында ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті прокуратура органдарымен бірлесіп «Олимп» букмекерлік кеңсесі әкімшілігінің заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. 2020 жылдың 22 қаңтарынан бастап «Олимп» букмекерлік компаниясы Қазақстанда лицензиясының тоқтатылуына байланысты енді ойын ставкасын қабылдай алмайды.