Тәуелсіздік – 30

28 маусым: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар күнтізбесі

1934 жылы 28 маусымда Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік тұқымдық инспекциясы құрылды.

1995 жылы ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Мұнай туралы» Заң күші бар Жарлығы шықты.

2002 жылы ҚР Президентінің Шығыс Қазақстан облысының Лениногор қаласының атауын Риддер деп өзгерту туралы Жарлығы шықты.

2002 жылы ҚР Президенті Шығыс Қазақстан облысындағы Лениногорск қаласының атын Риддер етіп өзгерту туралы Жарлыққа қол қойды.

2011 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ислам конференциясы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясы аясында Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Ислам ұйымының (ИСЕСКО) бас директоры Әбдел-Әзиз Бен Осман Әл-Туейджриді қабылдады. Ә. Әл-Туейджри Мемлекет басшысына осы ұйымның жоғары наградасы – «LSESCO Shield» алтын белгісін ислам ынтымақтастығын нығайтуға, ислам әлемін дамытуға және жаһандық деңгейде гуманитарлық құндылықтарды алға жылжытуға қосқан асқан үлесі үшін тапсырды.

2011 жылы Астанада Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясы өтті. Сол сәттен бастап Қазақстан осы халықаралық ұйымға төрағалық етуге кірісті. Бұл басқосуды тарихи оқиға деп атауға болады, өйткені онда Ислам конференциясы ұйымының атауын (ИКҰ) Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) деп өзгерту туралы шешім қабылданды. Адам құқықтары жөніндегі тұрақты комиссия құрылды. Алғаш рет ИЫҰ-ның Орталық Азиямен ынтымақтастық жөніндегі іс-әрекет жоспары қабылданды.

2014 жылы Брюссельде Дүниежүзілік кеден ұйымы (ДКҰ) Кеден ынтымақтастығы кеңесінің 123-124-інші сессиялары барысында Қазақстан ДКҰ-ның Қаржы комитетіне сайланды.

2014 жылы Алматыда белгілі рок-музыкант Виктор Цойды еске алу қабырғасы пайда болды. Оның авторы – жас суретші Павел Кас. Ол «Кино» тобының лидерінің бейнесін Арбаттағы аркалардың біріне кескіндеді. Дәл осы жерде бұрын Виктор Цойдың өнерін сүйетін жастар жиналатын, бірақ кейіннен ол жерге дүкендер салынды. Павел жергілікті ПИК-ке ұсыныс жасап, қабырғаны мәдени орынға айналдырды. Бір ерекшелігі, Павел салған суретте Цой қолына гитара не микрофон емес, шай құйылған шыныаяқ ұстап тұр.

2015 жылы Оралда Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әлиге ескерткіш орнатылды. Сондай-ақ ұлы ақынның атымен аталатын жаңа мәдениет және өнер орталығы ашылды.

2017 жылы Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнінде еліміздің танымал медиабасшылары мен журналистер тобы «Қазақстан Медиаодағы» қоғамдық ұйымын құрғанын жариялады. 28 маусым – журналистер өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтетін күні одақ басшыларының бірінші жалпы жиналысы болып өтті.

2017 жылы астаналық Гүлмира Смаилова Испанияда өткен ХХІ Дүниежүзілік жазғы трансплант-ойындарда бірінші орынды иеленді. Ол жүрегі алмастырылған қазақстандық спортшы әйелдер арасындағы боулинг жарысына қатысып, Қазақстан құрамасына алғашқы алтын медаль сыйлады.

2017 жылы күллі әлемге әйгілі Rock the Ballet ұжымы Eurasian Dance Festival халықаралық балет өнері фестивалінде алғаш рет «Астана балет» театрының сахнасында өнер көрсетті. Труппаның негізін қалаушы – әлемнің ең жас хореографтарының бірі Раста Томас. Труппаның стилі балет, джаз, рок-балет, брейк және хип-хоп билерін қамтиды.

2018 жылы Гаагадағы әйгілі Crowne Plaza Den Haag Promenade көрмелер залында «Undiscovered Kazakhstan» («Таңғажайып Қазақстан») және «Астана – Ұлы дала маржаны» көрмелері ашылды. Undiscovered Kazakhstan көрмесіндегі бірегей суреттер Гаага тұрғындарына біздің елге жаңа көзбен қарап, Қазақстан табиғатының сұлулығын бағалау мүмкіндігін берді. Көрмеге 3 мыңнан астам фотосурет қойылды.

2018 жылы Елордада ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар шығармашылығына арналған «Бүгіннің баласы – болашақтың данасы» атты І республикалық фестиваль өтті. Фестивальға Нұр-Сұлтан қаласындағы және Қазақстанның басқа өңірлеріндегі балалар үйлерінен 7-18 жас аралығындағы 300-ден астам тәрбиеленуші қатысты. Балалар екі күн бойы «Эстрадалық вокал», «Заманауи ұлттық киім дизайны», «Көркемсөз», «Халықтық өнер», «Фотоөнер», «Хореография» аталымдары бойынша өнер көрсетті.

Back to top button