Жаңалықтар

Жаңа қаулы: Атырау облысында карантиндік шектеулер күшейтілді

Атырау облысының бас санитар дәрігерінің коронавирус инфекциясының таралуына қарсы карантиндік шектеу шараларын күшейту туралы қаулысы жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Атырау облысының аумағында эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін шаруашылықты және өзге де қызметтерді, халықтың тыныс-тіршілігін ерекше жағдайлармен шектеу шаралары енгізілсін», – деп жазылған құжатта. Қаулыда шектеу іс-шараларының режимі мен мерзімдері облыс аумағында эпидемиологиялық ахуалдың өзгеруіне сәйкес қайта қаралуы мүмкін екені атйылған. Сондай-ақ, Теңіз кен орнында карантиндік және шектеу шаралары эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін ұзартылатын болды. Вахталық әдіспен жұмыс жасайтын барлық компаниялар мен өнеркәсіптік кәсіпорындар карантиндік шараларды қатаң түрде сақтауға, карантинді енгізу кезеңінде вахталық әдіспен жұмыс істейтін кәсіпорын қызметкерлерінің шығуына (кіруіне) қойылатын талаптарды ұстануға міндеттелмек. «Карантин кезеңінде вахталық әдіспен жұмыс істейтін кәсіпорындарындағы жұмысшылар COVID-19-ға қарсы екпенің толық курсын алғаны туралы құжаты болғанда жұмысқа кірісер алдында және вахталық жұмысы аяқталғаннан кейін COVID-19-ға ПТР әдісімен тексерілмейді және оқшаулануды қажет етпейді. Екпе алмаған, COVID-19-ға ПТР тестілеудің теріс мәнді нәтижесі бар жұмысшылар 7 күн оқшауланады», – делінген құжатта.

Ал COVID-19 жұқтырған науқаспен қарым-қатынаста болған (жақын қарым-қатынаста) адамдар егер де коронавирустық жұқпаға қарсы екпенің толық курсын алғанына 14 күн болса, растайтын құжаты көрсету арқылы ПТР әдісімен тексерілмейді және оқшауланбайды. Тек аурудың клиникалық белгілер болмауы керек. Екпе алмаған, жақын қарым-қатынаста болған, COVID-19-ға ПТР тестілеудің теріс мәнді нәтижесі бар адамдар 14 күн оқшауланады. Сондай-ақ, Қаулыда Атырау облысының тұрғындары құрғақ жөтел, дене қызуы, тыныс алудың қиындауы, ентігу сияқты респираторлық вирус белгілерін сезінсе, медициналық ұйымдарға бармай, жедел медициналық көмектің 103 нөміріне қоңырау шалу арқылы үйден дереу медициналық көмекке жүгіну керектігі айтылған. 5 жасқа дейінгі балалардан басқа тұрғындардың барлығы қоғамдық орында маска режимін сақтауға міндетті. Ал 65 жастан асқан адамдарға аса қажеттілік болмаса, тұрғылықты жерінен шықпау ұсынылады. Алаңдарда, скверлерде, жағалауларда, парктерде және өзге де демалатын орындарда 3 адамнан артық топталып жиналуға тыйым салынды. Сонымен қатар: – мерекелік, ойын-сауық, көпшілік мәдени, көрмелерді, корпоративті, форумдарды, конференцияларды, банкет, үйлену тойы, мерейтой, еске алу сияқты отбасылық шаралар өткізуге,

– «Ashyq» жобасына қатыспайтын ойын-сауық объектілерінің, банкет залдарының, жабық үй-жайдағы, соның ішінде қоғамдық тамақтану объектілеріндегі балалар ойын-сауық орталықтары мен аттракциондардың, ойын алаңдарының (ауладағыларды қоспағанда), түнгі клубтардың, караоке, компьютерлік және ойын клубтарының, кальян, бильярд, боулингтердің, букмекерлік кеңселердің, мерекелерді ұйымдастыру бойынша қызмет көрсетудің қызметіне; – «Ashyq» жобасына қатыспайтын мәдени объектілердің, жеке, топтық дайындықтарды қоса алғанда кинотеатрлардың, театрлардың, концерт залдарының, филармониялардың қызметіне;

– «Ashyq» жобасына қатыспайтын нысанда көрермендері бар спорттық іс-шараларды өткізуге тыйым салынды. Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарда CОVID-19-ға қарсы вакцинациялаудың толық курсын алған және соңғы 6 ай ішінде COVID-19-бен ауырып жазылған барлық қызметкерлердің күндізгі режимде жұмыс істеуіне жол беріледі. Дегенмен, жиналыстар, кеңестер, семинарлар, конференциялар тек селекторлық режимде және бейнебайланыс арқылы өткізілуі керек. Банктердің, «Қазпошта» АҚ бөлімшелерінің, халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс уақыты 9.00-ден 18.00-ге дейін ұйымдастырылады. Аталған мекемелерге алдын ала Egov.kz, «EgovKZBot 2.0» телеграмм-ботпен брондау арқылы бару ұсынылады. Мектепке дейінгі балалар ұйымдарының кезекші топтарының (саны 15 баладан аспайтын) жатын бөлмелеріндегі кереуеттер арасындағы қашықтық кемінде 1 метр болуын сақтау; – балалар сауықтыру ұйымдарының жұмысы 30%-дан артық емес толтырумен;

– медициналық орталықтар, кабинеттер, стоматологиялар алдын ала жазылу бойынша;

– қонақ үйлер, отельдер, демалыс үйлері 80% жүктелімге дейін

– мешіттер, шіркеулер, соборлар, синагогалар толтырылуы 30% – дан аспайтын жүктеліммен және бір келушіге кемінде 5 м2 қамтамасыз ете отырып, жабық үй-жайларда ұжымдық іс-шараларды өткізбей жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Мешіттер, православие шіркеулері және басқа да діни объектілер аумағында ұжымдық діни іс-шараларды (оның ішінде «жұма намазы», күнделікті православиелік дұғалар және басқаларын) ашық ауада өткізу бетперде кию режимі мен бір адамға кемінде 4 метр есебінен әлеуметтік қашықтық сақталған кезде жүзеге асырылады. Азық-түлік және азық-түлік емес жабық базарлардың жұмыс күндері жұмыс кестесі сағат 09.00-ден 19.00-ге дейін рұқсат етіледі. Ал сенбі және жексенбіде жұмыс істеуіне тыйым салынады. Азық-түлік және азық-түлік емес ашық базарлардың жұмыс кестесі сағат 09.00-ден 19.00-ге дейін деп бекітілді. Сауда үйлері мен орталықтарына сауда желілеріне сағат 10.00-ден 19.00-ге дейін, 1 келушіге 4 шаршы метр орын қамтамасыз ете отырып, тек қана жұмыс күндері жұмыс істеуіне рұқсат етіледі. Олардың ішіндегі азық-түлік супермаркеттері мен дәріханалар ғана қ сенбі және жексенбі күндері жұмыс істей алады. Қоғамдық тамақтану объектілеріне, соның ішінде жазғы алаңқайларға сағат 07.00-ден 20.00-ге дейін, ұжымдық іс-шаралар өткізбей, 30-дан аспайтын отыратын орын орнатып, үстелдер арасындағы қашықтық кемінде 2 метр сақтау арқылы жұмыс жасауға рұқсат етіледі. Сұлулық салондары, шаштараздар, косметологиялық қызмет көрсететін объектілер алдын ала жазылу бойынша сағат 09.00-ден 19.00-ге дейін, 1 келушіге кемінде 4 шаршы метр есебімен қызмет көрсету рұқсат етіледі. Спорт кешендері, фитнес орталықтар, спорттық-сауықтыру объектілері, спорт және жаттығу залдары, сауналар, СПА орталықтары, бассейндер алдын ала жазылу бойынша сағат 07.00-ден 22.00-ге дейін жұмыс істей алады. Сенбі және жексенбі күндері жұмыс істеуіне тыйым салынады. Қоғамдық көліктің жұмыс режиміне тыйым салынбайды. Қаулы 2021 жылғы 28 маусым сағат 00:00-ден бастап заңды күшіне енеді.

Back to top button