Жаңалықтар

25 маусым: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар күнтізбесі

1916 жылы Ресей патшасының майдандағы қара жұмысқа «бұратана» халықтар өкілдерін, Қазақ және Түркістан өлкелерінің және ішінара Сібірдің 19 бен 43 жас аралығындағы азаматтарын шақыру жөніндегі жарлығы («Июнь Жарлығы») шықты.

Бұл жарлық қазақ жеріндегі ұлт-азаттық көтерілістің тұтануына түрткі болды. Жалпы майдан тылындағы қара жұмысқа Қазақстан мен Орта Азиядан 400 мың адам шақырылған. Көтерілістің аса ірі ошақтары Жетісу мен Торғай даласында болды.

1934 жылы академик Ахмет Жұбановтың ұйымдастыруымен Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік оркестрі құрылды. Ахмет Жұбановтан кейін ұжымды қырық жылға жуық КСРО халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының, «Парасат» орденінің иегері, профессор Қажығалиев Шамғон Сағитдинұлы басқарды. Оркестр көптеген халықаралық, республикалық форумдарға, фестивальдер мен конкурстарға қатысқан. Оған 1967 жылы «Республиканың еңбек сіңірген ұжымы», 1978 жылы «академиялық оркестр» құрметті атақтары берілсе, 1984 жылы 29 қарашада Халықтар достығы орденімен марапатталған. Оркестр көптеген шет елдерде: Польша, Румыния, Венгрия, Германия, Франция, Швеция, Португалия, Дания, Үндістан, Қытайда өнер көрсеткен.

1991 жылы Қазақ КСР-нің «Қазақ КСР Министрлер кабинеті туралы» Заңы қабылданды. Заңға сәйкес, Министрлер кабинетінің мәртебесі, құрылуы мен құрамы, сондай-ақ негізгі міндеттері мен өкілеттілігі анықталды. 1995 жылы 30 тамызда жүргізілген референдумның нәтижесінде бұрынғы мемлекеттік құрылыстың кемшіліктерін жойған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданып, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітілді.

1993 жылы Қазақстан Республикасы мен Аргентина Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасты орнату туралы Хаттамаға қол қойылды.

2005 жылы Фин шығанағы жағалауындағы Выборг портында қазақстандық «Алматы» екінші танкерін салтанатты қабылдап алу рәсімі өтті. Кеменің құрылысы 13 айға созылды.

2005 жылы мамыр айының соңында кеме Балтық теңізінде сынақтан өтіп, тапсырыс беруші «Қазтеңізтасымалфлоты» Ұлттық компаниясына табыс етілді. Танкердің ұзындығы – 50 метр, ені – 17,3 метр, отыруы – 7 метр, борт биіктігі – 10,1 метр, жылдамдығы 10 узел деп бекітілді. Кеме Құмкөл тобы, Теңіз және Бозашы кеніштерінің мұнайын тасу үшін «Ақтау – Махачкала», «Ақтау – Баку» бағыттары бойынша пайдаланылады. Айына орта есеппен 7-8 рейс жасайтын танкер жылына 1 миллион тоннадан астам мұнай тасымалдайды.

2009 жылы Алматы қалалық поштампттың филателистиялық салонында «Ғарыш және астрономия» топтамасының екi көркем пошталық маркаларының тұсау кесер рәсімі өттi. Жаңа маркаларда Мақсұтов телескобы және астрономиялық обсерватория бейнеленген. Әрбiр марканың тиражы – 50000 дана, қалпы – 37 х37 мм. Маркалар Пекин пошта және телекоммуникация министрлігінің пошталық төлем таңбалары фабрикасында басып шығарылған. Николай Соколов ресімдеген. Бұл Қазақстанның пошталық марка топтамасының 666-шы және 667-ші маркасы.

2010 жылы Алматыда «Ұлы Жібек жолы – 1000 жыл өткен соң» жобасы басталды.

2011 жылы Түркістанда белгісіз діннің ғибадатханасы анықталды. Оны Түркістан экспедициясы кезінде отандық археологтар тапқан. Ә.Марғұлан атындағы археология институтының бас ғылыми қызметкері Ерболат Смағұловтың айтуынша, ғибадатхананың Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жақын жерден табылуы оның маңыздылығын арттыра түседі.

2015 жылы Тараз қаласының маңында орналасқан Қазпоселок ауылынан келген Хусейноглы отбасы бақшасынан табылған көне құмыраларды мұражайға өткізгені үшін Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайының сыйлығына ие болды. Мамандардың айтуынша, 20 литрлік құмыралар шамамен XVI-XVII ғасырларға тиесілі.

2018 жылы Мағжан Жұмабаевтың туғанына 125 жыл толуына арналған пошта маркасы шығарылды. Пошта маркасында М. Жұмабаев бейнеленген. Тиражы – 10 мың дана. Офсетті баспада жасалған маркалардың бояуы 4 түрлі түсті. Марка өлшемі – 40х28мм.

2019 жылы Парижде Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО) арасындағы ЮНЕСКО аясында Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығын құру туралы келісімге қол қойылды. Орталықтың мақсаты – Орталық Азияда және басқа да өңірлерде мәдениатаралық ықпалдастықтың тарихы мен тәжірибесі бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу, басылымдар дайындау, конференциялар ұйымдастыру және ағарту жұмыстарын атқару.

Back to top button