__Маңызды

Журналистер арасындағы URKER-2021 Ұлттық бәйгесінің жеңімпаздары анықталды

Баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы URKER-2021 ұлттық бәйгесінің жеңімпаздары марапатталды.

«Жылдың үздік жаңалықтар порталы» номинациясында «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі жеңіске жетті. Марапатты Президент телерадиокешенінің бас директоры Раушан Қажыбаева табыстады.

Ал BaigeNews.kz порталының журналисі Әнуар Әбдірахманов «Жылдың үздік репортажы» номинациясында жеңімпаз атанды. Сыйлықты «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат табыс етті.

«Жылдың үздік аналитикалық материалы» номинациясында «Ақиқат» журналының қызметкері Дина Имамбаева топ жарды. Марапатты Парламент Сенатының депутаты Айгүл Қаппарова жариялады.

Ал «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған үздік материал» номинациясында «Семей таңы» газетінің тілшісі Риза Молдашева жеңіске жетті. Марапатты тәуелсіз Қазақстанның ең алғашқы Ақпарат мминистрі, мемлекет және қоғам қайраткері, журналист Қуаныш Сұлтанов табыстады.

TÚRKISTAN халықаралық саяси апталығының ұжымы «Жылдың үздік газеті» марапатын иеленді. Сыйлықты журналист, Журналистер академиясының академигі Александр Тараков табыс етті.

whatsapp image 2021 06 24 at 18.44.48

«Жылдың үздік танымдық материалы» номинациясында Massaget.kz порталынан Өмірбек Сансызбаев озып шықты. Жүлдені Қырғыз Республикасы Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрінің орынбасары Салтанат Аманова табыстады.

«Жылдың үздік журналистік зерттеуі» жүлдесін Aiqyn газетінен Рысбек Қыдырбек жеңіп алды.

whatsapp image 2021 06 24 at 18.44.49 1

Ал «Радиостанциядағы үздік жоба» аталымында – NS радиосының «Новое утро» бағдарламасы үздік атанды.

newsroom.kz порталының фотосуретшісі Мақсат Шағырбаев «Жылдың үздік фотосуреті» номинациясында топ жарды. Марапатты табыстау мәртебесі URKER бәйгесінің былтырғы жеңімпазы, экобелсенді Сәкен Ділдахметке берілді.

Forbes Kazakhstan журналы «Жылдың үздік журналы» атанды. Сыйлықты ақын, Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы тапсырды.

«Жылдың үздік сұхбаты» жүлдесін Vlast.kz порталының журналисі Тамара Вааль жеңіп алды. Жүлдені QAZAQSTAN республикалық телерадиокорпорациясының төрағасы Ләззат Танысбай жариялады.

URKER-2021 ұлттық бәйгесінің арнайы жүлдесі «Қазақ радиосы» ұжымына берілді.

whatsapp image 2021 06 24 at 18.44.50

Барлық жеңімпаздарға URKER естелік мүсіншесі және бір миллион теңге мөлшеріндегі ақшалай сыйлық табысталды.  Ұлттық бәйге биыл бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Байқау 11 номинация бойынша өткізілді, оған «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған үздік материал» номинациясы қосылды.

Айта кетейік, Ұлттық бәйгеде NurMedia холдингіне кіретін TÚRKISTAN, Aiqyn басылымдары және NS радиосы үздік атанып отыр.

Журналистерден жалпы саны 340 жұмыс келді, ал үздік жұмыстарды беделді журналистер, еліміздің шығармашылық интеллигенциясының өкілдері мен халықаралық медиаэксперттерден құралған қазылар алқасы анықтады.

 

Back to top button