Садриддин Айни: сейіт, мір, сыддық, қожа − бұлар кімдер?

Садриддин Айни: сейіт, мір, сыддық, қожа − бұлар кімдер?

Садриддин Айни: сейіт, мір, сыддық, қожа − бұлар кімдер?
ашық дереккөзі
Әлі күнге қазақтарда тайпашылдық түсінік бар. Сондықтан қазақ халқын құрайтын Үш жүз бен рулардың шежіресінен әңгіме айтып, «кімнің кімге жақындығын» талқылап отырады. Сондай-ақ, төре, төлеңгіт, қожа, сунақ, көлеген секілді руларды жүзге жатпайтынын дәлелдеп, оларды қазаққа сырттан қосылған ру ретінде көрсетеді. Әрине, ХХІ ғасырда тайпашылдық деген әдет жақсы емес, ол үлкен (Ұлттық) идеяның майдаланып (рулық) кетуіне жеткізіп, елдің рухани-идеологиялық тұрғыдан біртұтас болуына кесірін тигізіп те жатады. Сондықтан әлемнің басым көпшілігі тайпалық әдетті баяғыда тастаған. Алайда бүгінгі қазақ халқын құраған көптеген рулар өздерінің «тарихын» жазып, түп-тұқиянының қайдан шыққаны жайлы аңыз жасауға шебер. Соның бірі − қазақта діни салт-жоралғыларға иелік етіп келген қожа руы. Қожалар түркі халықтарының көбінің құрамында бар. Қазақ құрамындағы қожалар да өздерін Мұхаммед пайғамбардың тұқымы санап, «Ұлы далаға Арабиядан дін таратуға келген діндарлардың ұрпағымыз» дейді. Сонымен бірге қожалар Орталық Азияда ежелден (Зороастризм діні пайда болғалы) діни орталық атанған Бұқара шаһарында алғаш пайда болған дейтін деректер бар. Сондай бір мәліметті белгілі тәжік жазушысы Садриддин Айни (Садриддин Саидмурад-заде. 27.4.1878. Гиждуван қаласы маңындағы Соктара қыстағы — 15.7.1954, Душанбе қаласы) айтады. Ол әйгілі Қазан төңкерісінен бұрын Бұқарада тұрып, сондағы діни медреселерде білім алған. Кеңестік кезеңде танымал қаламгерлердің біріне айналған ол көптеген шығармаларымен бірге «Естеліктер» атты 4 кітаптан тұратын мемуарлық туындысын жариялап, КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері болған. Сол мемуарлық шығармасында Бұқара туралы айта келіп, ол жердегі ислам дінінің орнығуы жайлы, арабтардан келіп жергілікті халыққа сіңіскен тайпалар туралы  жазған. Соның арасында «қожалар» туралы да айтып кеткені назар аударарлық. «Сейттер Мұхаммед пайғамбардың (саллаһу әлейһи уә сәллам) қызы Фатима (р.а) мен Хазірет Әли (р.а.) ұрпақтары қатарына қосылады. Бұхарада сейіттердің қадір-құрметі өте жоғары, сондықтан хандықтың мәртебелі өкілдерінің арасында сейттер отбасыларымен туыс болуға ұмтылғандар аз болмады. Бұхара әскери-әкімшілігінде бірқатар лауазымды тұлғалар сейіттен шыққан адамдар болды. Бұхарада сейіттерден басқа өзін Мір деп санайтын мұсылмандар топтары болды, олар пайғамбардың үш серігі - Әбу Бәкір (р.а), Умар (р.а.) және Осман (р.а.) хазреттерінен тарағандарын мәлімдеді. Бұл Мір сөзін өлке басқарып Мір  атанған әкім, бектермен  шатастыруға болмайды. Жоғарыда аталған ізбасарлардың негізгі есімінен соң Сыддық (яғни, Әбу Бәкір Сыддық р.а. ұрпағы) Умар мен Усмон секілді қосымша қосымша аттар жалғанып отырды. Хожаларға алғашқы жаулап алушылардың ұрпақтары да қосылды. Араб қолбасшысы Кутейба ибн Муслим тұрғындарға өз үйлерінің жартысын қарапайым араб солдаттары мен офицерлеріне беруді бұйырды. Сол арқылы арабтар бұқарлықтар өмір салтын, исламның оларға күштеп таңылған рәсімдерін қалай сақтайтынын, жеңілгендер өздерінің ескі діндерін жасырын түрде мойындай ма, т.б. бәрін бақылады. Кейінірек бұл шақырусыз келген қожайындардың барлық ұрпақтары "қожалар" деп аталып, олар біртіндеп бүкіл Орта Азияға таралып, өте ықпалды әлеуметтік топқа айналды. Ақсүйектер тобын құра отырып, бұл қожалар ерекше құрметтелді және халық арасында үлкен ықпалға ие болды, олардың арасында саудагерлер, қолөнершілер, шаруалар, жұмысшылар және қаңғыбас дервиштер де (каландар) болды». («Естеліктер». С.Айни. 1948 ж). Міне, ХХ ғасырдың бас кезінде Бұқарада әлі ескі діни түсінік күшті кезінде өмір сүрген жазушы Садриддин Айни бүгінде тәжік, өзбек, қазақ, қарақалпақ, қырғыз халықтарының құрамында өмір сүріп жатқан қожалар туралы осылай дейді. Бұған қарап барлық қожалар Бұқарадан тараған деген тұжырымға келуге болатын сияқты. Дегенмен бүгінде қазақ ішіндегі қожалар рухани жақтан өздерін қазақ санайтыны белгілі. Бізге басты керегі де сол.