Тәуелсіздікпен бірге түлеген ұлттық журналистика ұстыны

Тәуелсіздікпен бірге түлеген ұлттық журналистика ұстыны

Тәуелсіздікпен бірге түлеген ұлттық журналистика ұстыны
ашық дереккөзі

Елді ел қылатын құдіретті нәрселер бар, соның ең басында баспасөз құралдары тұратыны анық. Қазақ­тың өнер-білімге ұмтылып, ғылым, техникамен таныса бас­таған кезі ұлттық баспасөзіміздің пайда болуымен бай­ланысты.

ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ тілінде алғаш рет «Түр­кі­­стан уәлаятының газеті» (1870), сәл кейін «Дала уәлаятының газеті» (1888) жарық көргенімен ол қазақ ұлтынан гөрі сол газетті шы­ғарушылардың мақсат-мүддесіне жұмыс істегені белгілі. Ал 1907 жылы Петерборда татардың «Улфат» газетінің қосымшасы ретінде шық­қан «Серке» газеті, 1911-1915 жылдары Тройцкіде шығып тұр­ған «Айқап» журналы мен 1911-1913 жылы Орда қаласында басы­лып тұрған «Қазақстан» газеттері қазақ ұлты үшін үлкен ағар­тушы­лық жұмыстарын жүргізді. Дегенмен 1913-1918 жылдар ара­лы­ғын­да Орынборда 265 нөмірі шы­ғып үлгерген «Қазақ» газеті жалпыұлттық ба­сылымға айналып, халқымызды ұлттық бір­лікке үндеп, рухани біртұтастық үшін қыз­мет еткен айбынды басылым болды. Сол кез­ден бастап қазақ халқы газеттің не еке­нін біліп қана қоймай, сауаттылық пен бі­лім­діліктің соншалық маңызы бар екенін тү­сініп, болашағы қаншалық мықты екенін се­зінді. Газетке ұлтының атын қойып шы­ғар­ған ұлы реформатор Ахмет Бай­тұр­сын­ұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм ті­лі» деген атақты сөзін сол тұста айтса, одан кейін Ахаңның сол пікірін «...Әр жұрт­тың, әр мемлекеттің мәдениет майданында іл­гері-кейінгінің қатасыз бір өлшеуіші бас­пасөз болады. Қай жұрттың баспасөзі күшті бол­са, сол жұрттың өзі де күшті, өзі де өнер­лі екені көрінеді. Яки, қай жұрт өнерлі болса, оның шексіз баспасөзі күшті бола­ты­ны айдай анық», − деп әрі қарай тереңдете түс­кен қазақтың тұңғыш романшы қалам­гері Міржақып Дулатов баспасөзіне ие бол­ған халықтың қолы неге жететінін көрсетіп бер­ген еді. Оның бұл айтқанын әлі күнге дейін құнын түсірмеген ой ретінде қабыл­дай­мыз. Тек баспасөз бүгінде көптеген сала­ға бөлініп, әрқайсысы жеке-жеке дамып кет­ті. Кеңестік кезеңде − 1990 жылға дейін Қа­зақстанда бар болғаны республи­ка­­лық деңгейде 10 мемлекеттік басылым мен 21 телерадио арнасы болды (ал қазір олар­­дың саны 3 мыңға жуық). 1992 жылға дейін елімізде тәуелсіз ба­сылым болған емес. Дегенмен бұрын­нан бел­гілі, бейресми түрде елдің бас газеті са­налатын, аты тәуелсіздіктен сәл бұрын өз­гер­­ген «Егеменді Қазақстан» (1993 жылғы 1 қаң­­тардан «Егемен Қазақстан») газеті мен «Жас Алаш» (1991 жылға дейін «Лениншіл жас») газеттері және қазірде шыққанына 87 жыл толып отырған елдің бас әдеби басы­лы­мы − «Қазақ әдебиеті» газеті кеңестік ке­­зең­нің дәурені өткенін сездіріп, ұлттық са­­наны ояту үшін үлкен қызмет атқарды. Тіп­­ті оларда ешкімнің беделіне қарамай сы­­найтын өткір материал көп басылды. Сон­­дай-ақ, алғашқы саны 1990 жылы, Ұлыс­тың ұлы күні наурыздың 22-сінде жарық көр­ген, бүгінде еліміздің беделді га­зетіне ай­налған «Ана тілі» газеті болса, сол тұста қа­зақ тіліне қатысты барлық проблеманы кө­теріп, сараптап, зерттеп, жариялап отыр­ды. Сол тұста газет таралымының 120 мың­нан асқаны сол кезде оның халыққа қандай қа­дірлі болғанын көрсетсе керек. Қазақстанда тек елдің ішіндегі ғана емес, сырттағы оқырмандарға да жетіп, оларды еліміздің қоғамдық-саяси өмірі­мен таныстырып отыруға арналған га­­зеттер болды. Соның бірі − респуб­ли­каара­­лық апталық «АЗиЯ» газеті. «Ка­зин-пресс» концерні құрылтайшылығымен жа­рық көрген апталық басылым 1992−1995 жыл­д­ар аралығында Алматыда орыс-қазақ тілдерінде шығып тұрды. Кө­лемі А2 форма­тымен 16 бет болып шыққан газет 20-30 мың данамен басылып, Орта Азия рес­пуб­ли­ка­ларына, Әзербайжанға тара­ды. Не­гізінен орта азиялық мемлекеттер ара­сындағы интеграциясы мәселелерін кө­терген газет кезінде өте танымал басы­лым­дар­дың бірі болды. Әсіресе шетелдегі қазақ оқыр­мандарын рухани біртұтастыққа үн­деуімен тартты. Шетелдегі қазақтармен байланыс мәселесі кеңестік кезеңнен бері бар (әрине, ол сол кездегі КСРО-ның сыртқы саясатына сай болды). Шет елдер­дегі қазақтарға арналған алғашқы басылым 1944 жылы жарық көрген «Қазақ елі» журналы 1956 жылы жабылды. Дегенмен 1976 жылы «Біздің Отан», кейін «Шалқар» ап­талық газет (кирилл және араб гра­фи­касымен) шығып тұрды. 1995 жылы шет­ел­дер­де тұратын қазақтарға арналған ба­сылым еларалық «Қазақ елі» газеті шыға бас­тады. Оның төте жазумен «Шалқар» қо­сымшасы да айына екі рет жарық көретін. Бұл газет те жабылғанша шетелдегі қазақ­тарды атажұртымен байланыстырып, үлкен әсерін тигізді. Тәуелсіздіктен кейін іле-шала жарық көрген халықаралық қоғамдық-сая­си, танымдық «Заман-Қазақстан» газеті Түр­кия мен Қазақстан арасындағы ақпарат­тық байланыс орнатуға арналған еді. 1992 жылы 17 қаңтарда алғашқы саны шыққан газет Қазақстандағы алғашқы халықаралық ба­сылым ретінде 2000 жылы «Қазмедия» ЖШС компаниясының құрамында қайта құры­лып, «Қазақстан-Zaman» деген атпен қай­та шыға бастады. Аптасына бір рет, 12 бе­ті қазақ тілінде, 4 беті түрік тілінде шы­ға­тын газеттің атауы кейін Qazaqstan zamany болып өзгеріп толығымен қазақ ті­лін­де шығатын болды. 2019 жылдан бері Qazaqstan dauiri деген атпен шығып келеді. Ал 1993 жылы қарашада ҚР Ми­нистр­лер Кабинетінің арнайы қау­лы­сымен ашылып, 1994 жылғы 28 қаңтардан күні бүгінге дейін тоқтаусыз басылып келе шы­ғып келе жатқан «Түркістан» (қазір Túrkistan) газеті – әлемдегі маңызды оқи­ға­лар­ды, түркі халықтарының бірлігі мен өзара қарым-қатынасын және еліміздегі маңыз­ды мәселелерді сараптайтын танымал да беделді басылымдардың бірегейі. Газеттің негізін қалаған әрі алғашқы бас редакторы (1993-1999) − Қазақстанның Халық жазу­шысы Қалтай Мұхамеджанов болса, одан кейін 1999-2018 жылдары белгілі ме­ди­а­менед­жер Шәмшидин Паттеев басқарды. 2018-2019 жылы Жаңабек Шағатай, 2019 жыл­дың басынан бастап Қуат Әуесбайдың басшылығымен жаңа форматта жарық кө­ріп келе жатыр. Газетте басылған мате­риал­дар мен газеттің PDF нұсқасы және күн сайын маңызды жаңалықтар turkystan.kz сай­тында жарияланады. Аталған сайт елі­міздегі сайттар рейтингінде үздік жиыр­ма­ның қатарынан түспей келеді. Тәуелсіздіктен бері баспасөз са­ла­сындағы маңызды жаңалықтардың бірі – тәуелсіз басылымдардың жарық көруі. Шынына келгенде, сол тұстағы қазақ ті­лін­дегі мемлекеттік және тәуелсіз басы­лым­ның барлығы да қазаққа қатысты қор­да­лан­ған мәселелерді көтеріп, ұлттың рухани әле­мі үшін күресті. Сол үшін тіпті қазақ жур­налистерін «бейресми ұлттық партия» деп те атайтын. Өйткені ол кезде орыс ті­лін­дегі басылымның біразы Қазақстан тәуел­сіздігіне сенбейтінін ишаралап, кеңес­тік кездегі астамшылық көзқа­расын ашық білдіретін еді. Осының ке­сі­рі­нен қазақтілді және орыстілді басылымдар арасында бірін-бірі жоққа шығару белең алған шағы да болды. Міне, осындай кезде «Казахская правда» атты орыс тілінде шы­ғатын қоғам­дық-саяси тәуелсіз газеттің пай­да болуы – ерекше жағдай. Оның шы­ғару­шысы әрі бас редакторы, философия ғы­лымының док­торы, профессор Алдан Айым­бетов әрдайым қазақ мәселесінде сыңар­жақ пікір білдіруге дайын тұратын орыс­тілді басылымдарға қар­сы бітіспес май­дан ашты. Яғни, орыс­тілді болса да «Ка­захская правда» ұлттық-патриоттық ба­ғыт­ты ұстанды. Ондағы жария­ланымдардың өт­кірлігі сонша, газет «31 арна» телеар­на­сы­мен және «Казах­станская правда», «Ка­раван» «Мегаполис» сияқ­ты газеттердің жиі наразылығын тудырып, дауласуға жеткізді жа­татын. 1993 жылы ашылған «Казахская прав­да» 2006 жылы оның шығарушысы Алдан Айымбетов дүние салған соң ұзамай жабылды. Деген­мен бұл газетті шығаруға бар­лық қара­жатын, уақытын, шығарма­шы­лығын арна­ған Алдан Айымбетов өзінің жан­кеш­тілі­гімен ел есінде қалды. Еліміздегі тәуелсіз басылымдардың бір ерек­шелігі – республикалық дәреже­дегі түрлі жекеменшік газеттердің облыс ор­талықтарынан шыға бастауы. Соның ал­ғашқыларының бірі − 1996 жылдан бері Шымкент қаласынан шығып келе жатқан рес­публикалық «Айғақ» газеті. Оның демок­ра­тияның даму принциптерін ұстанып, ер­кін ақпарат таратуы газеттің танымал болуына ықпал етті. Аймақтан шықса да орталықтағы га­зеттерден атағы кем болмаған, бәлкім танымалдығы артық «Алтын Орда» га­зеті 12 жыл бойы қазақтың ақпарат кеңіс­тігінде аса танымал қазақи басылымның біре­гейі еді. 2000 жылы Ақтөбеде ақын Мейір­хан Ақдәулетұлының басшылығымен жа­рық көрген газет шын мәнінде тәуелсіз, соны­мен бірге ұлтшыл, мемлекетшіл басы­лым­ның қандай болатынын танытты. Өзге га­зеттер жариялауға бата алмайтын небір азулы материалдар «Алтын Ордада» басы­лып, оқырмандарын сүйсіндіріп жататын. Асқақ­таған әкім-қаралар «Мен» деп көкіре­гін керген небір тұлғалар газет сынына ілі­ніп, аптығын басып жататын. Кейін ре­дак­циясы Атырауға көшкен, таралымы 25 мыңға дейін жеткен «Алтын Орда» 2012 жы­лы белгісіз себептермен жабылды.  width= Жалпы, тәуелсіздік дәуірінде еліміз­дің медиаменеджерлері мен қа­зақ журналистерінің қолынан қандай газет болса да шығару келетіні талай дәлелденді. Өкініштісі сол, небір өзгеше жоба, тың ше­шім­мен ашылған талай газет қолдау бол­ма­ғасын қанатын жая алмай, жабылып тынды. Мә­селен, 2004 жылы экономикалық газет бо­лып ашылып, кейін республикалық жас­тар апталығына айналған «Нұр-Астана» рес­публикалық деңгейде жарық көрген жал­ғыз жастар басылымы қоғам­дық-саяси, әдеби-танымдық материалдар жариялап, өзіндік бетін қалыптастырса да, 2013 жы­лы жабылды. Ал 2008 жылдың қаңтарынан шіл­десіне дейін 23 нөмірі жа­рық көрген соң шығуы тоқтаған «Айқара» республикалық қоғамдық-саяси апталы­ғы­ның аты да заты да өзгеше болатын. Газеттің әр екі айқара бетінде бір проблема қозғалып, сол мәселеге қатысты мамандардың пікірі берілетін және тақырыптың саяси, эконо­ми­калық жағы жан-жақты зерттелетін. Екі ба­сылым­ның да бас редакторы белгілі жур­налист Ғабит Мүсіреп болды. Сол сияқты қазақ баспасөзіне өзгеше леп алып келген «Үш Қиян», «Ұлт Times» «Халық сөзі», «Ұлт мұраты» секілді ап­та­лықтардың да өмірі келте болды. Әжеп­тәуір қаржылық қолдаумен шығып тұрған «Алаш айнасы», «Дала мен қала» секілді оқыр­маны бар газеттердің жабылуы да қа­зақ баспасөзі үшін жағымды бола қоймады. Деген­мен мынаны түсінуіміз керек, неше түрлі басылымдар ашылып-жабылғанмен оның да берген сабағы болды. Қазақша газет шығарамын деушілер қандай мықты жоба болса да, қаржылық қолдаусыз оның алысқа бар­майтынын жақсы ұғынды. Екінші жағы­нан ұлттық баспасөзді қолдау керегін дер кезінде түсінген мемлекет те бұрыннан шы­ғып келе жатқан кейбір басылымдарды бірік­тіріп, олар үшін тендер жариялап, қол­дау көрсетіп келеді. Кейінгі кезде «Қазақ га­зеттері» ЖШС-ның қайта құрылымдалып он редакцияның («Ана тілі», «Теңге мо­ни­тор», «Ұйғыр авази» газеттері мен «Ақи­қат», «Үркер», «Мысль» журналдары және «Ақжел­кен», «Балдырған», «Ұлан», «Дружные ре­бята» секілді балалар басы­лым­дары) бір жерге шоғырлануы, «Казак­стан­ская прав­даның» «Егемен Қазақстанмен біріктірілуі қа­зақ­тілді басылымдарға деген қамқор­лықтың көрінісі деуге болады. Тағы бір айта кететіні, тәуелс­із­дік­тің алғашқы жылдарында елімізде сары басы­лымдар қаптады. Бірақ жазатыны өсек-аяң, төсек мәселесі секілді деңгейі төмен он­дай басылымдардың дәурені тез өтіп кет­ті. Қазір халық ұлттың, мемлекеттің сө­зін сөйлейтін басылымдарға құрметпен қа­райды. Қазақ баспасөзі дегенде журналдар ту­ра­лы да айтпай кетсек болмас. Кеңес­­тік кезеңнен бері келе жатқан «Жұл­дыз», «Жалын» журналдары әлі атын да за­тын да өзгертпестен шығып тұр. Олардың қа­­тарына 2000 жылы қосылған «Таң-Шол­пан» журналы да бұл күнде іргелі басылымға ай­­налды. Сол сияқты Тараздан «Жамбыл», шы­­ғыстан «Өтүкен», Қызылордадан «Әліс­мақ» секілді өз оқырмандары бар журналдар жа­рық көріп жатыр. 2016 жылы Ақтөбеде Мейір­хан Ақдәулетұлы ашқан «Адырна» әдеби-көр­кем көпшілік журналы аз уа­қыттың ішін­де өзінің деңгейінің жоғары­лығымен әде­би ортаға да, қарапайым оқыр­мандарға да тез танылып еді. Дегенмен биыл екі саны ға­на шыққан журнал қар­жылық жағдайы­ның қиындығынан уа­қытша тоқтап тұр... Кеңес кезеңінде аса танымал болған қазақтілді ғылыми көпшілік журнал «Зерде» журналының жабылуы, «Парасат», «Қа­зақстан әйелдері» секілді журналдардың бұл күнде көзге түспеуі де ойландырарлық жағ­дай. Дегенмен менеджерлік ісін жолға қой­ған басшылардың арасында да журнал шы­ғаруда да табысқа жеткендер жоқ емес. Мә­селен, жақынға дейін «Жұлдыздар от- ба­сы», «Аңыз адам» секілді тиражы көп жур­нал шығарып келген Жарылқап Қалы­байдың іскерлігі заманауи медиада танымал деуге болады. Қазір де өз оқырмандарымен ты­ғыз байланыс орнатқан көптеген жур­нал­ шығып жатыр. Тәуелсіздіктің келуімен елімізде те­ле­визия саласы қатты дамыды. Бұрын екі-үш арна ғана (оның да уақытының ба­сым бөлігі орыс тілінде еді) көрсететін Қа­зақ­­­станда 1993 жылдан бері Қазақстан ұлт­тық арнасы, Хабар, «31 арна», КТК, НТВ, СТВ (бұрынғы Рахат тв), ТАҢ, Hit tv, Еларна, Евра­зия, Алматы (бұрын ЮСА), Хабар 24 се­­кі­лді арналар бірінен соң бірі ашылып, бұл саланың қарыштап дамуына зор әсерін ти­гізді. Кейін ашылған Kazakh TV жерсерік­тік арнасы және әлемге жерсерік арқылы тара­тылатын CNL, KZ Sport 1, Нау ТВ, Се­тан­та Спорт секілді қазақстандық арналардың пай­­да болуы, сондай-ақ интернет желісіне тар­­тылған Тұран-ТВ, Disney Channel Kazakhstan арналары да отандық телевизия са­­ласының дамуынан хабар береді. Бүгінде жекеменшік ойын-сауықтық телеарналар да көбейіп келеді және оның арасында қазақтілді арналардың кө­беюі көңіл қуантады. Ал кейінгі кезде ашыл­ған Аbai.TV cекілді қазақтілді арналар ұл­ты­­мыздың рухани әлемдегі біртұтастығы үшін қызмет етіп жатыр. АҚ РТРК Қазақстанға қарайтын Ұлт­тық арнаның еліміздің 13 қала­сын­да бөлімшелері бар. Ал 2010 жылы теле­ди­дар мен радио хабарын эфир және жер­серік арқылы тарату жөніндегі Қазақстан Рес­публикасының ұлттық операторы OTAU TV («Отау ТД») – құрылғаннан бері АҚ РТРК Қа­зақстан жанынан ашылған балаларға ар­налған «Балапан» арнасын бүгінде әлем­дегі барлық қазақ баласы және түркітілдес ел­дің балалары жерсеріктік телевизия ар­қылы көріп отыр. Осылайша отандық теле­ви­зияның жаңа дәуірі басталды. Қазір об­лыстарда да жекеменшік телеарналар бар. Олардың кейбірі ОTAU TV арқылы көрсе­тіле­ді. Дегенмен кейінгі кезде елдің біраз бө­лігі теледидар көре бермейтінін айтады. Бұл бүгінде аса қатты дамып кеткен ақпа­рат­тық технологияның, интернет жүйесінің кү­шеюіне байланысты болса керек. Сон­дықтан адамдар теледидар алдында арнайы отыруға уақыты бола бермейтіндіктен түрлі хабарларды кез келген жерде смартфон арқылы YouTube бейнехостингінен тама­шалай береді. Қазақстанға ғаламтордың келуімен Қазнет (интернет желісінің қазақ және орыс тілдеріндегі қазақстандық бөлігі) ашылып, қазақ тілінің қолданылу аумағы өсіп келе жатқанын да байқай аламыз. «Қазнет» термині арқылы .kz және жаңадан пайда болған .қаз аумағының доменді зо­на­сының интернет ресурстарын, қазақ­стан­дық провайдерлер көлемінде орналасқан бас­қа да аймақтық аумақ ресурстарын, қа­зақ­стандық тыңдаушыларға бағытталған ше­телдік ресурстар мен қазақстандық ұйым­дардың шетелдік өкілдер ресурстарын түсінеміз. Елімізде 1994 жылғы 19 қыркүйекте жоғары деңгейлі .kz домені ресми түрде тіркелді. Ал 2009 жылы Қазақстандағы басты ақпараттық интернет жүйесінің да­мыған ұлттық сегментін қалыптастыру, со­ның ішінде желілік ақпараттық ресурс­тар­ды дамыту, ақпараттық-коммуни­ка­ция­лық инфрақұрылымды ұйымдастыру, осы саладағы инвестициялық және инно­ва­циялық белсенділікті көтермелеу мақсатын­да «Қазконтент» АҚ компаниясы құрылды. Қазақстандағы Интернет дүниежүзілік же­лінің құрамдас бөлігі ретінде Қазақ­стан­ның байланыс және ақпарат құзыретіне жа­тады. Казнеттің дамуында бастапқы ұлт­тық провайдер, «Қазақтелеком», үлкен рөл атқарады. Міне, содан бастап электронды бас­пасөз құралдары жылдам қарқынмен да­ми бастады. Қазақ тілінде еркін интернет эн­циклопедия − Википедияны дамыту қол­ға алынып, он мыңдаған материал жазылды. Газет-журналдардың сайттары көптеп ашы­ла бастады. Қазір медиа саласының дамуы не­гізінен интернетке байланысты бо­лып қалды. Елдің көбі дәстүрлі БАҚ-тан­дан гөрі электронды БАҚ-қа көп жү­гінетін болып барады. Бұл – дәстүрлі ме­диа­ға қауір төндіргендей көрінгенімен тез қи­мылдап, шалт шешім қабылдауға мәж­бүрлейтін заман талабынан туған құбылыс. Еліміздегі ең ірі мемлекеттік «Қа­зақ­парат» ақпарат агенттігі мен ірілі- ұсақ­ты сайттың бәрі дәстүрлі ақпарат құрал­дарымен теңдей құқыққа ие. Қазіргі заң бойынша кез келген сайт ақпарат құралы. Сондықтан кез кел­ген мекеменің өз сайты бар. Сол арқылы өз­дерінің ат­қарған жұмыстары жайында ақ­парат беріп отырады. Сонымен бірге дәс­түрлі БАҚ-қа қарағанда сайт ашып, жұ­мысын жүргізу арзанға түседі. Оның үстінде дәс­түрлі ме­диалардың өздерінің мате­риал­дарын сайт арқылы жариялап таратып отыруы қа­лыпты жағдайға айналып кеткен. Бүгінгі БАҚ-тың қолы ұзын десе болады. Кез келген оқиға туралы кез кел­ген елдің ақпарат агенттігінен тікелей мәлімет ала алады және тіл білетін журна­лис­тер үшін ешқандай кедергі жоқ. Қазіргі жур­налистер осыдан ширек ғасыр бұрынғы әріптестермен салыстыруға келмейді. Се­бебі бәрі ақпараттық технология құрал­да­рын жақсы игерген әрі бірнеше тіл білуге бейім. интернет аударма­шы­ларына деген сұраныс та жылдан-жылға артып келеді. Бүгінгі қазақтілді БАҚ-тың дамуы мем­лекеттік тіліміздің аясының кеңуі­не зор әсерін тигізіп отыр. Азаматтық жур­налистика санатындағы әлеуметтік же­лі­лерде де қазақтілді блогерлердің көбеюі ол жақты да қазақыландырып жатыр. Со­лайша жаһандану дәуірінде тәуелсізді­гіміз­дің алғашқы 30 жылында қазақтілді ме­дианың барлық түрі заманмен бірге қадам ба­сып, жаңғырып, дамып келеді. Ол ұлттың да, мемлекеттің де әлеуетін таныта алды деп ой­лаймыз.

Ахмет ӨМІРЗАҚ