Жаңалықтар

Тәуелсіздікпен бірге түлеген ұлттық журналистика ұстыны

ашық дереккөзі

Тәуелсіздікпен бірге түлеген ұлттық журналистика ұстыны

Елді ел қылатын құдіретті нәрселер бар, соның ең басында баспасөз құралдары тұратыны анық. Қазақ­тың өнер-білімге ұмтылып, ғылым, техникамен таныса бас­таған кезі ұлттық баспасөзіміздің пайда болуымен бай­ланысты. ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ тілінде алғаш рет «Түр­кі­­стан уәлаятының газеті» (1870), сәл кейін «Дала уәлаятының газеті» (1888) жарық көргенімен ол қазақ ұлтынан гөрі сол газетті шы­ғарушылардың мақсат-мүддесіне жұмыс істегені белгілі. Ал 1907 жылы Петерборда татардың «Улфат» газетінің қосымшасы ретінде шық­қан «Серке» газеті, 1911-1915 жылдары Тройцкіде шығып тұр­ған «Айқап» журналы мен 1911-1913 жылы Орда қаласында басы­лып тұрған «Қазақстан» газеттері қазақ ұлты үшін үлкен ағар­тушы­лық жұмыстарын жүргізді. Дегенмен 1913-1918 жылдар ара­лы­ғын­да Орынборда 265 нөмірі шы­ғып үлгерген «Қазақ» газеті жалпыұлттық ба­сылымға айналып, халқымызды ұлттық бір­лікке үндеп, рухани біртұтастық үшін қыз­мет еткен айбынды басылым болды. Сол кез­ден бастап қазақ халқы газеттің не еке­нін біліп қана қоймай, сауаттылық пен бі­лім­діліктің соншалық маңызы бар екенін тү­сініп, болашағы қаншалық мықты екенін се­зінді. Газетке ұлтының атын қойып шы­ғар­ған ұлы реформатор Ахмет Бай­тұр­сын­ұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм ті­лі» деген атақты сөзін сол тұста айтса, одан кейін Ахаңның сол пікірін «...Әр жұрт­тың, әр мемлекеттің мәдениет майданында іл­гері-кейінгінің қатасыз бір өлшеуіші бас­пасөз болады. Қай жұрттың баспасөзі күшті бол­са, сол жұрттың өзі де күшті, өзі де өнер­лі екені көрінеді. Яки, қай жұрт өнерлі болса, оның шексіз баспасөзі күшті бола­ты­ны айдай анық», − деп әрі қарай тереңдете түс­кен қазақтың тұңғыш романшы қалам­гері Міржақып Дулатов баспасөзіне ие бол­ған халықтың қолы неге жететінін көрсетіп бер­ген еді. Оның бұл айтқанын әлі күнге дейін құнын түсірмеген ой ретінде қабыл­дай­мыз. Тек баспасөз бүгінде көптеген сала­ға бөлініп, әрқайсысы жеке-жеке дамып кет­ті. Кеңестік кезеңде − 1990 жылға дейін Қа­зақстанда бар болғаны республи­ка­­лық деңгейде 10 мемлекеттік басылым мен 21 телерадио арнасы болды (ал қазір олар­­дың саны 3 мыңға жуық). 1992 жылға дейін елімізде тәуелсіз ба­сылым болған емес. Дегенмен бұрын­нан бел­гілі, бейресми түрде елдің бас газеті са­налатын, аты тәуелсіздіктен сәл бұрын өз­гер­­ген «Егеменді Қазақстан» (1993 жылғы 1 қаң­­тардан «Егемен Қазақстан») газеті мен «Жас Алаш» (1991 жылға дейін «Лениншіл жас») газеттері және қазірде шыққанына 87 жыл толып отырған елдің бас әдеби басы­лы­мы − «Қазақ әдебиеті» газеті кеңестік ке­­зең­нің дәурені өткенін сездіріп, ұлттық са­­наны ояту үшін үлкен қызмет атқарды. Тіп­­ті оларда ешкімнің беделіне қарамай сы­­найтын өткір материал көп басылды. Сон­­дай-ақ, алғашқы саны 1990 жылы, Ұлыс­тың ұлы күні наурыздың 22-сінде жарық көр­ген, бүгінде еліміздің беделді га­зетіне ай­налған «Ана тілі» газеті болса, сол тұста қа­зақ тіліне қатысты барлық проблеманы кө­теріп, сараптап, зерттеп, жариялап отыр­ды. Сол тұста газет таралымының 120 мың­нан асқаны сол кезде оның халыққа қандай қа­дірлі болғанын көрсетсе керек. Қазақстанда тек елдің ішіндегі ғана емес, сырттағы оқырмандарға да жетіп, оларды еліміздің қоғамдық-саяси өмірі­мен таныстырып отыруға арналған га­­зеттер болды. Соның бірі − респуб­ли­каара­­лық апталық «АЗиЯ» газеті. «Ка­зин-пресс» концерні құрылтайшылығымен жа­рық көрген апталық басылым 1992−1995 жыл­д­ар аралығында Алматыда орыс-қазақ тілдерінде шығып тұрды. Кө­лемі А2 форма­тымен 16 бет болып шыққан газет 20-30 мың данамен басылып, Орта Азия рес­пуб­ли­ка­ларына, Әзербайжанға тара­ды. Не­гізінен орта азиялық мемлекеттер ара­сындағы интеграциясы мәселелерін кө­терген газет кезінде өте танымал басы­лым­дар­дың бірі болды. Әсіресе шетелдегі қазақ оқыр­мандарын рухани біртұтастыққа үн­деуімен тартты. Шетелдегі қазақтармен байланыс мәселесі кеңестік кезеңнен бері бар (әрине, ол сол кездегі КСРО-ның сыртқы саясатына сай болды). Шет елдер­дегі қазақтарға арналған алғашқы басылым 1944 жылы жарық көрген «Қазақ елі» журналы 1956 жылы жабылды. Дегенмен 1976 жылы «Біздің Отан», кейін «Шалқар» ап­талық газет (кирилл және араб гра­фи­касымен) шығып тұрды. 1995 жылы шет­ел­дер­де тұратын қазақтарға арналған ба­сылым еларалық «Қазақ елі» газеті шыға бас­тады. Оның төте жазумен «Шалқар» қо­сымшасы да айына екі рет жарық көретін. Бұл газет те жабылғанша шетелдегі қазақ­тарды атажұртымен байланыстырып, үлкен әсерін тигізді. Тәуелсіздіктен кейін іле-шала жарық көрген халықаралық қоғамдық-сая­си, танымдық «Заман-Қазақстан» газеті Түр­кия мен Қазақстан арасындағы ақпарат­тық байланыс орнатуға арналған еді. 1992 жылы 17 қаңтарда алғашқы саны шыққан газет Қазақстандағы алғашқы халықаралық ба­сылым ретінде 2000 жылы «Қазмедия» ЖШС компаниясының құрамында қайта құры­лып, «Қазақстан-Zaman» деген атпен қай­та шыға бастады. Аптасына бір рет, 12 бе­ті қазақ тілінде, 4 беті түрік тілінде шы­ға­тын газеттің атауы кейін Qazaqstan zamany болып өзгеріп толығымен қазақ ті­лін­де шығатын болды. 2019 жылдан бері Qazaqstan dauiri деген атпен шығып келеді. Ал 1993 жылы қарашада ҚР Ми­нистр­лер Кабинетінің арнайы қау­лы­сымен ашылып, 1994 жылғы 28 қаңтардан күні бүгінге дейін тоқтаусыз басылып келе шы­ғып келе жатқан «Түркістан» (қазір Túrkistan) газеті – әлемдегі маңызды оқи­ға­лар­ды, түркі халықтарының бірлігі мен өзара қарым-қатынасын және еліміздегі маңыз­ды мәселелерді сараптайтын танымал да беделді басылымдардың бірегейі. Газеттің негізін қалаған әрі алғашқы бас редакторы (1993-1999) − Қазақстанның Халық жазу­шысы Қалтай Мұхамеджанов болса, одан кейін 1999-2018 жылдары белгілі ме­ди­а­менед­жер Шәмшидин Паттеев басқарды. 2018-2019 жылы Жаңабек Шағатай, 2019 жыл­дың басынан бастап Қуат Әуесбайдың басшылығымен жаңа форматта жарық кө­ріп келе жатыр. Газетте басылған мате­риал­дар мен газеттің PDF нұсқасы және күн сайын маңызды жаңалықтар turkystan.kz сай­тында жарияланады. Аталған сайт елі­міздегі сайттар рейтингінде үздік жиыр­ма­ның қатарынан түспей келеді. Тәуелсіздіктен бері баспасөз са­ла­сындағы маңызды жаңалықтардың бірі – тәуелсіз басылымдардың жарық көруі. Шынына келгенде, сол тұстағы қазақ ті­лін­дегі мемлекеттік және тәуелсіз басы­лым­ның барлығы да қазаққа қатысты қор­да­лан­ған мәселелерді көтеріп, ұлттың рухани әле­мі үшін күресті. Сол үшін тіпті қазақ жур­налистерін «бейресми ұлттық партия» деп те атайтын. Өйткені ол кезде орыс ті­лін­дегі басылымның біразы Қазақстан тәуел­сіздігіне сенбейтінін ишаралап, кеңес­тік кездегі астамшылық көзқа­расын ашық білдіретін еді. Осының ке­сі­рі­нен қазақтілді және орыстілді басылымдар арасында бірін-бірі жоққа шығару белең алған шағы да болды. Міне, осындай кезде «Казахская правда» атты орыс тілінде шы­ғатын қоғам­дық-саяси тәуелсіз газеттің пай­да болуы – ерекше жағдай. Оның шы­ғару­шысы әрі бас редакторы, философия ғы­лымының док­торы, профессор Алдан Айым­бетов әрдайым қазақ мәселесінде сыңар­жақ пікір білдіруге дайын тұратын орыс­тілді басылымдарға қар­сы бітіспес май­дан ашты. Яғни, орыс­тілді болса да «Ка­захская правда» ұлттық-патриоттық ба­ғыт­ты ұстанды. Ондағы жария­ланымдардың өт­кірлігі сонша, газет «31 арна» телеар­на­сы­мен және «Казах­станская правда», «Ка­раван» «Мегаполис» сияқ­ты газеттердің жиі наразылығын тудырып, дауласуға жеткізді жа­татын. 1993 жылы ашылған «Казахская прав­да» 2006 жылы оның шығарушысы Алдан Айымбетов дүние салған соң ұзамай жабылды. Деген­мен бұл газетті шығаруға бар­лық қара­жатын, уақытын, шығарма­шы­лығын арна­ған Алдан Айымбетов өзінің жан­кеш­тілі­гімен ел есінде қалды. Еліміздегі тәуелсіз басылымдардың бір ерек­шелігі – республикалық дәреже­дегі түрлі жекеменшік газеттердің облыс ор­талықтарынан шыға бастауы. Соның ал­ғашқыларының бірі − 1996 жылдан бері Шымкент қаласынан шығып келе жатқан рес­публикалық «Айғақ» газеті. Оның демок­ра­тияның даму принциптерін ұстанып, ер­кін ақпарат таратуы газеттің танымал болуына ықпал етті. Аймақтан шықса да орталықтағы га­зеттерден атағы кем болмаған, бәлкім танымалдығы артық «Алтын Орда» га­зеті 12 жыл бойы қазақтың ақпарат кеңіс­тігінде аса танымал қазақи басылымның біре­гейі еді. 2000 жылы Ақтөбеде ақын Мейір­хан Ақдәулетұлының басшылығымен жа­рық көрген газет шын мәнінде тәуелсіз, соны­мен бірге ұлтшыл, мемлекетшіл басы­лым­ның қандай болатынын танытты. Өзге га­зеттер жариялауға бата алмайтын небір азулы материалдар «Алтын Ордада» басы­лып, оқырмандарын сүйсіндіріп жататын. Асқақ­таған әкім-қаралар «Мен» деп көкіре­гін керген небір тұлғалар газет сынына ілі­ніп, аптығын басып жататын. Кейін ре­дак­циясы Атырауға көшкен, таралымы 25 мыңға дейін жеткен «Алтын Орда» 2012 жы­лы белгісіз себептермен жабылды.