Бейсен Құранбек
Бейсен Құранбек
Редакциядан: Талантты тележурналист Бейсен Құранбектің өмірден өткеніне де 1 жылдан асып барады. Республикалық «Айгөлек» балалар журналының редакторы Қымбат Әбілдәқызы әріптес інісі жайлы жылы естелік жазған екен. Аталған материалды БАҚ қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында жариялауды жөн санап отырмыз.
Бейсен бауыр! Сен танымалдық үшін тележурналистикаға келген жоқсың. Заманның ең қауқарлы қаруы сол болғасын, қаладағы қатыгездік пен даладағы даукестіктің бетін қайтармаққа ақыл-санаңды аямай алдыңа салып, беймаза тірлікті шарқ ұра шарлап жауап іздедің.
Үлкен іс тындырып тұрып, ұнамсыз сөз айтпадың, қызыл сөзге жақындамадың. Жаныңның қуанышы жылы жымиысыңда тұратын. Тізгін өз қолымда деп ешқашан асыра сілтемейтінсің және мәре сызығына жетпей шабыт тұлпарын жолда тоқтатпайтынсың. Өзіңнің ақылың жетіп тұрса да, не мәселені көппен кеңесе шешкенді, әртүрлі пікір тыңдағанды қалайтынсың.
Хабарыңа шақырылатын қонақтарыңның алуан санатты болуына қарамастан, бір дәстүрлі отбасындай тәртіп сақталатын. Төрде баталы ата мен ақ жаулықты ана, жан-жағында жолы мен жөніне қарай ақылдастар алқасы отырғандай әсер қалдыратын.
Тағдыры тығырыққа тірелген, жағдайы дүйім жұртқа жария болған бақытсыз жандарды, кейіпкерлерді қорғаштаумен қоса, намысын оятпаққа «тиісу» де керек болатын. Сондайда ең негізгі жанашыры, қамқоры, сенгені өзің болып, өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай, алды-артыңды абайлап, түп мақсатыңның көмектесу ғана екенін дәлелдейтінсің. Сосын айтылмаған, айтуға аузың бармаған ауыр сөз, ащы өкініш көкірегіңді қарс айырып, басыңды ауыртып тұрып, «айтуға оңай!..» деп күрсіністің көп нүктесін қоятынсың. Қанша хабарыңа қатысып жүріп, небір шиеленісті, шетін тақырыптар барысында түрлі-түрлі мінездер, түсініктер ортасында бір пенденің көңілін қалдырар қатты сөз айтқаныңды, не кінәлі кейіпкерлердің қызбалықпен саған қарсы келіп, дауыс көтергенін, тіпті, теріс қарап күңкілдегенін де көрмеппін. Бұдан асқан пәтулы іс, азаматтық абырой болар ма, сірә?!
Бейсен бауыр, сен өзгені сыйлай білгендіктен өзіңді де сыйлата алатынсың. Бойыңдағы аспау, таспау, саспау деген қасиеттер қадіріңді асырып тұратын. Байсалдылық байыптылыққа жеткізді. Өзіңді біреу мақтаса ыңғайсызданып: «Алғыстарыңызды бағдарламаның бір қауым жастарына айтыңыздар, солар ғой бәрін істеп жүрген, менікі дайын нәрсені жүргізу ғана» – деп кішіпейілдік танытып, экран сыртындағы әріптестеріңді әспеттейтінсің.
Әр түсірілім соңында қилы тағдыр иелері ме, сарапшылар ма өзіңмен қимай қоштасушы еді. Бірдеңесін ұмытқандай қипақтап кете алмай тұрғанын сезіп, «қане, келе қойыңыздар, ескерткішке фотоға түсейік» – деп көңілін табатынсың. Бәрі балаша мәз болып, сенің жаныңа жақын тұрып түсуге таласатын, соны әжептәуір мәртебе көретін.
Сен сыр мен сымбаты келіскен көркем жігіт едің. Іші, сыртың тең еді. Талғамың да мінсіз-тін. Үйлесіммен киінетінсің, бірақ кейіннен байыған біреулердей киімінің бағасы өзіңнен асып тұрмайтын. Маңайыңдағылардың ыстық ықыласы мен мейірлі махаббаты үшін маңызданып, масаттанбайтынсың. Адам біткенді қуантуға жаралғандай күлімдеп қарағаныңмен-ақ көңілдерін тоқ қылатынсың.
Кейде түсірілімдер арасында сәл-пәл саңылау бола қалса: «Апай, бір кесе шай ішіп келейік» – деп іш тартатынсың. Бір бөлме сықап тұрған киімдер сенікі болатын. Жөніне қарай оның да шетінен алып, сыйлап жіберетініңе сан мәрте куә болғанбыз.
Қазақы жолмен құр қол келмей, бірдеңесін ұстай келген жандардың сый-сияпатын қасыңдағыларға таратып беруде де алдыңа жан салмайтынсың. Сондайда «Әженің баласымыз ғой» деп, көңіліміз босап, жанымыз сүйсінетін.
«Қарекеттің» көтермеген мәселесі жоқ. Оған қатысқан ауылдан келетін кейбір ағайындар дәмге шақыратын. Шелек ауданынан өзінің 60, «Москвичінің» 40 жылдығын тойлаған диқаншы апай өзің бастаған ұжымды, арасына мені қосып қонаққа шақырды. Менің бара алмайтыным әу баста белгілі болды. Күн жақындағанда сенің де уақытың келмей, сондағы ыңғайсызданған жан күйің: «Қарапайым адамды жерге қарататын болдық-ау... Апай, көлік те, сыйлық та дайын, Құдай үшін, сіз барыңызшы», – деп қиылғаның кісілік дейтін қастерлі ұғымға таптырмайтын мысал еді. Сен атан түйеге жүк болардай атақ-абыройдың иесісің: «Қазақстан» ұлттық арнасының белді журналисі, Президент сыйлығының иегері, «Жетісу» телеарнасының бас директоры, Мәдениет қайраткерісің, Талдықорған мен Алматының күнделікті жолаушысысың. Ол тырп еткізбейтін жауапкершілік емес пе?! Сенің орныңда кеудесі кебек біреу болса, үнсіз қалар ма еді, онысына сендей ұялар ма еді?!
Мен өзіңді спорт журналисі кезіңнен танығанмын. Еркін күрестен КСРО чемпионы Аманжол Бұғыбаев, самбодан әлем чемпионаты жүлдегері Зекен Шаймерденов туралы жазған ой-толғамдарыңа тәнті болып, 1996 жылы Қазақ радиосының «Ұшқын» жастар хабарына сұхбатқа шақырғам. Онда өрімдей жас едің. Өзің де, сөзің де, көзің де жалындап тұрған. Әріптестер «өзі де спортшы сияқты екен, жарқырағалы тұрған жігіт қой» дескен.
Араға жылдар түсіп, ғасыр жаңарды. Сен құдіреті күшті «көк жәшіктен» орныңды таптың. Енді күнде өзіңді-өзің көпшіліктің көңіл айнасынан көретін болдың. Сосын даналар айтқандай: «Бір күндік ғұмырың қалғандай уақытыңды қадірледің. Мәңгілік өмірің бардай білім жинадың». Ол жан-дүниеңді байытты, ақылыңа ақыл, жүрегіңе иман ұялатты. Ерте есейтті. Қырыққа жетпей-ақ, ұстамдылықтың ұстасына айналдың. Артық сөз сөйлемеуді, ешкімді асыра мақтамауды, сондай-ақ, сырын білсең де даттамауды дағды қылдың. Сол темірдей тәртіпке бағынған бой мен ой көзі барды сүйіндірумен өтті. Иә, өкінейік, өртенейік, өтті!..
Ойдағысын орып жазатын Оралхан ағам (Бөкеев) «Мәңгілікке ұласатын ұлылық – жалған дүниені майша шылқыған жалпақ табанымен жалпағынан басу емес, тіпті ілініп-салынып алжығанша жасау да емес, артыңа өшпес із қалдырып, арғымаққа мінгендей, асығыс, зулап өте шығу, яғни өз өміріңді оқыс әрі әдемі аяқтау» деген-тін бір сұхбатында. Өте әсерлі пікір. Сұм ажалға Б.Құранбектей жақсыңды қимағанмен, қолдан келмеген соң жылатпайтын, жұбататын осындай жігерлі тоқтау сөзге келісіп тұрып, шетіне қол қоясың.
Сұхбат дегеннен шығады, сұхбаттың бір құндылығы жан иесінің ойы өз сөзімен беріледі. Ол сонысымен қымбат. Бейсен марқұм соңғы жылдары кездесулер мен сұхбаттардан алыстап, бой тартып жүретінін сезетінмін.
2017 жылдың ақпанында «Айгөлек» журналының оқырмандар тілегіне орай сұқбатқа шақырдым. Сөзге келместен келісті. Бұл жақсының көзіндей, өлмейтін сөзіндей тасқа басылған бір белгі, есті естелік енді...