Бейсен Құранбек

Бейсен Құранбек

Бейсен  Құранбек
ашық дереккөзі

Редакциядан: Талантты тележурналист Бейсен Құранбектің өмірден өткеніне де 1 жылдан асып барады. Республикалық «Айгөлек» балалар журналының редакторы Қымбат Әбілдәқызы әріптес інісі жайлы жылы естелік жазған екен. Аталған материалды БАҚ қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында жариялауды жөн санап отырмыз.

Бейсен бауыр! Сен танымалдық үшін те­лежурналистикаға келген жоқсың. За­манның ең қауқарлы қаруы сол болғасын, қа­ладағы қатыгездік пен даладағы дау­кес­тіктің бетін қайтармаққа ақыл-санаң­ды аямай алдыңа салып, беймаза тірлікті шарқ ұра шарлап жауап іздедің. Үлкен іс тындырып тұрып, ұнамсыз сөз айтпадың, қызыл сөзге жақын­да­ма­дың. Жаныңның қуанышы жылы жы­миы­сыңда тұратын. Тізгін өз қолымда деп ешқашан асыра сілте­мейтінсің және мәре сызығына жетпей шабыт тұлпарын жол­да тоқтатпайтынсың. Өзіңнің ақы­лың жетіп тұрса да, не мәселені көппен кеңесе шешкенді, әр­түрлі пікір тыңда­ғанды қалай­тын­сың. Хабарыңа шақырылатын қонақ­та­рың­ның алуан санат­ты болуына қара­мас­тан, бір дәс­түрлі отбасындай тәртіп сақ­талатын. Төрде баталы ата мен ақ жау­лықты ана, жан-жағында жолы мен жө­ніне қарай ақылдастар ал­қасы отыр­ғандай әсер қал­дыратын. Тағдыры тығырыққа тірел­ген, жағ­дайы дүйім жұртқа жария болған ба­қыт­сыз жандарды, кейіпкерлерді қорғаштау­мен қоса, намысын оятпаққа «тиісу» де ке­рек бола­тын. Сондайда ең негізгі жа­на­шыры, қамқоры, сенгені өзің болып, өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай, ал­ды-артыңды абайлап, түп мақ­са­тың­ның көмектесу ғана екенін дәлел­дей­тін­сің. Сосын айтылмаған, айтуға аузың бар­маған ауыр сөз, ащы өкініш кө­кіре­гің­ді қарс айырып, басыңды ауыртып тұрып, «айтуға оңай!..» деп күрсіністің көп нүктесін қоятынсың. Қанша х­а­барыңа қатысып жүріп, небір шиеленісті, ше­тін тақырыптар барысында түрлі-түр­лі мінездер, түсініктер ортасында бір пен­денің көңілін қалдырар қатты сөз айт­қаныңды, не кінәлі кейіпкерлердің қыз­балықпен саған қарсы келіп, дауыс кө­тергенін, тіпті, теріс қарап күңкіл­де­ге­нін де көрмеппін. Бұдан асқан пәтулы іс, азаматтық абырой болар ма, сірә?! Бейсен бауыр, сен өзгені сыйлай біл­ген­діктен өзіңді де сыйлата алатынсың. Бойың­дағы аспау, таспау, саспау деген қа­сиеттер қадіріңді асырып тұратын. Бай­салдылық байыптылыққа жеткізді. Өзің­ді біреу мақтаса ыңғайсызданып: «Алғыс­тарыңыз­ды бағдарламаның бір қауым жастарына айтыңыздар, солар ғой бәрін істеп жүрген, менікі дайын нәрсені жүр­гізу ғана» – деп кішіпейілдік танытып, экран сыртындағы әріптестеріңді әспет­тей­тінсің. Әр түсірілім соңында қилы тағдыр ие­лері ме, сарапшылар ма өзіңмен қимай қош­тасушы еді. Бірдеңесін ұмытқандай қипақтап кете алмай тұрғанын сезіп, «қа­не, келе қойыңыздар, ескерткішке фо­тоға түсейік» – деп көңілін табатын­сың. Бәрі балаша мәз болып, сенің жа­ныңа жақын тұрып түсуге таласатын, со­ны әжептәуір мәртебе көретін. Сен сыр мен сымбаты келіскен көр­кем жігіт едің. Іші, сыртың тең еді. Талға­мың да мінсіз-тін. Үйлесіммен киіне­тін­сің, бірақ кейіннен байыған біреулердей киімінің бағасы өзіңнен асып тұрмайтын. Маңайыңдағылардың ыстық ықыласы мен мейірлі махаббаты үшін маңызданып, масат­танбайтынсың. Адам біткенді қуан­ту­ға жаралғандай күлімдеп қарағаның­мен-ақ көңілдерін тоқ қылатынсың. Кейде түсірілімдер арасында сәл-пәл саңы­лау бола қалса: «Апай, бір кесе шай ішіп келейік» – деп іш тартатынсың. Бір бөл­ме сықап тұрған киімдер сенікі бола­тын. Жөніне қарай оның да шетінен алып, сыйлап жіберетініңе сан мәрте куә бол­ғанбыз. Қазақы жолмен құр қол келмей, бір­деңесін ұстай келген жандардың сый-сия­патын қасыңдағыларға таратып беру­де де алдыңа жан салмайтынсың. Сон­дайда «Әже­нің баласымыз ғой» деп, көңі­ліміз босап, жанымыз сүйсінетін. «Қарекеттің» көтермеген мәселесі жоқ. Оған қатысқан ауылдан келетін кей­бір ағайындар дәмге шақыратын. Ше­лек ауданынан өзінің 60, «Москвичінің» 40 жылдығын тойлаған диқаншы апай өзің бастаған ұжымды, арасына мені қо­сып қонаққа шақырды. Менің бара алмай­тыным әу баста белгілі болды. Күн жақын­дағанда сенің де уақытың келмей, сондағы ыңғайсызданған жан күйің: «Қарапайым адамды жерге қарататын болдық-ау... Апай, көлік те, сыйлық та дайын, Құдай үшін, сіз барыңызшы», – деп қиылғаның кісілік дейтін қастерлі ұғымға таптырмайтын мысал еді. Сен атан түйеге жүк болардай атақ-абырой­дың иесісің: «Қазақстан» ұлттық арна­сы­ның белді журналисі, Президент сый­лығының иегері, «Жетісу» телеарнасының бас директоры, Мәдениет қайраткерісің, Талдықорған мен Алма­тының күнделікті жолаушысысың. Ол тырп еткізбейтін жауапкершілік емес пе?! Сенің орныңда кеу­десі кебек біреу болса, үнсіз қалар ма еді, онысына сендей ұялар ма еді?! Мен өзіңді спорт журналисі кезіңнен та­нығанмын. Еркін күрестен КСРО чем­пионы Аманжол Бұғыбаев, самбодан әлем чемпионаты жүлдегері Зекен Шай­мерденов туралы жазған ой-толғам­дарыңа тәнті болып, 1996 жылы Қазақ радиосының «Ұшқын» жастар хабарына сұхбатқа шақырғам. Онда өрімдей жас едің. Өзің де, сөзің де, көзің де жалындап тұрған. Әріптестер «өзі де спортшы сияқ­ты екен, жарқырағалы тұрған жігіт қой» дескен. Араға жылдар түсіп, ғасыр жаңарды. Сен құдіреті күшті «көк жәшіктен» ор­ның­ды таптың. Енді күнде өзіңді-өзің көп­шіліктің көңіл айнасынан көретін бол­дың. Сосын даналар айтқандай: «Бір күн­дік ғұмырың қалғандай уақытыңды қадір­ледің. Мәңгілік өмірің бардай білім жинадың». Ол жан-дүниеңді байытты, ақылыңа ақыл, жүрегіңе иман ұялатты. Ерте есейтті. Қырыққа жетпей-ақ, ұстам­дылықтың ұстасына айналдың. Артық сөз сөйлемеуді, ешкімді асыра мақ­тамау­ды, сондай-ақ, сырын білсең де датта­мау­ды дағды қылдың. Сол темірдей тәртіпке ба­ғынған бой мен ой көзі барды сүйін­дірумен өтті. Иә, өкінейік, өртенейік, өтті!.. Ойдағысын орып жазатын Оралхан ағам (Бөкеев) «Мәңгілікке ұласатын ұлы­лық – жалған дүниені майша шылқыған жал­пақ табанымен жалпағынан басу емес, тіпті ілініп-салынып алжығанша жа­сау да емес, артыңа өшпес із қалдырып, арғымаққа мінгендей, асығыс, зулап өте шығу, яғни өз өміріңді оқыс әрі әдемі аяқ­тау» деген-тін бір сұхбатында. Өте әсерлі пікір. Сұм ажалға Б.Құранбектей жақсыңды қимағанмен, қолдан келмеген соң жылатпайтын, жұбататын осындай жігерлі тоқтау сөзге келісіп тұрып, шетіне қол қоясың. Сұхбат дегеннен шығады, сұхбаттың бір құндылығы жан иесінің ойы өз сөзі­мен беріледі. Ол сонысымен қымбат. Бей­сен марқұм соңғы жылдары кез­десу­лер мен сұхбаттардан алыстап, бой тар­тып жүретінін сезетінмін. 2017 жылдың ақпанында «Айгөлек» жур­­­налының оқырмандар тілегіне орай сұқ­батқа шақырдым. Сөзге келместен келісті. Бұл жақсының көзіндей, өлмейтін сөзіндей тасқа басылған бір белгі, есті естелік енді...  width= – Әйгілі тележүргізуші Ларри Кинг еш­қашан «Мен» деген сөзді қол­дан­баса да, бүкіл елді 50 жыл бойы бір жа­лық­­тырып көрген жоқ. Ал біз­де көзіқарақты қазақ күтіп жүріп көре­тін бағдарламалар өте аз. Соның бірі де бірегейі сіз жетек­ші­лік етіп жүр­гізетін «Айтуға оңай». «Екі жақ­сы» қалай қосылдыңыздар? – Әрі қызық, әрі қиын сұрақ екен. «Екі жақсы қосылмайды дейсің сен, тағ­дыр қосса мен-ақ жаман болайын» деген Байбота ақынның өлең жолдары есіңізде шы­ғар. «Айтуға оңай» жақсы атанып, ел­дің көңілінен шықса, жаман болма­ға­нымыз. Телеарнаның жұмысында «жалғыз­дың үні, жаяудың шаңы шықпайды». Сүттей ұйыған: «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған» білікті команда болмаса, қандай жарық жұлдызың да жарқырай алмайды. Менің жолым болды. 5 жыл бойына бағдарламаны жұдырық­тай жұмылған жігіттер мен қыздар дайын­дап келеді. Мен тек солардың еңбе­гін жандырып, эфирге алып шығамын. – Телеарнадағы сіз көтеретін тақы­­рып­тарда елдік мәселелер­дің еңсе түзеуі, шешім табуы қалай? Қуа­нышыңыз бен рені­шіңіздің қайсысы басым? – Қазақ қоғамында қорда­ланып тұр­ған мәселелерді бар­лық бұқаралық ақ­парат құрал­дары хал-қадірінше көтеріп жүр. Біз де өз үнімізді қосып келеміз. Кез келген хабарды жасамас бұрын өзімізге: «Осы бағдарламаның кімге пайдасы бар?» деген сұрақты қойып, соған жабылып жауап іздей­міз. Екінші қоятын сауа­лы­мыз: «Бір адамға болсын, нақ­ты көмегіміз тие ме?» деген нәрсе. Біз елдік үлкен мәсе­ле­лердің еңсесін түзете алма­ғанымызбен, жеке бір адамның ауыртпашылығын азайта аламыз. Осы жылдардың ішінде бі­раз жан­дарға қол ұшын создық, осы­ған қуанамыз. Ал кейбір кездерде алды­мызға келген жанға әртүрлі себеп­термен көмек­тесе алмай жатамыз. Сондай жайттардың жа­нымызды жабырқататыны рас. – Әр көрсетілімнен соң әртүрлі пі­кір ес­тірсіз. Есіңізде қалған есті сөз­ді кім айт­ты? – Меруерт Сүлейменова деген білімді де білікті, ұлтжанды, намысшыл қазақ­тың аруы бар. Өзі қоларбаға таңылса да, өнегелі өмірімен өзгелерге үлгі болып жүр­ген, ұлағатты ұрпақ өсіріп отырған аяулы жан. Сол қарындасымның «Сіз адам жа­нының зергерісіз ғой» деген бір ауыз сөзі жүрегімді жылытып, әлі күнге күш-қуат береді әрі әрбір кейіпкерімнің жа­нына тереңірек үңілуге итермелейді. – Ой қазынаңызды немен байыта­сыз? – Кітап оқимын. Өмірден көргені мен түйгені көп жандардың әңгімесін тың­даймын. Уақытқа өкпеңіз бар ма? Әлде уақы­тыңыз өз кестеңізге бағына ма? – Уақытқа өкпе мен базына жүрмейді ғой. Қолдан келгенше оны тиімді пай­да­ланғанға не жетсін?! Әр күнді жос­пар­лайтыным рас. Оны жолдан қосылған қауырт шаруалардың бұзып кететіні де рас. Бәрібір жылдық, айлық, апталық, күндік мақсат-жоспарларым көз алдымда тұрады. Солардың тым болмаса 70%-ын орындауға тырысамын. – Бүгінгі ер бала, ер жігіт, ер-аза­мат­­тардың тұлғалық қасиетін кө­теру, ірілік мінез қалыптастыру тура­лы ойыңыз? – Бұл өте өзекті мәселе. Қазір әйел ер­ге, ер жерге қараған заманда өмір сүріп жатырмыз. 70 жылға созылған Кеңестік со­лақай саясаттың, кейінгі жылдары қол­ға алынған гендерлік теңдік ұстаны­мы­ның ащы жемісін жеп жүрміз. Қымбат апай, сізді ойландырған мәселеге қол жет­кізу үшін ата-бабаларымыздың ға­сырлар бойына сүзгіден өткізген салт-дәс­түріне оралуымыз керек. Ол енді ай­туға оңай... – Балаларыңызбен сырласа ала­сыз ба? – Менен гөрі шешелеріне сырын көбірек ақтарады. Онда да толық емес деп ойлаймын. Ержетіп, бойжетіп қалған балалар ата-аналарына барлық сырын бірдей ақтара бермейді ғой. Бірақ олар қандай қиындықта да қастарынан табылатынымды, кез келген жақсы бас­тамаларын қолдайтынымды біледі. – Қазақ «Балам, балалы болғанда білер­сің...» дейді. Ата-ана қадірін қа­шан түсіндіңіз? – Мен апамның қолында тұрамын. Біз­дің үйдің берекесі сол кісі. Басқа ба­лаларына қыдырып кеткенде, үй қаңы­рап бос қалғандай болады. Мен азамат болып атқа мінсем, елдің бір шаруасына жарап жүрсем, сол ата-анамның кішкен­тайым­нан құлағыма сіңірген өсиеттері мен берген баталарының арқасы шығар. – Көрермен көзайымына айнал­ған Бейсен Құранбекті не алаңда­тады, нені армандайсыз? – «Не алаңдатпайды?» деп сұрасаңыз жеңі­лірек болар еді. Үш мәселе ерекше назарымды аудартады: қазақтың әрбір баласының өз ісінің мықты маманы болуы, бақытты отбасын құруы, өмірге дені сау ұрпақ әкеліп, оларды тәрбиелі, білім­ді, мақсатты етіп тәрбиелеуі. Арман­дарым да осылармен ұштасып жатыр.

Қымбат Әбілдәқызы, ақын, республикалық «Айгөлек» балалар журналының автор-редакторы, Түркі әлемі ақпарат саласының үздігі