Айгүл КЕМЕЛБАЕВА: Киноның алтын қазығы – сценарий

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА: Киноның алтын қазығы – сценарий

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА: Киноның алтын қазығы – сценарий
ашық дереккөзі

Көктемде «Nur Otan» партиясы жанындағы Miras республикалық қоғамдық кеңесінің төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты, белгілі журналист, ақын Жанарбек Әшімжанның басшылығымен қор мүшелері қазақ киносына қатысты мәселелерді талқылаған болатын.

Кино қазіргі заманның ең құдіретті өнер саласы болып алтын тұғырда ор­ныққалы 100 жылдан енді асты. Дүние­жүзі­лік киноның әр­қилы тақырыбы бар. Ұлтқа ақ-адал қызмет ет­кен ірі тұлға­лар­ды кино қаһарманы ету мем­ле­кет­тілікті бе­кітеді. Сценарий артық не кем, кеміс жа­­зылмау керек, шынайы деректерге ба­ғыну зор су­рет­керлікке жол ашады, жал­ғанмен бояп, әсі­ре­леу артық әрі наным­сыз, шындықты көркем беру қажет. Бұл кәсіби зерттеушілікті және әжеп­тәуір ұзақ, мұқият уақыт жұмсауды талап етеді. Бұл іспен әуесқой, тек ақша қуған адамдар ша­ла-пұла айналысса бәрі бекер, оң нә­тиже шықпайды. Ондайлар дайын тұрған шаблонға салып құртады. Киноның алтын қазығы – сценарий үлкен жауап­кер­шілікпен, кәсіби даярлықпен жасалуы керек. Нәресте тоғыз айда жетілгені сияқ­ты, сценарийдің өсіп-жетілу, туу мерзімі сақ­талмаса, іс өнбейді. Асы­ғыстық шала-шар­пы, шикі, құр ән­шейін долбар­ға тәуелді үстірт дүние тудырады. Мұ­ның түбі – желге ұшқан, бекер ысырап болған аса үлкен қаржы, еліміз үшін үлкен шы­ғын. Кинематография саласына келген жастар ең алдымен оның негізін құрайтын көр­кем әдебиетті жақсы білуі керек. Кинорежиссура, актер қауымы, қоюшы-суретшілер, тұтас алса, фи­льм тү­сіруге қатысты баршасына бұл ауадай қа­жет та­ным. Қазіргі көп фильмнен нақ осы әде­биет­тен мақұрұмдық бастан-аяқ сезіліп тұра­ды. Қазақта мықты кинокомедия жоқ. Көшір­ме­шілдігі жоқ, соны, ұлттың мінез-құл­қын, менталитетін, тектілік қасиеттерін юмор ар­қылы әдемі бере алатын қызық, күлкілі, түйдек-түй­дек оқиғалы сюжетке құрылған кинокомедия бол­са қазақ халқының дүниежүзілік имиджіне оң әсер етіп, өмірге ғашық күлкісімен, дүниені дұ­рыс көруімен, адамшылық болмысымен әлемде аты жүріп тұрған «псевдообраз» Боратты жоққа шығарар еді. Кинокомедия атауын сылтау етіп киноға әуестенгендер жасап жатқан арзан күлкі, өтірік оқиғалармен, сүйкімсіз көріністерімен қа­зақ ұлтын мазақ қылғанды тыю керек. Отан­сүй­гіштікті шын өсіретін кинематография, отан­дық бір ғана күшті киномен сананы жаулап алуға бо­лады. Өсер ұрпақты, шетелдік көрермен қауым­ды да бірдей баурап алуға әбден болар еді. Әлемдік киноөндіріс өнімділігі жағынан бәрінен асып кетпесе олқы түсіп жатқан жоқ. Миллиондаған фильм түсірілді әрі бұл үрдіс үздіксіз жалғаса береді. Солардың ішінен аса таң­даулы, шедевр фильмдер жүздеп, мыңдап саналса соның өзі өркениет үшін баға жетпес құнды қазынаға айналып кетеді. Тіпті жеңіл жанрдан да мұқият іздену ар­қы­лы нағыз классика түсіруге болатынын америкалық жас кинорежиссер Роберт Эггерстің «Мыстан» атты мистикалық фильмі (2015) дә­лелдеді. Әншейін қаптаған көзсіз үрей тудыра­тын фильмдермен оның арасы жер мен көктей. Нағыз табанды жұмыс. Суреткерлік қолтаңба айқын. Режиссер әуелі темірқазық идеяны сүйіп таңдаған, терең зерттеген, сценарийін өзі жазған. Ал фильмге жұмыс істеген мамандар тарих­шы­лармен кеңесіп, оқиға өткен XVII ғасырдың панорамасын, жылнамалық жазба дерек­терін терең зерттеген. Костюмін жасаушы суретші әйел сол дәуірде пуритан отбасы киген киімге қа­тысты 35 кітапты оқып шыққан. Ол дәуірде ағыл­шындар жүннен, зығыр мен кендірден тоқы­ған киім киген екен, шыт мата болмаған. Осының негізінде анықтап барып кейіпкерлерге киім тігілген. Эггерстің фильмінде дін де бар, халықтың көне сенімі де бар. Адам баласына тән ауыр кү­нә­лар бар. Шындық өмір мен ертегі тұтасып, қабы­сып кеткен, бірінен бірін ажырату қиын. Бұл фильмге бірнеше интерпретация жа­сау­ға болады. Әркім өзі көруімен қабылдайды. Бәрі де шындық болып шығуы ғажап емес. Үлкен ау­диторияға «шайнап берген ас болмайды». Біздің қазақ фильмдерінде нақ осы ең­бекқорлық пен мұқияттылық, шеберлік, та­ри­хи дәуірлерге сәйкес келетін нақты деталь­дар­ға ерекше мән беру жетіспейді. Мысалы, Оңтүстік Кореяда кино өндірісі кере­мет өркендеп, мемлекет қазынасына қыруар қаржыны күн сайын құйған үстіне құйып жатыр. Олардың кино мамандары шынында мықты. Ең бастысы – туған елін шын сүйетін, пат­риотизмге негізделген, ұлттық рухты әрбір сериалы уағыздайды. Олар жас ұрпағын солай дұрыс тәрбиелеп жатыр. Біздің жасөспірім ұл-қыздарымыз осы сериалдарды қызыға көру ар­қылы басқа халықты идеал көріп, пір тұтып өсіп жатыр. Ертең талай қазақ балалары буыны қатып, өсе сала махаббат, бақыт іздеп сол елге тайып отырады. Оның бір себебі, шетел киношылары кі­лең текті қаһарман жасап жатыр. «Күн ұрпақ­тары» атты сериалдан соң бір қазақ келіншегі: «Сон Джун Ки, актер жігітке ғашық болып қал­дым, үш балам бар, күні-түні соны ойлаймын» деп пікір жазыпты. Ол әдемі, талантты актер, бірақ, мұн­дағы мәселенің түйіні, кинодраматург оның рө­лін текті, батыл, нағыз ер азамат жасағанында жат­са керек. Ол келіншек расында тартымды бей­неге ғашық болып тұр. Кино өнерінің құдіреті де сонда. Егер әлгі актер әншейін бір алаяқтың рө­лін ойнаса оның әсері дәл осылай шықпас еді! Мі­не, қисын қайда?! Мелодрамада көбінесе ил­люзиялық модельдерді қиыстырғыш. Оңтүстік Ко­рея мемлекеті дорамаларымен бүкіл әлемнің мәдени кеңістігін жаулай бастады. Киноиндустрия саласында озықтық бұл елге күн сайын дерлік (!) кере­мет қаржылай табыс әкеліп жатыр. Негізгі ар­тық­шылықтары мынада: сериалдарын16-20 сериядан асырмайды, ащы шектей шұбалаңқылық жоқ; Өткір сюжетті, интригасы күшті; Әлем әде­биеті мен мәдениетінен қарыздана қалса, соны ше­бер жасайды. Корей дорамалары бір тақы­рып­тың сан түрлі вариацияларын көп малданады, сце­нарийге өзек боларлық идея, тақырыпта өзде­рін өздері қайталау барған сайын көбейіп бара жатыр. Қазіргі шетелдік боевик фильмдердің бас­ты көзірі естен тандырарлық көріністер ар­қылы көрерменді қайран қалдыру, есеңгірету арқы­лы шоқ басқандай ыршыту, сондай оқиға кө­кейде жатталып қалады. Мұхиттың арғы жағы­нан ағылып жатқан өткір сюжетті фильмдерде бол­сын, сондай-ақ корей фильмдерінде тіс сын­дыру эпизодын бірқатар фильмнен көруге бо­лады. Бір кейіпкер қарсыласын ағып келіп қо­саяқ­тап ауыздан тебеді, тісін опырып түседі. Ма­фиоза басшысы бәсекелесіне қыр көрсету пи­ғылымен оның кісісінің ауызына қолын салып жіберіп, саусағы тістеуік құсап, ана бейшараның тісін жұлып алады. Бұл ненің белгісі? Мұның зұлымдықтан бөлек бір атауы сценарийлік дағ­дарыс, тақырыпқа тұздық болатын идеялардың сар­қылуы, қатыгездік арқылы есеңгірететін эпи­зодтардың қайталана беруі. Ал өзінде жоқ болса, адам­зат қарызданады, техникалық жағынан жы­мын білдірмей ұрлайды. Жалпы, бұл – әлемдік құбылыс. Әдебиет пен өнерде бұл ерте қалып­тас­қан. Адамзат ежелден өстіп күн көреді. Мәде­ниет­тер бір-бірімен жалғасады. Қазіргі жаһанданған әлемде рухани байлықты білдірмей тонайды. Голливуд сценарий жағынан әлдеқашан то­­қырап тұр, киноқаһармандары кілең құ­бы­жық, өрмекші, қансорғыш, тірі өліктер тәріз­ді адам еместер немесе жөзөкше, алаяқ, маньяк, оның бәрі адам баласын аздыруға негізделген. Кино арқылы нені болсын насихаттауға болады. Ресейлік кинорежиссер, біздің жерлесіміз Сергей Дворцевойдың «Айка» фильмі на­ғыз классика болып шыққан! Адам баласына жа­­­нашырлық, қоғамның, дәуірдің шын бейнесін, аса ауыр әлеуметтік құбылысты бір ғана фи­льм­мен-ақ беру бар, тіпті ішінде әдемі юморы да бар. Біздің қазақ қызына, Самал Еслямоваға осы фи­льм­нің арқасында аса беделді сыйлық бұйыр­ғанының өзі неге тұрады?! Қазір жұрттың көбі кітап оқымайды. Бірақ не­ні болсын талғамай көре береді. Сон­дықтан қаптаған отандық сериалдарда тілбұзар­лық процесс жиі қайталанады. Сәл үзіндісін қараса жетіп жатыр. Орыс тіліндегі нұсқадан ау­дарып алған калькамен сөйлеу, қазақша дұрыс сөй­лемеу жиі ұшырасады. Кейіпкерлер кинода тіл шұбарлап, екі тілді араластырып, қойыртпақ сөйлеуге тыйым салу керек. Заман шындығы осы болса да! Сөйтсе, бірте-бірте ана тіліміз түзеледі. Ең бастысы, ана тілін білмейтіндер ұлттық ки­ноны орташа қылудан асыра алмайды. Өйткені қан­ша жерден білімді әрі дарынды болса да терең та­мырлары жоқ, сарқылмас ақ бастауы жоқ. Ал ше­телдік менталитетпен түсірілген фильмдер сен­дірмейді. Олардікі бір күндік көбелектің тір­лігіне ұқсап тұр.
Бұдан шығатын қорытынды: сценарийге ерекше мән берілуі керек. Сценарийсіз еш­теңе өнбейді. Ал бізде ғажап рухани қор көз­дері бар, тек ұқсатылмай жатыр. Кино – синтездік әрі ұжымдық өнер. Әуелі сценарий авторын ре­жиссер таңдайды, екеуінің тандемі мықты болса фильмнің бағы жанады, содан кейін актерлер, композитор, суретшілер маңызды рөл атқарады.
Мұхтар Әуезовтің, Ілияс Есенберлиннің ро­мандарын экрандағанда фрагменттік тәсілді қолдану керек деп ойлаймын. Яғни, белгілі бір кезеңге, маңызды оқиғаларға қа­тысты сюжеттік желіні екшеп алып, бір фильм етіп бөлек түсіру қажет. Осы тәсіл арқылы көп ұтуға болады. Фильм авторларын көлемді нәрсені игере алмай милықтаудан құтқарады. Көрерменді жа­лықтырмайды. Сөйтіп біртіндеп құнды ро­мандар бірнеше фильмге арқау болады.