Сәулежан Тағзия: Дәстүрлі әннің қыр-сырын игерсем деп атажұртқа ат басын бұрдым

Сәулежан Тағзия: Дәстүрлі әннің қыр-сырын игерсем деп атажұртқа ат басын бұрдым

Сәулежан Тағзия: Дәстүрлі әннің қыр-сырын игерсем деп атажұртқа ат басын бұрдым
ашық дереккөзі

Сәулежан Тағзия 1986 жылы ҚХР ШҰАР Іле аймағы Құл­жа ауданы Әулие ауылында дүниеге келген.  2008-2013 жылдары ҚХР Іле Педагогикалық институты музыка факультетін классикалық вокал бойынша тәмамдаған. Ал 2013 жылы атажұртын аңсап келген Сәулежан өнер жолын ары қарай шыңдау үшін 2014 жылы Қазақ Ұлттық консерваториясы Халық музыкасы факультеті Халық әні кафедрасының «Арқа ән мектебі» бойынша магистра­тура­сын оқып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Еркін Шүкіманнан дәріс алды. Сондай-ақ, ол «Қүміс көмей  жезтаңдай» III дәстүрлі ән орындаушылары байқауының бас жүлдесін иеленіп, одан басқа көптеген республикалық және халықаралық ән байқаулардың жеңімпазы болды. Сонымен қатар, 2017 жылы «Қазақстан» ұлттық телеарнасының ұйымдас­тыруы­мен өткен «Мен қазақпын» халықаралық мега жобасының финалисі атанды. Қазір ол Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне қарасты Мемлекеттік академиялық филармониясының халық әні бөлімінің әншісі. Ашық та алқоңыр даусымен көпшілікті баурап, ел ықыласына бөленіп жүрген әнші қандасымызбен сұхбаттасудың сәті түскен еді.  width= – Шығармашылық адамының аты да, тағ­дыры да өзгеше келетіні рас. «Сәулежан» есіміңізді ел назарында болатын сәулелі, жарқын жан болсын деген ырыммен қойған болар? Ер-азамат­тарда сирек кезде­сетін ерекше есім екен. – Қазақтың ырым-тыйымы көп қой. Көбі менің есімімнің «Сәулежан» болуын «Жаңылсын», «Ұлболсын» деген секілді ырыммен байланысты деп ойлайды. Негізінде мүлде олай емес. Өйткені үйде төрт ұл, екі қыз бармыз, Құдай ата-анамызға ұлды да, қызды да беріпті. Мен әкемнің 52 жа­сын­да, анамның 42 жасын­да туған баласы екенмін. Егер Сәулежан болмағанда, Елубай атануым да мүмкін еді. Мен ай толып, сүт сәулесі терезеден төгіліп тұрған түні туыппын. Сонымен қатар менің туған ағамның есімі – Сәбижан болатын. Ауыл ақсақалдарының бірі ағама ұйқастырып қойған екен. Алла аузына салған есім ғой. Кейбір адамдар өз есімін ұнатпай жатады. Менде ондай есімімнен ұялу, ұнат­пау секілді сезім болмапты. Керісінше, адамдардың есіне тез сақталып қаламын. – Сіз атажұртқа келген­ге дейін де Қытайда атыңыз шыққан әншілер­дің бірі болдыңыз. Көбін­де эстрадалық әндер орын­дап жүрдіңіз. Дәс­түр­лі ән орындау қиын бол­ған жоқ па? – Иә, өйткені Қытайда дәстүрлі ән орын­даудың орайы болмады. 9-10-сы­нып оқып жүрген кезде Құлжа ауданында болатын наурыз мейрамдарында оркестрде отырдым. Мен әуелі кішкентай кезімде күйші болатын шығармын деп ойлайтынмын. Бірақ сол ауыл арасында, аудан көлеміне ән айтып, талантты ағалардың көзіне түсіп әншілік бағытқа кеттім. Жалпы, эстрадамен ғана емес, классикалық бағытта да айтып жүрдім. Өйткені Қытайда төрт жыл классикалық вокалды оқыдым ғой. Домбырамен де ән айтатын едім, бірақ «мынау Арқаның әні», «Мынау Алтайдың әні» деген түсінік болған жоқ бізде.

– Айналаңызда өнерлі адам көп болыпты. Өзіңіз өсіп-жетілген орта және туған топырағыңыз туралы айта кетсеңіз. – Мен байтақ Іле аймағының киелі Көкқамыр жайлауында өстім. Ән бұлбұлы Аппақ анамызбен, ән дүлдүлді Әсет пен Рахымжан сері, күйші Игін мен Әліпбек өткен, өнер қонған өлкеде тудым. Біз кішкентай кезімізден Әсет Найманбаевтың бейітін көріп өстік. ХХ ғасырдың 20-жылдары өмір сүрген Аппақ Майтабанқызының әйгілі «Көк өзен» әні біздің бесік жырымыз іспетті еді. Қазақта «өнер әкенің қанымен, ананың сүтімен дариды» деген сөз бар ғой. Әкем өз әлінше домбыра шертіп, ән айтатын. Ағаштан түйін түйетін ісмер адам. Домбыра, ат әбзелдерінен басқа да тұрмысқа қажет заттарды жасайды. Анам да ісмер адам. Киіз үйдің барлық жабдығын жасайды. Төрт түлік малдың жүнін иіріп, терісін илеп, киім тігіп бере­тін. Жылқының құйры­ғынан арқан еседі, ал қойдың жүні­нен пима басады. Бертінге дейін сол кісінің тігіп берген киімін кидік. Сосын наға­шыларымда күйшілік бар, шешемнің әкесі Шібірәйім деген кісі күйші болған екен. Ал өнердегі ұстаздарымды айтсам, мектепте музыкадан сабақ берген Елдос Есім­жанұлы (әнші Дәнеш Ра­қышев­тің дәстүрін жалғас­тырушы), университет оқы­ғанда классикалық вокалдан сабақ беріп, дауысымды қойып, ән айтуды үйреткен санжылық Ерғали Заxанұлы еді. Одан бөлек, Қытай еліне әйгілі әнші Хамит Ысқақ атамызды тыңдап өстік. Сол кісілерге еліктедік. Сондық­тан мұндай орта менің осындай өнерпаз болып қалыптасуыма зор әсер етті деп ойлаймын.  width= – Ал енді атажұртқа қалай келдіңіз? – Біз Қытайда жүргенде осы жақтағы әнші-күйші­лердің үнтаспалары барып тұратын. Соларды тыңдап, атажұртқа деген аңсарымыз ауды. Келгісі келетін адам көп еді... Дәм жазып, сол сағы­ныш­тың жетегімен 2013 жылы атажұртқа атбасын бұрдым. Мақсатым – өнерімді шыңдап, осы жақтағы өнерге шөлімді қандырсам деп келдім. Қытайда қазақ өнер мектебі, колледж көп. Оған небір талантты әнші жастар барады. Бірақ онда дәстүрлі ән орындауды оқытатын бөлім жоқ. Әу баста атажұртқа келгендегі бір жоспарым – осы жақтан дәстүрлі ән өнерін оқытудың әдіс-тәсілін үйрену еді. Сөйтіп, Қытайда халық әні кафедрасын ашсам, онда қазақтың дәстүрлі ән айту мәнерін үйретсем, Қайрат Байбосынов, Еркін Шүкіман секілді ағаларды шақырып лекция оқытсам деп ойла­дым. Әртүрлі жағдайға байланысты көп нәрсе мүлде басқа арнаға бұрылып кетті. – Қазақстанға келген соң әнші Еркін Шүкіман­ның шәкіртінің бірі болдыңыз. Ол кісімен қалай таныстыңыз? – Қытайда жүрген ке­зімізде әйгілі күйші, жазушы Таласбек Әсемқұлов сце­нарийін жазған «Біржан сал» фильмі жетті. Соны көріп қайран қалдым. Киноның кереметтігі өз алдына, кинодағы Біржан сал әндерін орындаған Еркін ағаның дауысына сүйсіндім. Содан киноны қосып, күнде әлгі әнді тыңдап жүрдім. «Шіркін, осы адамды көрсем» деп армандадым. Сөйтіп жүргенде Қытайға әнші Нұржан Жанпейісов ағамыз барды. Нұржан ағаны Құлжада басшылар күтіп алып, «домбыраңды алып кел, Қазақстаннан әнші Нұржан Жанпейісов ағаң келіп жатыр, ортада бол, әнін тыңда» деп шақырды. Сол жолы Нұржан аға менің даусымды тыңдап: «Сен нағыз Еркін Шүкіманға шәкірт болатын әнші екенсің» деді. Содан атажұртқа келген соң, бірден Еркін ағаны іздеп бара алмадым. Ұяңдық шығар, көпке дейін батпай жүрдім. Сөйтіп, бір жігіттер кез­десудің орайын келтіріп берді. Барсақ, Еркін аға аңқылдаған қарапайым кісі екен. Екі-үш ән айтқызды. «Өзгеге көңілім тоярсың» деген әнді домбырасыз орындап бердім. Тағы бір-екі әнді домбырамен орындадым. Еркін аға тыңдап болды да дастарқан басына шақырып «қандай жоспарың бар?» деді. «Домбырамен ән орындау үшін қажет дәстүрлі қағыс­тарды үйренсем» дедім. Сөй­тіп, 8 ай тырп етпей Еркін ағадан бір жылдың ішінде 50-60 ән үйреніп шықтым. Содан кейін ағалы-інілі болып араласып кеттік. Еркін аға мені келесі жылғы оқуға әбден тас-түйін дайындап қойды. Емтиханға нағыз өзіме келетін, дауыстың диапазонын көрсететін мықты әндерді таңдап берді. Сөйтіп, магистратураға түстім. Дәстүрлі ән мамандығы бойынша магистратураны оқығанда дәстүрлі әндердің домбырасын қалай тартуды, әнді қалай айтуды үйреткен Еркін Шүкіман ағам болатын.  width= – Ән қорыңызда жұртқа кең таралмаған әндер көп шығар? – Мен өзімнің шама-шарқыма сай еңбек етіп келемін. «Қытай қазақтары ән өнерінің тарихи көркемдік ерекшеліктері» деген тақырыпта ғылыми диссертация жаздым. Онда ХІХ-ХХ ғасырдағы Қытай қазақтарының кәсіби ән өнерінің дамуы және Шыңжаңдағы ән өнерінің көркемдік ерекшеліктері зерттелді. Менің ғылыми жұмысымда көптеген тың дүние болды. Оны осындағы ғалым ағаларымыз жоғары бағалады. Бұл жұмысымды тіпті докторантураға дейін ұсынды. Сол диссертациямен бірге бұрын көп айтылмай жүрген, елдегі үлкендердің аузынан жазып алған 40 әнді күйтабаққа жазып бердім. Одан бөлек, консерваторияға, «Алтын қорға» «Қазақ ән антологиясына» да біраз ән бердім. Сонымен қатар «Алтыбақан» телебағдарла­ма­сына Қытай елінің Іле аймағы Нылқы ауданында туған Қасеке Дарханбайұлы­ның «Құрбым-ай» әнін орын­дап шықтым. Ол да бұл жаққа танылмаған әндердің бірі.  width= – Қытай қазақтары дегенде Алтай, Тарбағатай және Іле аймағын айта­мыз. Бірақ үш аймақ­қа кірмейтін басқа да жер­лерде қазақтар бар. Олар­дың ән өнері туралы көп ай­тыла бермейді. Бұл туралы не дейсіз? – Дұрыс айтып отырсың. Қазақтың аяғы жеткен жердің бәрінде ән бар. Расында Шыңжаңның үш аймағы көбірек айтылады. Бірақ үш аймақтан тыс Буратала, Баркөл, Санжы, Құтыби және Гансу өлкесі Ақсайда қазақтар бар. Нағыз қалың Қытайдың арасында отырған солар. Мен атап өткен жерлердің бәрінде небір ғажап ән мен әншілер бар. Мен әнші ретінде, ән зерттеуші ретінде «Қытай қазақтарының ән өнерінде ала-құлалық жоқ, біртұтас, бірыңғай» деген пікірдемін. Өйткені  жалпы Қытай қазақтарының ән өнерінде пентатоникалық ерекшелік бар. Сондықтан оны бөліп-жарғым келмейді...

Әңгімелескен

Бақытбек ҚАДЫР