Nur Sunqar республикалық байқауының жеңімпаздары белгілі болды

Nur Sunqar республикалық байқауының жеңімпаздары белгілі болды

Nur Sunqar республикалық байқауының жеңімпаздары белгілі болды
ашық дереккөзі
«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Facebook желісіндегі парақшасында журналистер мен медиа саласының өкілдерін алда келе жатқан Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен құттықтап, «Nur Sunqar» республикалық конкурсының жеңімпаздарын атады. Оның айтуынша, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы тұсында «Nur Sunqar» сыйлығының тапсырылуы ерекше мәнге ие болып отыр. Еліміздегі көптеген салалар секілді ұлттық ақпарат саласы да шын мәнінде нөлден бастап құрылып, күрделі жолдан өтті. Бүгінде медиа саласында қуатты да бәсекеге қабілетті бұқаралық ақпарат құралдары пайда болды, жаңа медиа сегменті қарқынды дамып жатыр.
«Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, бұқаралық ақпарат құралдары жұртшылықтың көкейіне сенім ұялатып, жедел де объективті ақпараттың бастауы болуы тиіс. Әсіресе, бұл қазіргідей бұқаралық инфодемия және фейкжаңалықтар кезеңінде ерекше маңызға ие. Осынау қатерлі құбылысқа қоғам мен медиа өкілдері бірлесе отырып қарсы тұруы тиіс деп есептеймін. Бұл ретте отандық бұқаралық ақпарат құралдарына одан әрі жүйелі түрде қолдау көрсету негізгі міндеттердің бірі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық медиа саласындағы азаматтар мен мемлекеттің арасындағы байланысты қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап көрсетіп, оның дамуына ерекше назар аударып жатыр», - деді Бауыржан Байбек
Партия Төрағасының бірінші орынбасары атап өткендей, «Nur Sunqar» осымен 12-ші рет өткізіліп отыр. Осы уақыт аралығында бұл сыйлық журналистер қауымдастығы арасында медиа саласы қызметкерлерінің еңбегі мен кәсіпқойлығы бағаланатын беделді марапатқа айналды.
«Өкінішке қарай, пандемия өмірімізге өзгерістер енгізіп отыр. Соның салдарынан осымен екінші жыл қауіпсіздік шаралары ескеріліп, «Nur Sunqar» сыйлығын табыстау онлайн-форматта өткізіліп жатыр. Биыл конкурсқа қатысу үшін 291 материал түсті. Конкурстық комиссия жеңімпаздарды 8 номинация бойынша анықтады, олардың есімдерімен ұсынылып отырған бейнероликтен танысуға болады. Еліміздің биылғы мерейтойы ескеріле отырып, Қазақстанның жетістіктері туралы үздік материалға «Тəуелсіздік тағылымы» атты тағы бір номинация тағайындалды. «Nur Sunqar-2021» сыйлығының жеңімпаздарын партия басшылығы атынан және жеке өз атымнан құттықтаймын! Осы мүмкіндікті пайдаланып, медиа саласының өкілдерін кәсіби мерекелері – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен құттықтай отырып, мықты денсаулық, бақ-береке және жаңа шығармашылық жетістіктер тілеймін!», - деп түйіндеді ол.
Партияның баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, «Елбасы салған сара жол» аталымы бойынша «Орталық Қазақстан» газетінің тілшісі Ерсін Мұсабеков жеңімпаз деп танылды. «Тәуелсіздік тағылымы» номинацисымен «Ана тілі» газетінің тілшісі Нұрперзент Домбай және «Аzattyq-ruhy.kz» ақпараттық-сараптамалық агенттігі бас редакторының орынбасары Ардақ Сейітқазин марапатталды. «Телевизия үздігі» номинациясы бойынша «Atameken Business» телеарнасының журналисі Мейрамгүл Мәдәлі марапатталды. Ал, «Партия жаршысы» аталымына қазылар алқасы «Хабар» агенттігінің тілшісі Ирина Камышованың еңбегін лайықты деп бағалады. «Nur Sunqar» байқауының «Блогосфера үздігі» мүсіншесі «Newsroom.kz» порталының бас редакторы Олжас Беркінбаевқа бұйырды. «YouTube Үздігі» деп Нартай Аралбайұлы танылды. «Ұшқыр қалам» номинациясында «Астана ақшамы» газетінің тілшісі Қалиақбар Үсемханұлы жеңіске жетсе, «QazNet Үздігі» номинациясын «Tengrinews.kz» ақпарат порталының тілшілері Ренат Ташкинбаев пен Тұрар Қазанғапов жеңіп алды.