Журналистиканың қоғамдағы рөлі айшықталды

Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік жылдарындағы ақпараттық кеңістік» атты халықаралық ғылыми онлайн-форум өтті.

«Айқап» журналының 110, «Ақиқат» журналының 100, «Жас Алаш» газеті мен «Қазақ радиосының» 100 жылдығына орайластырылған ауқымды шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, танымал БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынды ашқан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев қазақ журналистикасының тарихына тоқталды. Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Ғани Мұратбаев, Ілияс Жансүгіров, Ахмет Байтұрсынов сынды қазақ журналистикасының майталмандары мен мақтаныштарын, көрнекті редакторлар мен журналистерді еске алды.

79728

Форум аясында Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп пен Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманов баяндама жасап, журналистиканың қоғам өміріндегі маңызын ашып көрсетті. Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшілігінің баспасөз атташесі Әйгерім Сейсембаева заманауи публицистиканың өзекті мәселелерін саралады.

Сөз сөйлеушілер тәуелсіз елмен бірге журналистика да өсті, ал БАҚ өкілдері өздері оқыған және жоғары білікті маман ретінде қалыптасқан дәстүрлерге ыждаһаттылықпен қарап, сақтай алды деген пікір айтты.

Іс-шарада қазіргі журналистиканың қоғамдағы орны кеңінен талқыланды. Пандемияға қарамастан, тікелей эфирде жұмыс істеп, оқырмандар мен көрермендерге шынайы ақпарат беріп жатқан журналистер қауымының еңбегі де айтылды.

79729

Сондай-ақ қатысушылар ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің кәсіби маман даярлаудағы үлесін атап өтіп, сол журналистердің отандық БАҚ-та және ел атынан шетелдерде абыроймен қызмет етіп жүргенін тілге тиек етті.

Еліміздің алғашқы журналистика факультетінің 87 жылдық мол тәжірибесі – алдыңғы толқын өкілдерін есте сақтайтын әрі құрметтейтін және уақыттың кез келген сын-қатерлеріне төтеп беретін нағыз мамандардың дәл осында, қара шаңырақта даярланатынын көрсетіп берді.

Back to top button