Сынықшының салғырттығы: Маңғыстау облысында 8 жастағы бала бір қолынан айырылды
Сынықшының салғырттығы: Маңғыстау облысында 8 жастағы бала бір қолынан айырылды
Маңғыстау облысында 8 жастағы бала бір қолынан айырылды. Оған сынықшының салғырттығы себеп болыпты. Дәрігерлер тіпті баланың өзін әрең аман алып қалған.
Бұл туралы Азамат Сәрсенбаева желідегі парақшасында жазды.
2021 жылғы 17 маусымда Қызылсай ауылының тұрғындары 8 жастағы баласымен Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының жедел жәрдем бөліміне жүгінген. Дәрігерлер шұғыл түрде балаға "оң қолы шынтағына дейінгі гангрена" деген диагноз қойыпты. Өкінішке қарай, қолды аман алып қалу мүмкін болмады, сондықтан оң қолды шынтағына дейін кесу үшін хирургиялық операция жасалды.
Ата-аналардың айтуына қарағанда, операциядан екі апта бұрын бала велосипедтен құлап, қолын сындырып алған. Содан кейін баланы жергілікті "емшіге" апарған, ол қолын тексеріп, таңғаннан кейін баланы үйіне жіберген. Он күннен кейін нәрестенің оң қолы көгере бастады. Содан кейін ғана баланың ата-анасы дәрігерлерге жүгінді. Қазір сәбидің жағдайы жақсы. Жақын арада оны дәрігерлер тексереді, – деп жазды Азамат Сәрсенбаев.
Анасының сөзінше, ұлы велосипедтен құлап, қолын сындырып алған. Ата-анасы дереу сынықшыға апарып, ұлының қолын салдырған.
Балам қолын сындырып алды. Үйдің жанындағы сынықшыға бардық. Бірінші күні қолын салды да, үш күннен кейін келіңдер деді. Оған дейін қолы қарайып келе жатты. Үшінші күні барғанда да енді 21 күннен кейін келесіңдер деді. Оған дейін қолы көгеріп, ісуі мүмкін деді. Біз соған сендік. Ұлымның қолы кейде ауырды. Қарая бастады. Бір күні ол саусағын ұстағанда сезбей қалды. Жансыздана бастады. Сол кезде дәрігерге апардық, – деді анасы.
Дәрігерлер баланы ауруханаға кешіктіріп әкелгенін айтады. Ісік денеге тарап кетпес үшін бір қолын кесуге тура келді.
Біз барлық жағынан тексеріп көрдік. Бірнеше дәрігер қарады. Асқынып кеткен. Сондықтан амал жоқ, қолын кестік. Әйтпегенде ісік денеге тарап, баланың өміріне қауіп төнер еді, - деді балалар дәрігері Қайрат Құрманов.
Дәрігер оқыс жағдайда емші, сынықшыға емес баланы дереу ауруханаға әкелуге кеңес береді.
Қазір ХХІ ғасыр. Сынықшыға сенуге болмайды. Ісік денеге тарап кетсе, қауіпті. Қанша жақсы мамандар бар. Сынықты да салады, емдеп береді. Қолды да аман алып қалуға болады. Дер кезінде ауруханаға әкелу керек, – деді дәрігер.