Жақында Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Асанов "Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс" туралы екі күндік семинар өткізді. Президент Әкімшілігінің ұсынысымен өткізілген дәрісте жаңа заңның ерекшеліктері, маңызы, азаматтар, кәсіпкерлер құқықтары, мемлекеттік органдар жауапкершілігі,т.б. жан-жақты түсіндірілді.
Семинарды орталық және жергілікті атқарушы органдар басшылары онлайн режімінде тыңдады. Біз осы лекцияда айтылған маңызды мәселелерді оқырмандар назарына ұсынып отырмыз. "Қазіргі кезде сот дауды Азаматтық процестік деген кодексте белгіленген тәртіппен қарайды. Ол Кодекстің ерекшелігін айтайын, – деп сөзін сабақтады Жақып Қажыманұлы. – Біріншіден, екі тарап тепе-тең. Сот процесі жарыспалы түрде өтеді. Кімнің дәлелі мықты, кім сотты барынша сендіреді, сол дауды жеңіп шығады. Екіншіден, сол әкімнің шешімі дұрыс еместігін сот процесінде арыз иесінің өзі дәлелдеуі тиіс. Ал, жай адам мен кәсіпкерді қолында билігі бар органмен салыстыруға бола ма? Әрине, болмайды. Оның толған заңгерлері бар, мүмкіндігі көп. Оған дәлел – статистика. Даулардың 85 пайызы мемлекеттік органдардың пайдасына шешіледі. Әрине, осылай болған соң соттарға, жалпы билікке жұрттың өкпесі қара қазандай. Ал, жаңа ӘРПК (АППК) бойынша даулар мүлдем басқа принциптермен қаралады АПК-ке (ГПК) қарағанда. Тараптар тең емес. Сот арыз иесіне барынша көмектеседі. Сол әкімдіктің шешімі заңды ма, заңсыз ба, оны дәлелдейтін енді талапкер емес. Себебі, ол шешімді қабылдаған әкімдіктің өзі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы алғашқы Жолдауында әкімшілік әділетті енгізуді тапсырды. Бұл – өте маңызды, ірі реформа. Яғни, «Халық үніне құлақ асатын мемлекетті» құрудың ең тиімді құралы. Халықаралық сарапшылардың айтуынша, біздің ӘРПК посткеңестік аумақта ең мықты, ең прогрессивті. Бұл біріншіден. Екіншіден, осы Заңды орындататын арнайы соттарды құрдық: аудандық деңгейде, облыста және Жоғарғы Сотта арнайы алқа құрылды. Мұның қажеттілігі қандай? Бүгін соттарда неше түрлі істер қаралады: отбасылық даулар, көршілер, кәсіпкерлер арасындағы, жұмыстан шығару, толып жатқан басқа да даулар. Одан бөлек мемлекеттік органдармен соттасу да аз емес: салық, экология, интеллектуалдық меншік, айта берсек, олар да көп. Енді әкімшілік соттар тек ӘРПК-мен жұмыс істейді. Азаматтар мен кәсіпкерлердің әкімшілік органдарға қарсы жазған арыздарын қарайды. Осылай әбден маманданып, әділ шешім шығару үшін, халықты әкімшілік органдардан қорғау үшін жағдай жасаймыз. ӘРПК 1-шілдеден бастап жұмыс істей бастайды. Сот процесінде судья белсенді болмақ. Біріншіден, АПК-мен салыстырсақ, әкімшілік сот судьяларының құзыреті кең. Олар арызда қойылған талап шеңберінен шыға алады. Істің анық-қанығына жету үшін ол нені зерттеймін десе де өзі біледі. Сөйтіп, судьяның айтуымен арыз иесі талабын өзгертіп, сот мәселесін шешеді. Ал, қазіргі АПК талабы бойынша талабыңды өзгерт деп айтуға соттың құқысы жоқ. Екіншіден, сот дәлелді жеткіліксіз деп таныса, өз бетінше қосымша деректерді сұрата алады, істің анық-қанығына жетуге ұмтылады. Ал, бүгінгі АПК бойынша ол тек тараптардың берген құжаттарының негізінде шешім шығарады.Нұрлан ҚАЛҚА. Нұр-Сұлтан қаласы.