Жаңалықтар

«Қазақстан барысы» ұлттық жобасына - 10 жыл

ашық дереккөзі

«Қазақстан барысы» ұлттық жобасына - 10 жыл

Qazaq kuresi қауымдастығының бас директоры Абат Имамбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ел халқын «Қазақстан Барысы» турнирінің 10 жылдығымен құттықтады. Оның айтуынша, осы кезеңде қазақ күресін ел ішінде кеңінен насихаттап келе жатқан «Қазақстан Барысы» жобасының танымалдылығы артып, өзіндік дәстүр қалыптасты. Турнир халық өнерін жандандыру және ұлттық ойындарды насихаттау бойынша жарыстың бір түріне айналды. Жыл сайын жобаның қарқыны артып, көрермендер саны көбеюде. «Қазақстан Барысы» турнирі өскелең ұрпақтың қазақ күресімен айналысуына үлкен серпін берді. Қазақ күресі жастардың тұлға болып қалыптасуындағы тәрбиелік орны ерекше. Сондықтан, мыңдаған спорт сүйер қауым «Қазақстан барысы» турнирін асыға күтуде, ал спортшылар жарысқа тыңғылықты дайындықпен келеді. Биыл республикалық турнирде 37 балуан бақ сынайды», - деді спикер. Айта кетейік, турнирдің арқасында өскелең ұрпаққа үлгі болатын жеке тұлғалар қалыптасты. Мысалы, жобаның үш дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев өз өңірінде спортты дамытып, алғашқы жеңімпазы Ұлан Рысқұл қазақ күресін халықаралық деңгейде насихаттауға үлес қосты. Турнирдің екі дүркін жеңімпазы Айбек Нұғымаров білім беру саласында жауапты қызмет атқарады. Мұхит Тұрсынов - Ұлттық құраманың мүшесі, тәжірибелі балуан. Лондон Олимпиадасының қатысушысы Ержан Шынкеев те «Қазақстан барысы» белбеуінің иегері. Еламан Ерғалиев - қазақ күресінің дәстүрін дамытуды жалғастыруда.