Жаңалықтар

Мемлекет басшысы ауыл әкімдерін сайлау мәселелері жөнінде кеңес өткізді

ашық дереккөзі

Мемлекет басшысы ауыл әкімдерін сайлау мәселелері жөнінде кеңес өткізді

Мемлекет басшысы облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерімен ауыл әкімдерін сайлау мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Жиынға Президент Әкімшілігі мен Үкіметтің басшылық құрамы да қатысты. Мемлекет басшысы Қазақстан халқының 40 пайыздан астамы ауылда тұратынына тоқталып, бұл саяси шара, ең алдымен, ауыл тұрғындарының мүддесі үшін жасалып жатқанын жеткізді. – Алдағы сайлау біз жүзеге асырып жатқан саяси реформаларға тың серпін береді деп сенемін. Сондай-ақ тұрғындарды ел басқару және шешім қабылдау үдерісіне тартуға жол ашады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы партиялық бәсекені күшейту мәселесіне назар аударды. Партиядан үміткер ұсыну мемлекеттің институционалдық тұтастығын бекемдей түседі және саяси үдерістің барынша ашық болуына септігін тигізеді. Осыған байланысты Президент санитарлық-эпидемиологиялық шектеулердің жиі бұзылып жатқанын және халықты вакциналау қарқынының бәсеңсіп қалғанын айтты. – Әкімдер азаматтарға екпе салу науқанынан шеттеп қалған сияқты. Әлеуметтік нысандардың, бизнес кәсіпорындардың және жалпы елдің экономикасы вакциналаудың сәтті жүргізілуіне тікелей байланысты екенін түсіну керек. Қазір жаппай вакциналау науқаны әкімдер жұмысының ең маңызды міндеттерінің қатарында болуы қажет. Сіздер барынша белсенділік танытып, азаматтарды вакциналау науқанына өздеріңіз жетекшілік етулеріңіз керек, – деді Президент. Мемлекет басшысы өткен жылыту маусымы барысында болған оқыс оқиғалар, өрт және технологиялық апаттар мәселесіне баса мән берді. Президент төтенше жағдайлардың салдарын жедел жою жұмыстарын қамтамасыз ету жөнінде түбегейлі шаралар қабылдаудың қажеттігіне назар аударды. Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық мүлікті бүлдіру, бұзақылық және вандализм сияқты оқиғалардың жиілеп кеткеніне тоқталды. – Жуырда елордада мас адам лифтідегі мониторды сындырғаны үшін оған 14 мың теңге ғана айыппұл салынған. Бұлай болмайды. Мұндай іс-әрекет үшін кемінде 15 тәулікке қамау керек немесе 1 жылға түзету жұмыстарына салу жөнінде жаза кесу қажет. Мұндай жағдайларға мүлдем төзбеу керек. Жеңіл жаза жарамайды. Ал іс жүзінде жазаламау салдары құқық бұзушылық пен қылмыстың одан әрі өршуіне алып келеді. Сондықтан осы мәселе бойынша заңнаманы қатаңдату керек, – деді Президент. Іс-шара барысында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин және Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Мемлекет басшысына ауыл әкімдерінің алдағы сайлауына дайындық барысы және өңірлерді дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалуы туралы баяндады.