23 маусым: ел тарихындағы елеулі оқиғалар күнтізбесі

23 маусым: ел тарихындағы елеулі оқиғалар күнтізбесі

23 маусым: ел тарихындағы елеулі оқиғалар күнтізбесі
ашық дереккөзі

1993 жылы ҚР Президентінің өкімімен Алматы шет тілдері педагогикалық институты Қазақ мемлекеттік әлем тілдері университеті болып қайта құрылды. (Қазіргі «Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті» АҚ).

1995 жылы «Қазпошта» АҚ «Қазақстан сурет өнері» тақырыбында маркалар сериясын шығарды. Маркаларда суретшілер Ә. Қастеев, С. Мәмбеев, Ж. Шарденов, Г. Исмаилова және К. Телжановтың туындылары бейнеленген. 2010 жылы Иорданияның астанасы Амман қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен аталған көшенің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шара иордан фольклорлық ансамблінің өнер көрсетуімен басталды. Амман қаласының мэрі мен Астана қаласының әкімі салтанатты жағдайда Н.Назарбаевтың есімі жазылған тақтайшаның шымылдығын ашты. 2010 жылы Душанбеде тәжік тіліне аударылған Абайдың «Қара сөздері» «Панднома» деп аталатын кітап болып басылып шығып, Тәжікстан Журналистері одағында тұсауы кесілді. Бұл – Қазақстан Республикасы Елшілігінің, Тәжікстан журналистер одағының және «Тәжікстан-Қазақстан» достық қоғамының бірлескен жобасы. 2013 жылы Нью-Йорк штатының астанасы Олбани қаласында Түркі халықтары күні мерекеленді. Келушілер назарына Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Түркия елдерінің дамуы жөнінде ақпарат ұсынылды. 2015 жылы Алматыда Қазақстандағы алғашқы Аутизммен ауыратын балаларға арналған орталық ашылды. Орталықта 40 маманнан құралған дисциплинааралық команда жұмыс істейді. 2015 жылы РФ Астрахан облысындағы Калинино ауылындағы мектепке қазақ ғалымы, академик Ережеп Мәмбетқазиевтің аты берілді. Мұндай шешімге ауыл тұрғындары бірауыздан келген. Химия ғылымдарының докторы, ғұлама ғалым Ережеп Мәмбетқазиев осы ауылдағы мектептің түлегі. Академик Ережеп Әлхайырұлы Мәмбетқазиев Қазақстанның тұңғыш білім және ғылым министрі, ҚР Жоғарғы кеңесінің 12 шақырылымының депутаты болған. 2016 жылы Мехикода Қазақстан Республикасының Мексика Құрама Штаттарындағы елшілігінің ресми инаугурациясы өтті. Оған қазақ диаспорасының өкілдері, сыртқы саяси ведомство басшылығы, мемлекеттік органдардың, парламенттің, дипломатиялық корпустың өкілдері, Латын Америкасында және Кариб бассейнінде ядролық қаруды таратпау жөніндегі агенттіктің басшылығы қатысты. 2018 жылы Петропавлда жеке қаражат есебінен ұлы ақын Мағжан Жұмабаевқа ескерткіш орнатылды. Ескерткіштің авторы атақты қазақстандық мүсінші Едіге Рахмадиев. Ескерткіш қоладан жасалған, биіктігі – 270 см. Тұғыры – гранит, биіктігі – 200 см. 2019 жылы «Композитор» қазақстандық-қытайлық фильмінде композитор Бақытжан Байқадамовтың қарындасының рөлін сомдаған қазақстандық актриса Ділназ Нұрсейіт XXII Шанхай халықаралық кинофестивалінде «Үздік жаңа актер» номинациясында CCTV-6 телеарнасының сыйлығын алды. Тұңғыш рет Қазақстан мен Қытай бірлесіп түсірген Композитор» фильмі танымал қытай музыканты Сянь Синхай мен қазақстандық композитор Бақытжан Байқадамовтың берік достығы туралы.