Рим 2024 жылғы олимпиаданы өткізуден ресми түрде бас тартты

Рим 2024 жылғы олимпиаданы өткізуден ресми түрде бас тартты

Рим 2024 жылғы олимпиаданы өткізуден ресми түрде бас тартты
ашық дереккөзі
Италия ұлттық олимпиада комитеті 2024 жылғы олимпиада ойындарын өткізу үміткерлігінен Рим қаласының кандидатурасын ресми түрде алып тастады. Бұл туралы BBC орыс қызметі хабарлайды. «Бүгін біздің өтінішімізді алып тастау туралы Халықаралық олимпиада комитетіне хат жаздым», – деп мәлімдеді комитет басшысы Джованни Малаго. Ал Рим қаласының мэрі қызметіне осы жылдың маусым айында сайланған Вирджиния Раджи сайлауалды кампаниясы кезінде-ақ Италия астанасында олимпиада өткізуді қолдамайтынын айтқан еді. 21 қыркүйек күні ел астанасы енді олимпиада ойындарын өткізуге үміткер болмайтындығын жариялады. Кейін бұл шешімге қалалық кеңес отырысында ратификация жасалғанмен, Ұлттық олимпиада комитеті қарсылық білдірген еді. Бұдан бұрын Вирджиния Раджи Римнің миллиард доллар қарызы бар екенін, сол себепті олимпиада өткізу үшін жасалатын қымбат инвестиция тартуға жағдайы жоқ екенін айтқан болатын. Оның ойынша төрт жылдықтың басты додасын өткізу үшін ақша жұмсағанша, қоқыс жинау мен жемқорлықпен күреске қаржы бөлген тиімдірек. 2024 жылғы жазғы олимпиада және паралимпиада ойындарын өткізетін қала 2017 жылы 13 қыркүйекте белгілі болады. Қазіргі таңда үміткер ретінде Лос-Анджелес, Париж және Будапешт қалалары қалып отыр.