Жаңалықтар

Дархан Мыңбай Ақпарат және қоғамдық даму саласындағы қоғамдық кеңестің төрағасы болып сайланды

ашық дереккөзі

Дархан Мыңбай Ақпарат және қоғамдық даму саласындағы қоғамдық кеңестің төрағасы болып сайланды

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде онлайн форматта және жаңартылған құрамда Ақпарат және қоғамдық даму саласындағы қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Бұл туралы аталған министрліктің Facebook әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында хабарланды. Атап айтқанда, «Қоғамдық кеңестер туралы» ҚР Заңына сәйкес Қоғамдық кеңес мүшелерін сайлау туралы конкурс өткізіліп, құрамының үштен бір бөлігі жаңартылған болатын. Консультативтік-кеңесші органның құрамына Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Вера Ким, «Zertteu Research Institute» қоғамдық қорының директоры Шолпан Айтенова, Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының президенті Зәуреш Батталова, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының директоры Рауан Кенжеханұлы, «Қазақстанның азаматтық альянсы» ЗТБ төрағасы Бану Нұрғазиева, «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте мен «Ахыска» түрік этномәдени орталығының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Әскер Пириев және т. б. белгілі қайраткерлер мен үкіметтік емес сектордың өкілдері кірді. Қоғамдық кеңес отырысының барысында 2021 жылдың екінші жартыжылдығына арналған жұмыс жоспары талқыланды. Қоғамдық кеңес мүшелері дін саласында жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясат, АБҚО қызметі жөніндегі мәселелерді қарау және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын талқылау туралы ұсыныстар енгізді.