Цой коронавирустың Үнді штаммы анықталғанын растады
Цой коронавирустың Үнді штаммы анықталғанын растады
Елордада коронавирустың Үнді штаммы анықталды. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Нұр-Сұлтан қаласында КВИ-мен ауырған науқастан алынған оң зертханалалық үлгіге ПТР скрининг жүргізу нәтижесінде «дельта» штаммына немесе Үнді штаммына тән ықтиамал мутация анықталды. Коронавирустың «дельта» штаммы тез жұғады. Таяуда жүргізілген зерттеулер коронавирустың Үнді штаммы емханаға түсу және өлім-жітімнің жоғары болуымен байланысты екенін көрсетті», - деді министр.
Сонымен қатар оның айтуынша, бұл мутацияны жұқтырғандарда буындар мен іштің қатты ауруы, есту қабілетін жоғалту сынды қосымша симптомдар тән болып отыр.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, SARS-CoV-2 «дельта» штаммы әлемнің 74 елінде анықталып отыр. Үнді штаммына тән тез жұғу, аурудың ауыр өтуі сынды белгілерді ескере отырып, өңірлер дәрілік заттардың жеткілікті қорын, өкпені жасанды желдету аппаратына арналған материалдарды, жеке қорғаныш заттарын, резерв төсек-орын қорын қамтамасыз етіп, КВИ жұқтырған науқастарға медициналық көмек көрсету үшін жедел жәрдем қызметі мен бригадаларды дайындауы керек», - деді Алексей Цой.