22 маусымда қандай тарихи оқиғалар болды?
22 маусымда қандай тарихи оқиғалар болды?
1992 жылы Қазақстан мен Қытай арасында темір жол магистралі ашылып, «Жібек жолы» халықаралық жолаушылар пойызы Алматыдан Үрімжіге сапар шекті.
1992 жылы ҚР мен Австралиялық Одақ екі тарап арасында дипломатиялық қатынастың орнауы туралы нота алмасты.
1993 жылы Қызылордада орысша-қазақша сөздік шығарылды. Онда дене шынықтыру және спорт саласындағы 2500 сөз бен термин болды.
1994 жылы А.Селезнев атындағы Алматы би өнері училищесінің негізінде Алматы би өнері мектебі ұйымдастырылды. Екі жылдан кейін мектеп Т.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтының құрамына би өнері факультеті болып қосылды.
1998 жылы Қытайда Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Абай туралы сөз» атты кітабы жарық көрді.
1999 жылы Петропавл қаласының театр алаңында Қарасай мен Ағынтай батырлардың ескерткіші ашылды.
2005 жылы Елбасы «Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Жапония Үкiметi арасындағы Техникалық ынтымақтастық туралы келiсiмдi бекiту туралы» Заңға қол қойды.
2006 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Заң атқарушылық іс жүргізуді жетілдіруге бағытталған.
2006 жылы Астанадағы Ресей мәдениет және ғылым орталығында профессор, «Мемориалды аймақ» іздестіру тобының жетекшісі Майдан Құсайыновтың «Үміт» мемориалдық аймағы» атты еңбегінің таныстырылымы болды. Аталмыш еңбекте Ленинград шайқасы кезінде қаза болған жауынгерлерді іздестіру жұмыстары бойынша барлық материалдар топтастырылып, «Үміт» мемориалды аймағында орнатылған жол нұсқаушы белгілер, жеке заттары бойынша табылған 404 жауынгердің есімдері, сондай-ақ ТМД елдеріндегі 67 іздестіру тобының тізімі берілген.
2010 жылы Алматыда «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Қазақстандағы шағын және орта кәсіпкерлік саласында болып жатқан экономикалық үрдістерді талдаудың геоақпараттық жүйесін іске қосты.
2010 жылы Алматыда Дүниежүзілік босқындар күні мен БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары Басқармасының 60 жылдық мерейтойына және Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету құрметіне арналған «Мені баспанасыз қалдырса да, болашағыма ешкім қол сұға алмайды» деген тақырыпта фотокөрме ашылды.
2011 жылы Алматыдағы 28 гвардияшыл-панфиловшылар саябағында мемориалды тақта ашылып, Ржев қаласында қаза тапқан 100-ші, 101-ші жеке атқыштар бригадасын еске алу мақсатында «Бауырластар зиратынан» әкелінген капсула жерге көмілді.
2011 жылы Ле Буржедегі 49-авиағарыш салоны аясында Қазақстанның Республикалық Ғарыш байланысы орталығы мен Ресейдің Решетнев атындағы Ақпараттық спутник жүйесі» компаниясы қазақстандық «Қазсат 3» спутнигін жасау және ұшыру туралы келісімшартқа қол қойды.
2012 жылы Өскемендегі конденсатор зауытында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевқа ТМД-ның өзге елдерінде жоқ жаңа өнім таныстырылды.
2012 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Өскемен қаласындағы жоғары вольтті және төмен вольтті электротехникалық және стандартты емес құрылғылар шығаратын «КЭМОНТ» зауытында болды. Мемлекет басшысына кәсіпорынның өндірістік цехтары, түрлі өндіріс салаларында кеңінен қолданылатын өнімдер таныстырылды.
2012 жылы Астана қаласының әкімдігі «Қазақтың 1000 күйі» жинағын шығарды.
2013 жылы Түркия астанасы Анкарада ҚР елшілігі шығарған түрік тіліндегі «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - әлемдік масштабтағы көшбасшы» кітабының тұсаукесері өтті.
2014 жылы Ұлы Жібек жолы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұрасы нысанына айналды. Қазақстан, Қытай және Қырғызстан мемлекеттерінің Жібек жолын Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізу туралы бірлескен өтініші Дохада (Катар) өткен Біріккен Ұлттар Ұйымы комитетінің білім, ғылым және мәдениет мәселелері бойынша 38-інші сессиясында мақұлданды. Өтінішке Жібек жолында орналасқан 33 тарихи ескерткіш енгізілді, соның 22-сі Қытайда, 8-і Қазақстанда және үшеуі Қырғызстанда орналасқан.
2015 жылы Ұлттық ғылыми медицина орталығы «Еуропалық сапа көшбасшысы» марапатына ие болды.
2015 жылы Женевадағы Жұмыс тобының соңғы отырысында Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі бойынша келіссөздердің аяқталғандығы ресми түрде жарияланды. Қазақстан ДСҰ-ының 162-інші мүшесі атанды.