Жаңалықтар

Канализация суын ішуге мәжбүр халық жолды жауып наразылық білдірді

Жергілікті билікке жағдайларын айтып шырылдағанымен, құлақ асатын бір атқа мінердің табылмағанына 5 жылдың жүзі болған

Түркістан облысы Төле би ауданның тұрғындары әкімдік өкілдеріне базыналарын жеткізу үшін жолды жауып тастады.

Шенеуніктер қарапайым халықтың жағдайын ойлаудың орынына байлардың ақшасына байланып қалған, дейді. Себебі, ауылдың жоғарғы жағында орналасқан демалыс аймақтарының басшылары таудан келетін суды бассейндерге бұрып алып, елдімекендерді аптап ыстықта қаңсытып қойыпты.

Онымен қоса лас суларын төмен қарай ағызып ойларына келгенді істеп отыр деп ашынады.  Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлайды.  

Таңертеңнен демалыс аймақтарына баратын жолды жапқан халықтың шыдамы шегіне жеткен. Олардың айтуынша, демалыс орындарының басшылары таудан келетін судың арнасын бассейндерге бұрып алып, төмендегі ауылдарға тіршілік нәрін жеткізбей қойыпты. Тіпті, канализациядан шыққан лас суларын ағызып, халықты әбден әбігерге түсірген. Жергілікті билікке жағдайларын айтып шырылдағанымен, құлақ асатын бір атқа мінердің табылмағанына 5 жылдың жүзі болған.

Олардың канализациясы жоқ. Мусорларының бәрін шығарады оны біз ішеміз. Енді сол мусор су да жоқ бізде. Бассейн толтырып жатыр, су ішіп жатыр. Ал бізде халықта су жоқ. Адам шомылады бізде су жоқ. Байлар бәрін жауып алған, суларды алып алған бөлек-бөлек, дейді Клара Ералиева есімді ауыл тұрғыны.

Төле би ауданына қарасты үш ауылдың жыры мұнымен бітпейді. Елдімекен іргесіндегі жерлердің көбісі жекенің қолына сатылып кетіп, салдарынан жайлым жер де қалмаған. Ал, ауыз суға зар болып отырған кезде, суармалы суды сұрауға ұялатын шаққа жеттік дейді тұрғындар.

Бір сағатқа жуық жолды жауып тастаған тұрғындармен кездесуге келген аудан әкімінің орынбасары су мәселесін бір аптада шешіп беремін деп, жиналғандар алдында ант-су ішті. Деседе, кәріз жүйесінен ағып жатқан лас суды бірінші рет естіп тұрмын деп айды аспаннан бірақ шығарды.

Сонымен аудан басшылығы бір апта ішінде жағдайды ретке келтіреміз деп уәде берді. Енді ашуға булыққан тұрғындар шенеуніктің сөзіне сенбесе де, бір жұма күтуге дайын екендерін жеткізді. Ал, уәде сол күйінде орындалмай қалатын болса,  демалыс аймақтарына баратын жолды бетондап жауып тастаймыз деп тарқасты.

Back to top button