Жаңалықтар

Зейнетақы заңнамасына түзетулер енгізілгені туралы ақпарат жалған – министрлік

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс берушілердің 5 пайыздық міндетті зейнетақы жарналарын енгізу мерзімі өзгертілетінін жоққа шығарды.

«Зейнетақы заңнамасына жаңа түзетулер әзірлеу туралы БАҚ-та таратылып жатқан ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», – деп жазылған министрліктің баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Ведомство таратқан ресми ақпаратқа сүйенсек, БАҚ-та сараптамалық пікір негізінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс берушілердің 5% мөлшеріндегі міндетті зейнетақы жарналарын енгізу туралы заңнамалық түзетулер әзірлегені туралы ақпарат тараған.

«2018 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарын енгізуді жүзеге асыру жоспарланған болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2019 жылы заңнамалық түзетулер қабылданды. Ол бойынша жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарын енгізу мерзімдері 2023 жылға ауыстырылды. Сондай-ақ, 2019 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Үкіметі жанынан зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту, оның ішінде ЖМЗЖ енгізу мәселелерін қарау жөніндегі жұмыс тобы құрылды», – деп жазады министрліктің баспасөз қызметі.

Бұл жұмыс тобы әзірлеген ұсыныстарды Мемлекет басшысы қолдаған болатын.

«Ұсынылған шаралардың бір бөлігі заңнамалық деңгейде де, практикалық тұрғыда да іске асырылды. Мысалы, 2021 жылдан бастап азаматтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, емделудің ақысын төлеуге, қаржы ұйымдарының басқаруына беруге мақсатты пайдалану мүмкіндігі берілді. Қолданыстағы заңнама бойынша жұмыс берушілер 2023 жылдан бастап өз қаражаты есебінен жұмыскерлерінің пайдасына ЖМЗЖ аударатын болады. Бұл ретте жұмыс берушіге жүктеме, оның ішінде МЗЖ төленген соманы салық салынғанға дейінгі шегерімге жатқызу бөлігінде Салық кодексінің шеңберінде көзделген жеңілдіктердің есебінен қолайлы деңгейде қалады», – деп жазылған ресми ақпаратта.

Back to top button